Ағын су доңыздардан артылар емес

348

Ағын су шошқалардан артылар емес. Сайрам ауданындағы дихандар егістігі қурап қалудың аз-ақ алдында. Өйткені, мұндағы өзен суының барлығы доңыз фермасын жарылқап тұр.

Ал, күнін егінмен көрген елге әзірге бір тамшы су да бұйырар емес. Шығынға батудың аз-ақ алдындамыз деген дихандар әділдікті қайдан табарын білмей әлек.


Екі жағадағы бұл жандардың дауы талай жылдан тарқамай келеді. Ауылға келетін өзеннен дихандар егінін суғарса, көрші ферма оны доңызына беріп әлек. Алайда, соңғы кездері ағын су алқапқа баруын тоқтатқан. Себебі, доңыз фермасының егесі арнаны өзіне бұрып алыпты. Осыған ашуланған шаруалар әділдікті қайдан табарын білмей жүр.

Марат Сейдәлиев, ауыл тұрғыны: «Қанша гектаршыларымыз, ауылдағы қанша падамыз бар. Бәрі көшеге қаңғырып кетті малдың бәрі. Тұрмай жатыр. Жердің бір қурап жатыр. Мына жерде каналдың алдын жылда ақша салып өзіміз тазалаймыз. Тазалап бергеніміздің рахатын шошқа база көріп отыр. Ал, біздің қиналып жатқан адамдар 100 шақты. 1 гектар жерге 1 млн. ақша салады. Сола ақшаларының бәрі күйіп кетті, банкрот болды».


Шаруалар сөзінше, доңыз фермасының егесі арнаны алғаш рет жаппаған. Жыл сайын жалғасып келе жатқан дау жайлы меншік иесінен де сұрадық. Сөйтсек ол бөгетті бекіту арқылы, дихандарды сабасына түсірмек болыпты. Өйткені, арнаны меншік иесі ғана емес, шаруалар да жабады екен. Осыған қырсыққан азамат енді өзі жапқан арнаны әкімдік ашсын дейді.


Игорь ЛИВШИЦ, доңыз ферманың иесі:  «Негізі арнаны әкімдік ашып беруі керек еді. Бірақ, өз қаржыммен ашайын деп отырмын. Мен ол арнаны адамдар түсінсін деп жапқанмын. Су бізге керек. Әйтпесе шошқаларым сусыз өліп қалады ғой. Неге түсінбейсіздер. Ал, олар ылғи да фермаға су келмейтіндей жауып тастайды. Сосын мен керісінше жасадым. Өз қателерін түсінсін деп».

Болмағасын өнімсіз қаламыз ба деп қорыққан қараша әкімдіктен араша сұрауға аттанды. Жауаптылар болса, 10 жылға ұласқан дауды кеше естінгенін айтып ақталды. Және дихандарды әбігерге салған мәселенің енді қайталанбайтынын жеткізді.


Нұрпапа Көпеев, Сайрам аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы: «Мен өзім кеше естідім. Мына мәселені. Сол кісі жауып қойыпты, ашпай жатыр дегенді. Оны енді бақылауға өзіміз аламыз, қайтып оның қайталанбауын. Өйткені халықты шулатуға оның хақысы жоқ қой. Мың жерден ол жеке кәсіпкер болғанымен халықты шулатуға хақысы жоқ».


Доңыз фермасы егесінің бекіткен бөгеті 100-ден астам диханның өніміне кесірін тигізді. 700 гектар жерге шаруалар қызанақ, қияр, картоп еккен.

Назерке Үкібасова