Шымкентте жөргекке жете алмай жүрміз деген мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі шешілді. Жарты жылдан бері қажетті затты ала алмай жүрген олар арнамызға өткен аптада арызданған еді. Базынасын телеарна арқылы жеткізгеннен соң оларға жөргек таратылыпты. Енді, қаланың жауапты басқармасы мұндай қателікті жібермейміз деп уәде беріп отыр.

Шымкентте жөргекке жете алмай жүрген мүмкіндігі шектеулілер мәселесі ақыры шешімін тапты. Өткен аптада арнамызға арызданған олар жарты жылдан бері тазалық құралын алмағандарын айтқан еді. 6 айдан бері жабық есікті қағудан қажыдық деген жұртқа жөргекті таратуға тиістілер отыратын ғимарат қақпасы ақыры ашылды. Және арманға айналған қажеттілік таратыла бастады.

Ал, жауапкершілікті мойнына алған жеткізуші әу баста тек жеткізуге келіскен едік деп ақталады. Күніне 30-40 тұтынушыға барып үлгереміз деген олар осы уақытқа дейін 700 адамның қажетін өтеп үлгердік дейді. Кезекте әлі 1400 азамат тұр. Жөргек күтуден шаршаған олар ғимаратқа келіп шу шығарды дейді компания өкілі.

Еске сала кетейік, мүмкіндігі шектеулі жандарға жөргектер бұған дейін Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өзінде таратылып келген. Ал, биылдан бастап арнайы жеткізуші мемлекеттік сатып алу арқылы тағайындалыпты. Осылайша басқарма өкілдері жұртты сабылтпай жеткізіп беру жүйесін іске қосқан.

Айта кетейік, Шымкенттегі мүмкіндігі шектеулі жандар әзірге тек жөргек алып үлгерді. Оларға өзге де тазалық заттары мен қоларбалар әлі таратылмаған. Басқарма өкілінің айтуынша аталған заттарға мемлекеттік сатып алу енді өткізіледі.

Назерке Үкібасова