Шымкентте коронавирус жұқтырған әйел дені сау сәбиді дүниеге әкелді. Анадан балаға инфекция берілмес үшін қалалық перзентханадағы білікті мамандардан құралған дәрігерлік топ жүкті әйелді жұқпалы аурулар ауруханасындағы базасында кесір тілігі арқылы босандырып алған.

24 жастағы әйел салмағы үш жарым келіден асатын сау сәбиді дүниге әкелді дейді дәрігерлер. Дені сау болып туылған қыз баласы қазір қалалық перзентханадағы дәрігерлердің бақылауында болса, коронавирус инфекциясына шалдыққан анасы жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр.

Арайлым, қала тұрғыны: «Бірінші Алланың арқасы. Рақмет барлығыңызға. Операция жасаған дәрігерлерге рақмет айтамын. Қазір қызым перзентханада. Қызымды әлі көрген жоқпын. Бөпемді көргім келеді. Енді ертерек баламды құшағыма алсам деймін».

Әйел адам босанғанға дейін Covid-19 нәтижесі оң болғандықтан, баланың құрсақта коронавирус жұқтырып алу қаупі болғандығын медицина мамандары жасырмайды. Дегенмен, ота сәтті өтіп, анадан балаға инфекция берілмеді. Әрі анасы мен баласының жағдайы қазір жақсы. Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша Covid-19 диагнозы қойылған жүкті әйелдің бірінші босанған жағдайы.

Лаура Нақыпқызы