Төбелестен кейін көз жұмған жасөспірімнің ісіне қатысты 5 күдікті қамауға алынды

296

Аяусыз соққыға жығылып жан тапсырған жасөспірім ісіне байланысты тың деректер пайда болды. Қаламыздың полиция департаменті іске қатысты 7 күдіктінің қолға түскенін мәлімдеді. Олардың 5 қамауға алынып, 2-уі қолхатпен босатылған. Тағы біреуіне іздеу жарияланыпты.

Осылайша алғашында денсаулыққа ауыр зиян келтіру деп басталған қылмыстық іс бөлігі ауыстырылды. Қылмыстық іс енді өлімге әкеп соққан денсаулыққа аса ауыр зиян келтіру бабы бойынша жүргізіледі.

Еске салайық, Маятас елді мекенінде 22 мамыр күні жасөспірімдер төбелесі орын алып, 3 студент ауруханаға түскен еді. Оның бірі 17 жастағы Абзал Уткуров. Құрдастар қақтығысынан ауыр жарақат алған ол содан кейін ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатты.

Ақыры тілге келмеген ол алдыңғы күні қайтыс болған еді. Оның өліміне туыстары тек қатыгез құрдастарын емес, дәрігерлерді де кінәлаған болатын. Осыдан кейін медицина қызметкерлеріне міндетін тиісінше орындамады деген баппен материал тіркелген.

     Назерке Үкібасова