Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Шымкентте балаларға арналған оңалту орталығының жаңа корпусы ашылды.
60 орындық медициналық мекемеде сал ауруына шалдыққан, кардиологиялық және ортопедиялық оталар жасалған ұл-қыздар ем дом қабылдайды. Мұнда емдеу дене шынықтыру кабинеті, гидромассаж және ванна қабылдайтын арнайы бөлмелер қарастырылған.
Айгүл Сапарғалиева, №2 оңалту орталығынның бас дәрігері: «Орталықта портал арқылы, не учаскелік педиатрдың жолдамасы арқылы емделуге болады. Барлық зерттеулер жиынтығымен бірге КОВИД-ке тапсырған анализдің қорытындысы болуы тиіс. Ол 5-7 күндік болуы шарт. Сондай-ақ, ем қабылдайтын баланың қасындағы туысының тиісті құжаттары болса, ол кісі бізде тегін жатады».
Орталыққа келген балалармен дефектологтар, логопедтер, педагогтар мен психологтар жұмыс істейді. Кешенді ем-дом 18 күнге жалғасады. Осы уақыт аралығында ем алушылар жаңа корпуста тұруы қажет.
Шынар Оразова