Шымкентте жаңадан төселген жол тұрғындар көңілінен шыққан жоқ. Асфальт сапасына сын таққан жұрт бұл жолы үнсіз қалмады. Мердігер салғырттығын бетіне басқысы келген тұрғындар тіпті арнайы мамандарды шақырды. Нәтижесінде апта бұрын аяқталған жолдың стандартқа сай емес тұстары анықталды.

Жол сапасын тексеру үшін мамандар бұл жолы Ақ-ниет шағынауданы, Шарайна көшесіне келді. Мұндағы көшеаралық жол апта бұрын ғана салынып біткен. Бірақ, тұрғындардың көңілінен шықпапты. Сөздерінше, 12 жыл бойы күткен тегіс жол сапасыз салынған. Оны наразы жұрт қиындықсыз дәлелдеуге болатынын айтады.

Гүлмира Жанысбекова, қала тұрғыны: «Бізге бірінші жауыннан кейін ағып кететін жолдың керегі жоқ. Қазір бәрінің көзі ашық, көкірегі ояу. Көшенің тұрғындары наразылық білдіріп тұрмыз. Бізге стандартқа сай жол керек».

Мақсат Байдуанов, қала тұрғыны: «Бұл асфальтті ешкім қалтасынан істеп жатқан жоқ. Барлығы Шымкент қаласының бюджетінен бөлініп жатқан ақша. Жолдың ақысын жемей, жөндеп істеп берсін. Тар жол. Қазір істеп кетеді. Мына жол бір жыл емес, 5-6 айдан кейін езіледі. Бұның астын таптаған жоқ».

Стандарт бойынша көшеге төселген асфальт қалыңдығы кем дегенде 7 см болуы керек. Бірақ, Шарайнадағы жолдың бір жиегі 11 см болса, тағы бір бұрышы 5 см екен. Мұның себебін мердігер өзінше түсіндіруге тырысты.

Бақтияр Бастықов, «Текспром» компаниясының атқарушы директор орынбасары: «Биікте болғанда халықтың өтініші бойынша істелді. 5 см еніне салынған алдында. Халықтың өтініші бойынша 5,6 қылдық».

Айта кетейік, жол құрылысы маусымы басталғалы арнайы мамандар бұған дейін қаланың бірнеше көшесін тексерген еді. Нәтижесінде жауапкершілікті мойнына алған мердігерлердің біраз былығы анықталған екен. Оны «Сапалы жол» ұлттық орталық қызметкерлерінің өздері растап отыр.

Қайрат Шакиров, «Сапалы жол» ұлттық орталығының маманы: «Жиектастың талапқа сай келмейтін тұстары бар. Мердігер мекемелері сәйкес келетін жолжиектемелертастарына ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Суағар науалары беріктігі бойынша».

Айта кетейік, Шымкентте биыл 256 көше жөнделмек. Ол үшін бюджеттен 30 млрдқа жуық теңге бөлінді. Осы уақытқа дейін оның 7 -і тексерістен өтіп үлгерген.

Сәбит Әсілбек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің аға офицері: «Март айынан бастап қазірге дейін 7 көшені тексердік. 7 көше бойынша 50-ге жуық құқықбұзушылықтар анықталған. Олардың қазіргі уақытта 8-і қалпына келтірілді. Қалғандарының қалпына келтіру жұмыстары әлі де жүргізілуде».

Ал, тұрғындар көңілінен шықпаған Шарайнадағы жолдың қаншалықты сапалы жасалғаны енді 10 күннен кейін анықталады. Айта кетейік, 1 км жуық бұл көше үшін бюджеттен 22 млн. теңге қаралған.

Назерке Үкібасова