Шымкентте қоғамдық көліктер шілде айынан бастап электрондық төлем жүйесіне көшеді. Бұл туралы Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, «Shymkent» ӘКК урбанистика департаментінің директоры Жеңіс Жалбыр және «QazSmartTrans» ЖШС-і директоры Сержан Ақылбаевтың қатысуымен «Жолаушыларды тасымалдау саласын реформалау» тақырыбында онлайн-брифингінде хабарлады.
Брифинг барысында ең алғаш сөз алған әкім орынбасары қаламыздағы қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту мақсатында осы жыл ішінде қолданыстағы маршруттар желісі жаңартылып, жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы әзірленетінін айтты.
– Схеманы әзірлеуді «City Transportation Systems Transport» (Астана LRT) ЖШС-і жүзеге асырады. Ал қоғамдық көлікті жан-жақты модернизациялау, қоршаған ортаны құру, жолаушыларды тасымалдау қызметін жақсарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, барлық жолды пайдаланушылар үшін қолайлы көліктің қызмет ету мерзімін сақтау және көліктің ұтқырлығын құру бойынша ауқымды жұмыстар іске асты. Бұл жұмыстар барысында «Online» режимінде қала тұрғындарының 21 мыңынан сауалнама жүргізіліп, 75%-ы қоғамдық көлікті модернизациялауды талап ететіні айқын болды. Атап айтсақ, жолаушылар қоғамдық көліктердің бағыттары өзгеруін, қызмет көрсету сапасы жақсаруын және автобустарды жаңартуды қалайтындықтарын жеткізді,–деді, Мақсұт Исахов.
Бұдан бөлек, қала әкімінің орынбасары зерттеу мен талдауды ескере отырып, төмендегілер концепциямен қарастырылатынын тілге тиек етті.
Атап өтсек:
– Қолданыстағы бағыттарды оңтайландыру және жаңа бағыттардың ашылуы;
– Жылжымалы құрамның толық жаңартылуы;
– Транспорттық ХАБ-тарды ұйымдастыру;
– Шет жерден келіп-кететін, радиалды, магистральдық бағыттарды ашу.
Аталған брифинг кезінде Мақсұт Пернебайұлы реформа жайлы жан-жақты түсіндіріп, бұл өзгерістер халық өтінішімен, қаладағы қоғамдық көлік жұмысы барысындағы кемшіліктерді жою үшін жасалып жатқанын айтты.
Көлік картасының бағасы – 500 теңге. Карталардың 4 түрі бар. Олар – жалпы пайдаланатын карта, оқушылардың картасы, студенттік карта және тегін жүру картасы.
Брифингте «Shymkent» ӘКК урбанистика департаментінің директоры Жеңіс Қуандықұлы және «QazSmartTrans» ЖШС-і директоры Сержан Зиябекұлы арнайы карта арқылы қалай төлем жасалатыны жайлы түсіндірілді. Яғни, жолаушылар көлік картасымен SMS, QR-код, смартфонды (NFC) қолдана отырып, жол жүру ақысын төлейді. Алдағы уақытта бұл жүйе білім ордасына да енгізіліп, оқушылар мектеп асханаларында көлік картасымен төлеу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Сонымен қатар Шымкентке жыл соңына дейін 590 автобус әкелінеді.
26 орындыққа арналған экологиялық таза автобустар жолаушыларға жайлы. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да ыңғайлы. 14 мың тегін төлем картасы Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Алтын алқа, Күміс алқа иелері, мүмкіндігі шектеулі жандарға беріледі. Сонымен қатар, 11 жоғары және арнаулы оқу орындарындағы студенттерге карта беріледі.
Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың айтуынша, 17 маршрут жабылып, 14 жаңа бағыт ашылады.

«Оңтүстік Рабат», №23-24, 10 маусым 2020 ж