Шымкент қаласында дәмханалар мен асханалар да ашылды. Ал, оған арнайы келген тұрғындарда есеп жоқ. Күннің ыстық болуына қарамай көшеге шыққан олар жаппай жазғы орындықтарға жайғасқан. Шымкенттіктер сөзінше бұл күнді олар төтенше жағдай режимі басталғалы асыға күткен.
Шымкентте қоғамдық тамақтану орындары ақыры ашылды. Қаладағы бұл жаңалықты тұрғындар асыға күткен сыңайлы. Себебі бүгін шаһардағы ас ішетін орындардың ешқайсысы бос емес. Бірі отбасымен қыдыруға, енді бірі дос-жаранымен кездесуге келген. Көшедегі тағамды да сағындық деген олар еркіндікке шыққандаймыз деп мәре-сәре.
Дәмхана, асханалардың ашылғанын тек шаһар тұрғындары емес, кәсіпкерлердің өздері де тағатсыздана күткенін жасырмайды. Себебі екі ай бойы үйде отырып, қалтадағы қаржылары да жұқарған. Клиенттердің әрқайсысын сағындық деген қожайындар талаптарды да бұлжытпай орындауға дайынбыз дейді. Себебі көрінбейтін дерт кесірінен қайта үйде отыруға құлықтары жоқ екен.
Айта кетейік, бұған дейін қаланың бас санитары ашылатын дәмханаларға шарт қойған еді. Онда тағамдардың бірреттік ыдысқа салып берілуі бекітілген болатын. Алайда, мұндай ережені кәсіпкерлер естімепті.
Тазалық мамандары болса, бірреттік ыдысты қолдануды былай қойғанда оны қоқысқа тастаудың да өз заңы бар екенін айтады. Оны сала мамандары әлі арнайы тексеруге де шығамыз деп дайындалып отыр.
Айта кетейік, Шымкентте бүгін қоғамдық тамақтану орындары араға екі ай салып қайта жұмысын бастады. Алайда онда 50 адамнан артық жиналуға болмайды. Және кешкі 21 :00-ге дейін жабылуы тиіс. Сондай-ақ, той, туған күн, құдалық сынды отбасылық жиындар өткізуге әлі рұқста берілген жоқ.
Назерке Үкібасова