Шымкенттегі Бекетті көшесінің тұрғындары сапалы жарық пен тегіс жолға жарымай келеді. Осыны айтып, арнамызға арызданған тұрғындар жауаптылардың назар аударуын сұрайды. Сөздерінше, талай жылдан бері әкімдік табалдырығын тоздырып келеді. Алайда, одан өзгерген ештеңе болмапты.

Ескендір Таштанов, қала тұрғыны: «Әкімдікке талай рет бардық. Бірақ, уәде берумен келе жатыр. 2018 жылы құрылыс жұмыстарын қолға аламыз деген. Ол да сол күйі қалды. Біздің тегіс жолмен жүргіміз келеді».

Ашынған бұл тұрғындар Абай ауданына қарасты Бекетті көшесінің тұрғындары. Сөздерінше, қала орталығындағы бұл көшенің жарығы жел үп етсе сөнеді. Оған себеп ескірген электр сымдары мен оны әрең ұстап тұрған ағаш бағаналар. Осыны айтқан ел тұрмыстық техниканың да жұмыс істемей қалғанын айтады.

Андрей Тарабуркин, қала тұрғыны: «Бізге бір депутат сайлау алдында келіп, «жолдарыңның барлығын жөндеп беремін. Көп ұзамай теп-тегіс жолда жүресіңдер» деп кеткен еді. Тіпті сол кезде үлкен жиналыс өткіздік. Сайланарын сайланып алды да өзі жоқ боп кетті».

Бекетті көшесіндегілерді жыры мұнымен бітпейді. Абай ауданына қарасты бұл көшенің жолы да ой шұңқырға толы. Осыны айтып тұрғындар талай рет әкімдік есігіне де барған. Алайда, ендігі жылы жөндеймін деумен үшінші жыл өтіпті.

Ал, қалалық жол көлік басқармасындағылар Бекетті көшесіндегі үйлердің сүрілуі мүмкін екенін айтады. Себебі, мұндағы үйлер қалалық сәулет талаптарына сай соғылмаған. Сондықтан да мұндағы көшелерге жуық арада тегіс жол түспеуі мүмкін екен.

Абай Тұрханов, қалалық жол көлік және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Қала әкімдігінің жоспары бойынша болашақта ол жерге басқа құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Қошқар ата өзенін бойлаған ондағы екі көшеге тұрғындар сәулет құрылысы талаптарына сай емес үйлерді соғып тастаған. Осыған байланысты бұл үйлер келешекте сүрілуі мүмкін. Сондықтан да таяу арада ол көшеге жол түспеуі мүмкін».

Әкімдік өкілдерінің аумаққа өз жоспарлары бар екен. Алдағы жылдары Қошқар ата өзенін бойлаған бұл аумаққа жаңа нысан түсуі мүмкін.

Назерке Үкібасова