Түркістан облысында бір жасөспірім таудан құлап қайтыс болды. Ол өзінің сыныптастарымен демалыс аумағына барған екен.
Сол күні тауға көтерілген Сарыағаш ауданының оқушысы жерге өз аяғымен түскен жоқ. Оның денесін төтенше жағдай қызметкерлері тауып алды. Айта кетейік, бұл жыл басынан бері тауға шығып жол таппай қалған екінші жағдай.
Күні кеше Түркістан облысы Төлеби ауданы Біркөлік демалыс аймағында қайғылы оқиға орын алды. 15 маусым күні аумаққа демалу үшін Сарыағаш ауданы Ақжар ауылының бір топ оқушысы барған. Топ құрамында 3 ересек және 22 оқушы болған. Сол күні олардың 10-ы бөктерге шығып кетіпті. Күн батқанша оның 7-уі оралып, қалғаны адасып кеткен.
Қожахмет Сабыров, куәгер: «Алдында кетіп жатқан еді ғой бізден 20-30 метр. Біз артынан айқайлап белгі беріп жүрген едік. Солай болды ғой».
Қожахмет тауда адасып қалған жасөспірімнің бірі. Оның айтуынша, бәрі қас пен көздің арасында болған. Сыныптасы құздан құлап кеткенде досы Ұлықбек екеуі екіге айырылған. Таңды жалғыз өзі қарсы алғанын айтып отыр. Тек, таңертеңгі 5-тер шамасында құтқарушылар жерге түсіріпті.
Қожахмет Сабыров, куәгер: «Құлап кеткен соң сол жерде қалып қойды ол бала. Сосын мен көмек шақырамын деп арқаға қайтып кеттім. Пәске түсе алмай, төбеде қалып қойдым».
Балаларды құтқаруға 33 құтқарушы мен 11 техника жұмылдырылған. Олар жартасты жерлермен, биік таулы және тік беткейлермен жүріп отырып, әрең дегенде, діттіген жерлеріне жетіпті.
Нұрғали Жүнісов, Облыстық ТЖД басшысы: «Уақыт алып жатқаны өте қиын жағдай дейді. тік құламалар, құз. Сол себептен арқан жалдап бір-бірімен жоғары шығарып жатыр».
Абайсызда кісі өліміне әкеп соққан дерекпен енді тәртіп сақшылары айналысып жатыр. Олар істің мән-жайын зерделеуге көшкен. Оқиғаның басы-қасында болған куәгерлердің бәрінен сұрақ жауап алып жатыр.
Салтанат Қарагөзова, Облыстық полиция департаментінің ресми өкілі: «Қазіргі таңда осы жәйт Төле би аудандық полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп текеру тізіміне тіркелді. ҚР ҚК 141 бабымен сотқа дейін тергеу амалдары басталды».
Оқушылар демалыс аймағына мектеп мұғалімі мен бір ата-ананың бақылауымен келген екен. Тауға шығып адасып кеткен үш жасөспірімнің бірі түнгі бірде өлі күйінде табылса, екіншісі түс ауа аман-есен жерге түсірілді. Ал, үшіншісі түстен кейін әлсіреген күйде табылған.
Назерке Үкібасова