Шымкентте карантин кезінде ХҚКО-лардан алынған «топ-5» қызмет қайсы?

237
ХҚКО

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент қаласы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы қайта жанданғаннан кейінгі көп сұратылған мемлекеттік қызметтердің рейтингін жариялады.

Рейтинг зерттеулері мамыр айында ХҚО-лар ашылғаннан кейін, азаматтар көбіне жеке куәлік пен паспорт алу үшін жүгінгенін көрсеткен. Алдын ала есептеулер бойынша, 5 мыңға жуық азамат жеке басын куәландыратын құжатын жаңартқан. Екінші орынға автокөлікті қайта тіркеу қызметі енген. Мамыр айының өзінде автокөлік иелері Шымкенттегі мамандандырылған ХҚО-ларында 20 мыңнан астам көлікті қайта тіркеп үлгеріпті.

ХҚО-лардың ашылуын жылжымайтын мүлік иелері де күткені анықталған. Азаматтар жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу қызметі үшін ХҚО-ға 2 мыңнан астам рет жүгінген. Төртінші орыннан жүргізуші куәліктерін ауыстыру және беру қызметі көрініпті. Мамыр айында 6 мыңға жуық құжат рәсімделгені белгілі болып отыр.

Карантиннен кейінгі сұранысқа ие бесінші қызмет – әлеуметтік қауіп-қатер жағдайында әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау қызметі. Бұл негізінен жүктілік және босануға байланысты берілетін төлем екен. Оны 5 мыңнан астам жүкті әйел алған.

Сонымен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент қаласы бойынша филиал басшылығының сөзінше, миллионды қалада ХҚО-ның жұмысы қайта жанданғалы бері 44 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Айта өтетін ақпарат, төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан кейін ХҚО ғимараттарында азаматтардың жиналуын және қызмет алушылардың вирусты жұқтыру жағдайларын болдырмау үшін ХҚО-лар egov.kz порталында қолжетімсіз және тек алдын ала брондау арқылы «қағаз» жүзінде көрсетілетін қызметтерді (106 мемлекеттік қызмет) ғана ұсынады. Ал ХҚО-ға кезекті еgov.kz порталы, eGovKzBot2.0 телеграм-боты немесе 1414 байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы брондауға болады екен.

Мөлдір Бекеева