Қ. А. Ясауи кесенесіне қатысты көптеген құпияларды ашу мақсатында арнайы мамандар онлайн дәріс оқып келеді. Бұл жолы тарих ғылымдарының кандидаты, А.Ясауи атындағы ХҚТУ доценті Ділдаш Мұстапаева «Асыл мұра – Тайқазан» атты онлайн лекциясында тайқаза құпиясын таныстырды.

Алдымен қазақ халқы қазанын қатты құрметтеп, қадір тұтуының себебімен түсіндірген Ділдаш Мұстапаева қазан халқымыздың тұрмыс салтында ерте ғасырлардан бері қолданыста болғанын аңыз-әңгімелер арқылы дәлелдеп, Тайқазанның рухани маңыздылығы туралы әңгімелеп бірді.

– Ең алдымен тайқазанның тарихы ерте көшпенділер дәуірінде тіпті одан да ілгері заманнан алып қарауға болады. 1399 жылы жасалған бұл туынды бастауын Сақ дәуіріндегі және одан ілгері мәдениеттерден алады. Мысалы Сақ дәуірі кезеңіндегі аңыздар мен деректерге сүйенер болсақ, Ариан патша әскерінің және халқының санын білу үшін әрбір жауынгерге бір садақтың ұшын алып, содан үлкен қазан құрған екен. Сол кезеңнен бастау алған тайқазанның белгілері, бейнелері тастардағы суреттерде кездеседі. Оны «петроглифтер» деп атаймыз. Мысалы Таңбалы шатқалындағы басқа да жерлердегі тастарда осы қазандардың суреттері кездестіреміз. Бұл ежелгі кезде ата-бабаларымыз қазанды қастерлеп, қазанның қасиетіне жете білгенін айғақтайды. Енді Сақ дәуіріндегі қазандарға тоқталатын болсақ, бізде үлкен мәнге ие Сақ қорғандары бар. Әсіресе Жетісуда және еліміздің барлық територияларында тіпті бүкіл Еуразия кеңістігінде қазан құю дәстүрінің болғаны ғылыми зерттеулер, археологиялық деректер дәлелдеп келеді. Бұған ешқандай күмән келтірудің қажеті жоқ. Содан кейінгі кезеңдер Ежелгі көшпенділер, Орта ғасыр, кейінгі Орта ғасырлардағы қазандардың бәрі қазанның белгілі бір деңгейде дамып отырғанын көрсетеді. Сақ дәуіріндегі қазандар көбінесе Бесағаш қоймасынан, Жетісудағы қорғандардан табылған. Ерте көшпенділердің ертегілерінде немесе басқа да жырында қазандарға байланысты деректер көп кездеседі. Қасым хан мен Есім хан кезінде де қазанға байланысты көптеген деректер болды. Сол кездегі деректерге сүйенсек, адамдар қазанынан айырылса, өзінің от басы – ошағынан айырылғандай күйде болған. Сондықтан да халық арасында қазанды қирату деген сынды әрекеттер болмаған. Қатты қастерлеген. Міне, осындай қазанға байланысты деректер өте көп,-дейді Ділдаш Мұстапаева.
Қазақ халқында қазанның қадір қасиетінің деңгейін ерекше атап өткен ғалым қазақ қоғамында қазанның даму кезеңіне де тоқталды.

– Енді қазанның даму кезеңіне келер болсақ, Қазақстан территориясында Қаратау, Жетіасар деген мәдениеттер болған. Сол мәдениеттерде ықылым заманнан келе жатқан 2000-3000 жылдық тарихы бар белгілер кездеседі. Соның бірі – қазанның сыртындағы өрнектер. Осының бәрін ескере келе қазанның бастауы Сақ дәуірінде болғанын нақты күмәнсіз айта аламыз. Сақ дәуіріндегі қазандардың түріне келер болсақ, олар үш түрге: тұғырлы, тұғырсыз және үш аяқты деп бөлінген. Біздің тайқазан тұғырлы қазан түріне жатады. Енді мұндай қазандар қасиетті және белгілі бір тұлғалар жерленген жерлерге, сондай-ақ халықтың тәуіп ететін, зиярат ететін жерлеріне қойылған. Жалпы қазанды зерттеу барысында біраз дерекке көз жеткіздік. Тайқазан жеті жыл бойына 3 рет құйылған. Ортағасырлық үлкен маңызы бар қала саналатын Қарнақта құйылған. Әмір Темір айтқан екен. Ол 24 елді өзіне бағындырған. Ол барған жерлерінен ғалымдар мен қоса қолынан іс келетін мықты шеберлерді де жинаған. Бұл шеберлердің ішінде кесенені әрлеген, шырағдандарды жасағандары да бар екені айтылады. Соның бірі – осы қазанды құйған адам. Бірақ бұл жердегі негізгі идея ықылым заманнан келе жатқан жергілікті халықтың, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарының бейнеленуі деп айтуға болады. Қазанға негізінен тәтті су құйылып, зиярат жаушы адамдарға таратылған екен. Тайқазанда ас пісірілмеген. Ас пісірілетін қазандар асхана деген бөлмеде орналасқан қазандар болған. Ортағасырларда әрбір ауылдың өз қазаны болған. Олар қазанды ешқашан ешкімге бермеген, оны төңкермеген, аса қадірлеп ұстаған. Жалпы ертеде әскерлердің әрбір ондығында жүздігінде қазан болғаны айтылады. Олар тіпті жорыққа шыққанда сол қазандарын алып жүрген екен,-дейді ғалым.
Ділдаш Мұстапаева тайқазанның неліктен Қарнақта құйылғанын да түсіндірді. Тайқазанның құрамында қандай металдар бар екенін де айтып берді.

