Шымкентте кәсіпкер болам деушілерге грант бөлу басталды. Биыл ол үшін бюджеттен 800 млн-ға жуық теңге қаралған. Бұл қаржы барлығы 1500-ге жуық азаматқа бөлінбек.
Қаланың жұмыспен қамту басқармасы өкілінің айтуынша өтініш берушілердің басым бөлігі нәзік жандылар. Олар негізінен тігін ательесін, кондитерлік өнімдер мен шаштараз ашуға ниеттенген.
Жеке кәсіп ашам деген шымкенттіктерді оқыту басталды. Биыл жобаға тіркелу мен оқу онлайн өтеді. Ол үшін ниет білдіргендер алдымен Жұмыспен қамту орталығынан оқуға жолдама алу керек. Барлығы 5 кезеңнен тұратын оқыту жыл соңына дейін жалғаспақ. Осылай деген ұйымдастырушылар 2020 жылы сұраныстың әлдеқайда артқанын айтады.
Олжас Жансейітов, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының өкілі: «Оқуға 18 жастан зейнетке дейінгі тұлғалар өтініш бере алады. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасы мүшелері мен көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар және қоныс аударушылар да өтініш бере алады».
Ал, кәсіпкерлік сауатын ашқан соң оқуға қатысқандар белсенділігіне қарай сертификат алады. Оның ішінде бизнес жобасы барлар грант алуға таласқа түседі. Айта кетейік, биыл Шымкентке болашақ кәсіпкерлер үшін 1491 грант бөлінген. Бүгінде оның 623 қаралып үлгеріпті. Оның ішінде 331 аз қамтылған отбасы мүшесі, 116 көпбалалы аналар, тағы 182 «Бизнес бастауда» оқығандар.
Жанат Өтебаева, Халықты жұмыспен қамту басқармасының өкілі: «Айта кетейік, грантқа берілген қаржы қайтарымсыз. Бірақ, ол алған ақшаны оңды-солды жарата беруге болады деген сөз емес. Яғни, біз енді грантқа ие болғандарды бақылайтын боламыз. Егер заңсыздық орын алса, ақшаны кері қайтарып аламыз».
500 мың теңгеден табысталатын грант қайтарымсыз. Оған негізінен нәзік жандылар ниет білдірген. Шымкенттегі болашақ кәсіпкерлер шаштараз бен тігін ательесін ашып, кондитерлік өнімдер шығаруға қызығады екен. Айта кетейік, қазіргі таңда үшінші мегаполисте 8000 тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген.
Назерке Үкібасова