«ANTIKOR.LIVE» жобасы аясында тікелей эфирде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев ағымдағы жылдың 5 айындағы Департаменттің жедел-тергеу жұмысының нәтижелері туралы айтты.
«Біздің қызметіміздің негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу болып табылады. Алдын алу шараларымен қатар, біз қылмыстық-құқықтық шараларды да белсенді пайдаланамыз» — деді Талғар Серікбаев.
Жыл басынан Департаментпен 62 қылмыс тіркелді. Тіркелген қылмыстардың ішінде парақорлық (34), алаяқтық және жымқыру фактілері (14) басым.
Салалар бойынша анықталған қылмыстардың ең көп саны құқық қорғау блогында 27 факт, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласына (санитарлық-эпидем. бақылау) – 14, құрылыс, әлеуметтік қамтамасыз ету және білім салаларына 3-ден, сот және кеден салаларында 2-ден, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті қорғау және салық салаларында 1-ден тіркелген. Жыл басынан 49 қылмыстық іс сотқа жолданды.
Күдікті ретінде 25 адам танылып, оның 19-ы сотқа жолданды, қазіргі уақытта 9 адамға қатысты сот үкімі шыққан.
«Сотталғандардың ішінде мемлекеттік органдардың жекелеген құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен қатар, мамандар да бар.
Осы ретте Әл-Фараби ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы және мәдениет басқармасы басшысының орынбасарына қатысты пара алу бойынша істерге қатысты үкімді атап өткім келеді» – деді спикер.
Оның айтуынша, орган қызметіндегі маңызды басымдық бизнесті лауазымды тұлғалардың заңсыз араласуынан қорғау болып табылады. Аталған бағытта ағымдағы жылы 18 қылмыс тіркеліп, 7 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
«Бизнесті қорғау шеңберінде барлығы 16 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтірілді.
Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясының мемлекеттік санитарлық инспекторы 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол төтенше жағдай кезеңінде мал шаруашылығы өнімдерін қала базарларына әкелген кезінде санитарлық сертификаттарды беру үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алған» – деді Талғар Серікбаев.
Пандемияға байланысты елде жарияланған төтенше жағдай режимінің бұзылуына қатысты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар назардан тыс қалмады.
Жол-патрульдік полкінің полиция қызметкері 750 мың теңге айыппұл төлеуге сотталды. Ол төтенше жағдай жарияланған кезде қала шегіндегі ішкі блокбекеттер арқылы кедергісіз өту үшін пара алған.
Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мен бюджет қаражатын мақсатты пайдалануды жедел сүйемелдеу орган қызметіндегі маңызды басымдықтардың бірі болып табылады.
«Аталған бағытта «Цифрлық Қазақстан», «Денсаулық» және басқа да бағдарламалар бойынша ақша қаражатын жымқыру және ысырап ету фактілері бойынша 12 қылмыс тіркедік. Олардың кейбіреулері бойынша қазірдің өзінде мемлекет бюджетіне шығын өтелді. Жалпы алғанда, қылмыстық істерді тергеу барысында қабылданған шаралар нәтижесінде мемлекетке 1,7 млрд. теңге көлемінде шығын өтелді» — деді спикер.
Сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою маңызды басымдық болып қала бермек.
Бүгінде әрбір қылмыстық іс бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудың себептері мен алғышарттарын жою туралы ұсынулар енгізіледі.
Департамент басшысының бірінші орынбасарының айтуынша, қылмыстық істерді тергеу шеңберінде мемлекеттік органдарға барлығы 48 ұсыну енгізілген.
Қарау нәтижесі бойынша 34 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде: 17-сі атқарып отырған лауазымынан босатылды, 2-уі жұмыстан босатылды, 8-і қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертілді, алты адамға «қатаң сөгіс», бір адамға «сөгіс» жарияланды.
«Бүгінде әрбір мемлекеттік органның басшысы еңбек ұжымындағы сыбайлас жемқорлықты жоюға міндетті және мүдделі болуы тиіс.
Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға сәйкес ұжымдардағы сыбайлас жемқорлықты жою бойынша шараларды қабылдамағаны үшін мемлекеттік мекемелердің бірінші басшыларының жауапкершілігі туралы мәселені көтеретін боламыз» — деп толықтырды спикер.
Лауазымды тұлғалар тарапынан ақша қаражатын бопсалау, жымқыру, өкілеттілігін асыра пайдалануға тап болған кез келген азамат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің 1424 CaII-орталығына хабарласа алады.
Жыл басынан бері өтініштері бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының жолын кесуге ықпал еткен 5 тұлға көтермеленді. Олардың сыйақы мөлшері 900 мың. теңгеден астам соманы құрайды.