«Оңтүстік Рабат» газетінің №25 санындағы (17 маусым, 2020 жыл) «Тағдыр» айдарында «Асыранды бала екенін 35 жылдан кейін білген» деген тақырыпта оқырман хатын жарияладық. https://kz.otyrar.kz/2020/06/asyrandy-bala-ek…dan-kejin-bilgen/ ‎ Редакцияға хабарласқан келіншек асыранды бала екенін жақында білгенін айтады. Қаншама жыл отбасының «сыр сандығында» сақталып келген құпиядан хабардар екенін ата-анасына айта алмапты. Олардан мән-жайды сұрауға да дәті жетпеген. Жаны қатты қиналып, шындық жүгі еңсесін басқанда құпиясын күйеуіне ашыпты. Сенген асыл жары оның жаңа «статусын» бетіне басып, ренжітеді екен. Екі бірдей психологиялық қиындықта өмір сүріп жатқан оқырманымыз газетіміздің «Психолог бұрышы» айдары арқылы психолог кеңесіне жүгінгісі келеді.


Оқырманымыздың хатын оқыған Шымкент қалалық №2 емхананың психологы Меруерт Темірханова кейіпкерімізге мынадай кеңестер берді. Психолог кеңесін қаз-қалпында жариялап отырмыз.
…Өмірде біз қаламаған, күтпеген жағымды, жағымсыз оқиғалар болып тұрады. Бірін қабылдаймыз, енді бірін қабылдай алмаймыз және қабылдағымыз келмейтін кездер де болады.
Қандай да бір оқиғаны қабылдау үшін, адамға уақыт, қолдау, түсіністік қажет. Сонда адам өміріндегі болып жатқан оқиғаларды қабылдай алады, бірақ кейде осы сезімдерді ала алмай қалатын кездер де ұшырасады. Сол сәтте адамның жан-дүниесі күйзеліске ұшырайды.
Рая ханымның оқиғасын оқып, осы сезімдерді ала алмай, жан-дүниесінің тыныштығы бұзылғанын байқадым.
Рая ханым, жай-күйіңізді түсінемін. Себебі ересек шақта кішкентайыңыздан қалыптасып келген әлеміңіздің бейнесі, бір сәтте бұзылғанын қабылдау және сенген жақын адамнан қолдау көрмеу, әрине оңай емес.
Айналаңызға көз жүгіртіп байқасаңыз, бұл оқиғада жалғыз емессіз. Ата-анаңыз, жан-жарыңыз, бала шағаңыз бар.
Ата-анаңыздың денсаулығына алаңдап, оларға айтуға жүрексініп жүргеніңізді жазыпсыз, бірақ, бұл оқиғаңызда басты кейіпкер: Сіз және ата-анаңыз.
Кейде «жақындарымызды ренжітіп алмайық» деп, қате шешімдер қабылдаймыз. Қандай жағдай болмасын: таңдау өз қолыңызда.
Оқиғаңызды оқып отырып, ата-анаңызбен махаббатқа толы қарым-қатынаста өскеніңізді байқадым. Менің тәжірибемде әртүрлі оқиғалар болады. Туған баласымен бөтен біреудің баласындай қарым-қатынас жасайтын ата-аналар да кездеседі.
А. Чехов айтқандай «отбасы тірлігіндегі ең мәнді тетік – махаббат». Ал махабат сенім мен қолдаудан құралады. Кейде адамдардан бір нәрсені күтеміз, күткен нәрсеміз орындалмаса, ренжиміз, соның әсерінен түсініспеушілік болады.
Түсінісудегі ортақ шешімдердің бірі: ол – эмоциналды әңгімелесу.
Жан-жарыңыздың сезімін қозғамай, айыптамай, кінәламай, өз сезіміңізді жеткізу.
Мысалы:
1) Мен Сізге өз құпиямды жан-жарым, тірегім деп, сеніп бөлісемін және қолдауыңызды күтемін;
2) Ата-анамды қабылдаймын, жақсы көремін, Сізде сондай қарым-қатынаспен қарасаңыз, мен қолдауыңызды сезінер едім.
Яғни өз сезіміңізді айту арқылы түсіністік орната аласыз.
Адам қай жаста болмасын, өзін асырап алған бала екенін білу оңайға соқпайды. Шындық деп келген өмір, кішкентайынан қалыптасқан әлем бейнесінің бұзылуы, ата-анаға деген өкпе, реніш, ыза, сатқындық сезімдерін бастан кешіреді. «Мен басқа адамның өмірін сүріп жүрмін», «Мен бөтенмін» деген ой қалыптасады.
Бұл ойлар ата-ана, бауырларымен қарым-қатынасына кедергі жасайды.
Маған балаларын асырап алған ата-аналар кеңес алуға жиі келіп, балаға қанша жасында шындықты айтқан дұрыс, деп сұрайды.
Әрине балаға әуел бастан жасына сай, түсінікті тілінде шындықты айтқан дұрыс. Балаға ауыр тимейтіндей қалай айтуға болатынын, психолог мамандармен кеңесу дұрыс.
Асырап алған ата-аналар «құпияны сақтау арқылы баланы қорғап қаламыз» деп ойлайды, ал тәжірибені басынан өткізген ата-аналар бұл қағидамен келіспейді. Бала кездейсоқ біліп қойса, балаға ауыр тиетінін біледі.
Осындай оқиғаға тап болған адамдарға айтарым:
1. «Мен басқа адамның тағдырын сүріп жүрмін», «мен бөтенмін» деген негатив ойды өзгертіңіз. Өмірге шынайы қараңыз. Басқа адамның тағдырын сүру мүмкін емес, себебі, әр адамның тағдыры бар. Өзіңіздегі тіректі сақтап қалудың бір жолы және ерекше есте сақтайтын сәт: асырап алған ата-анаңызға үлкен бақыт, қуаныш, махаббат, үміт сыйлағаныңыз;
2. Өміріңізді өз жауапкершілігіңізге алыңыз;
3. Асырап алғаныңызды кездейсоқ біліп қалған болсаңыз немесе ата-анаңыз айтқан жағдай болса да ата-анаңызбен сезімдеріңіз жайлы эмоционалды әңгімелесіңіз. Ата-анаға да өз сезімдерін, бала келгеннен бақыт пен қуанышқа бөленгенін, аналық сезімдері жайында айту керек. Сыебебі адам сезімдерімен бөлісу арқылы, екінші адамды түсіне алады;
4. Биологиялық ата-анаңызды білу, іздестіру де өз еркіңізде, яғни барлық жағдайда таңдау бар.

Дайындаған – А.ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №26 24 маусым 2020 ж