– Қарнақта құйылған қазанды «сүйретпе» деген құрылғымен алып келген екен. Аңыздарға сүйенсек, тайқазан жеті түрлі асыл металдан жасалған. Бұл шындыққа жанасады. Асыл металдардың белгілі бір тазартқыш күші бар екендігіне күмән жоқ. 2006-2007 жылдары қазанның материалына анализ жасағанда, қазанның 76 пайызы мыс болса, 22 пайызға жуығы мырыш болған. Ал қалған 2 пайыздан астамы басқа металдар екені анықталған. Бұл нәтижеге сәйкес қола қазан екені дәлелденген. Қазанның Қарнақта құйылуының маңызы бар. Себебі Қарнақтың ар жағындағы Қаратауды «іші толған қазына» деп атайды. Аңыздарға сүйенсек бұл қазанды құюға 70 ірі қара малдың күші пайдаланылған. Кесенені салғанда, қазанды құйғанда ғылым жетістіктері де пайдаланылған. Көптеген зерттеушілердің зерттеу жұмыстарына қарасақ, тайқазан орта ғасырлық өлшемдерге негізделген. Белгілі бір аспан әлемдерінің мүшелерімен де байланысты жасалған. Исламда геометрияланған, өсімдік өрнектері дамыды. Бұл өрнектер тайқазанда сипат алды деп айтуға болады. Тайқазандағы томпақ өрнегі қола дәуірінде де кездеседі. Соның ішінде керамикалық заттарда және құмыраларда қолданылған. Өрнектің бұл түрі орта ғасырлардағы заттарда да бар. Ясауи бабамыздың кесенесінің ішін 1996 жылдары қазды. Сол кездегі табылған заттарда құмыраларда жапсырма томпақ өрнектері табылған. Міне, бұл өрнектің де бастауы ежелгі заманан келе жатқаны аңғарылады. Қазанда кездесетін келесі өрнек – қошқар мүйіз өрнегі. Бұл өрнектің 2000 жылдық тарихы бар. Сыр бойындағы елдерде қолданылған бұл өрнек қазір халқымыздың ең маңызды өрнектерінің біріне айналған. Бұл өрнекті тек қазақ халқы ғана емес түркі халықтарының көбі қолданады. Жазу өрнектері де бар. Қазан сыртындағы жазулардан сол заманда қолтаңбалардың өте жақсы дамығанан аңғаруға болады. Мұны эпиграфикалық әрлеу деп атайды. Жазудың өте көп түрі бар. Ал шеберлер қазанға сол сан түрдің тек үш түрін ғана пайдаланған. Ол нас, сурс, куфи үлгілері,-дейді Ділдаш Мұстапаева.

Оңтүстік өңіріне белгілі тарихшы сөз соңында қасиетті қазан саналатын тайқазанның Түркістанға қашан қайтарылғаны турасында сөз қозғады.
– 1935 жылы қазанды Ленинградқа үлкен конгресс болғанда Иран өңірінің туындысы ретінде алып барды. Бірақ бұл біржақты көзқарас деп айтуға болады. Жоғарыда айтылған деректерге сүйене отырып, бұ қазан қазақ халқының рухани болмысымен біте қайнасып кеткен зат екендігі анық. 54 жыл бойына Эрмитажда тұрды. 1989 жылы қыркүйек айында ел азаматтарының бастауымен, сұрауымен Түркістанға қайтарылды. Осылайша қасиетті зат өз орнын қайта тапты,-дейді ол.

Ж.Хумар

«Оңтүстік Рабат», №23-24, 10 маусым 2020 ж