Шымкенттік мүмкіндігі шектеулі жандар жыл басынан бері өздеріне тиесілі жөргекке жете алмай жүр. Осылай деп арнамызға арызданған тұрғындар базынасын кімге айтарын білмей дал.
Себебі бұл іске жауапты деген Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жауапкершілікті жеткізушіге сілтеген. Ал, жөргекті биылдан бастап жеткізуді мойнына алған өкілдер көрсетілген мекен-жайдан табылған жоқ. Осылайша сан-саққа сандалған жұрт енді қала әкіміне баруға бекініп отыр.
Шымкенттегі мүмкіндігі шектеулі жандар мен туыстарының бұл есікті күзетіп жүргеніне жарты жыл болған. Бар армандары мемлекеттен бөлінген жөргекке қол жеткізу. Бірақ, талай есікті қаққанымен, ештеңге өзгермеді дейді олар. Салдарынан бар жәрдемақылары өздігінен жүріп-тұра алмайтын жандардың санитарлық тазалығына кетіп жатыр екен.
Онсыз да жарымжан адамдар одан сайын әбіржіп бітті деген тұрғындар бұған дейін мұндай мәселенің болмағанын айтады. Бәленің бәрі жөргекті арнайы жеткізуші тағайындалғаннан басталған. Алдымен қажетті затты өзім апарамын деп мойнына алған жауапты, кейін келіп әкетіңдер деп айныған. Бірақ, күн сайын есікті торуылдағанымен өзгерген ештеңе жоқ дейді ашынған шымкенттіктер.
Не есікті ашпай, не телефон тұтқасын алмаған жеткізуші ақыры бізбен байланысқа шықты. Жөргек таратып жүрмін деген ол, камера алдында сұқбат беретін уақытының жоқ екенін жеткізді.
Ал, мәселеге жауапты басқарма өкілдері болса, мұның бәріне карановирусты кінәлап шықты. Төтенше жағдай кесірінен жөргек таратуды кешіктірдік деген олар енді мұндай қателіктің қайталанбайтынын айтады.
Айта кетейік, шымкенттік мүмкіндігі шектеулі жандарға жөргек пен тазалық заттары үшін бюджеттен 422 млн. 755 мың теңге бөлінген. Ал, Шымкент бойынша 35 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар.
Назерке Үкібасова