Киелі Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құнды жәдігерлері келушілерді қызықтыратыны сөзсіз. Өкінішке қарай, кесенеге тиесілі жәдігерлердің барлығы бірдей сақталмаған. Кейбірін ұрылар қолды етсе, енді бірі қашан, қалай жоғалғаны белгісіз. Ұрланған жәдігерлердің арасында әлемге белгілі музейлерде тұрғаны да бар. Тарихи туындылар шетелге қалай жетті және кесенедегі жәдігерлердің сақталу деңгейі қалай? Осы және тақырыпқа қатысты сауалдарға «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Тастанбеков «Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тиесілі болған жәдігерлер» атты онлайн лекциясында жауап берді.

Әуел баста 6 шырағдан болған

Мұрат Тастанбеков лекциясын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі жұмысын бастағанына 40 жылдан асқанын айта келе кесенеге тиесілі құнды жәдігерлер алғаш қалай жоғалғанына және соңғы рет қашан ұрланғанын баяндады.
– Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен мұражай құрылғанға дейін, немесе деректерге жүгінсек, соңғы жоғалған жәдігерлер 1959 жылға сәйкес келеді екен. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ортағасырлық сәулет өнерінің керемет туындысы ретінде ЮНЕСКО әлемдік мұра тізіміне алынғаны белгілі. Алты ғасырдан астам тарихы бар кесенені насихаттап, таныстыру мұражайдың негізгі қызметіне жатады. Кесенеде болған, жоғалған кейбір жәдігерлердің тарихы біршама тереңнен басталады. Мысал ретінде айтсам, Әмір Темір көрегеннің Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салғызғанға дейін яғни Ясауидің алғашқы мазарын Тоқтамыс хан тарапынан тоналуы туралы тарихымызда біршама айтылады. Тарихи еңбектерде Тоқтамыс ханның Түркістан қаласын шабуылдауы, сондағы Ясауи кесенесін тонағаны, ал Әмір Темір кек алу мақсатында Тоқтамысқа шабуылдап, кейінгі тарихында Тоқтамысты жеңгеннен кейін қолға түскен байлықтың бір бөлігін Ясауи мазарының басына көркем кесенені тұрғызуға жұмсағаны туралы деректер баяндайды. «Әзірет Сұлтан» қорыз-музейінде бүгінге дейін сақталып жеткен көптеген құнды жәдігерлеріміз бар. Атап айтар болсақ, Әмір Темірдің осы кесене үшін арнайы жасатқан тайқазаны, шырағдандар, ту басындағы лауха, Ясауидің көне қабір жапқышы. Бұл қазіргі кезеңде музейге келушілер аса қызығушы-лықпен қарайтын жәдігерлер. Соның ішінде әрине кесене үшін арнайы жасалған шырағдандарға кеңінен тоқталсақ. Біз бүгінде келушілерімізге үш шырағдан көрсетеміз. Бұларды «үлкен», «кіші шырағдандар» деп атап жүрсек те кесене қорында бұл шырағдандарды шырақ тәрізді деген сияқты тиісті сипаттамалармен айтамыз. Музейімізге келушілерге бір үлкен және екі кішкенте шырағдандарды таныстырамыз. Ал тарихтан белгілісі – бұл шырағдандардың әуел бастағы саны 6 дана болған деп жазылады. Ғылыми жазбаларда «кесенеге жарық беріп тұру үшін жасалған бұл шырағдандардың саны одан да көп болған болуы мүмкін» деген сияқты дерек айтылады. Бұл жерде тек Әмір Темір сыйға тартқан шырағдандар жайында ғана айтылмайды. Өйткені кесенеде кейінгі ғасырлардың шырағдандары да бар. Дегенмен Әмір Темір сыйға тартқан шырағдандары жарық ретінде қолданғаннан көрі ритуалды қызмет атқарған дейміз,-деді Мұрат Тастанбеков.

Кесенеден қандай жәдігерлер ұрланған?

Оның сөзінше, онлайн лекция барысында кесене қорында болған және кейін келе жоғалған жәдігерлерге кеңінен тоқталды.

– Бұл жөнінде бірнеше көлемді мақала жарық көрді. Атап айтқанда осы Әзірат-Сұлтан музейінде қызмет атқаратын Марат ағамыздың «Алып кетілген, жоғалған және ұрланған жәдігерлер» атты мақаласы, Мұхтар Қожаның «Кесененің қолды болған жәдігерлері» атты мақаласы, Тұрсын Жұртбайдың «Кеудесі қуыс қалған далам-ай» атты экспедиция барысындағы жасаған естелігі, көп жылдар бойы музей директоры болған және осы музейдің қалыптасуына ерен еңбек еткен Орынбай Тасқановтың «Әулиелі жерлер туралы шындық» атты кітабы, осындағы қарастырылған, айтылған мәселелер бүгінгі тақырыбымызға арқау болады. Кесене тарихында нақты қанша жәдігердің қолды болғаны туралы белгілі бір санды айту қиын, өйткені тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі жүргізілген мемлекеттік деңгейдегі экспедициялар барысында Германияның өзінде ғана 8 мыңнан астам қолжазба бар екенін анықтаған екен. Ал кесенедегі жоғалған жәдігерлер деген кезде, олардың саны әр жәдігердің өз ерекшелігіне байланысты шығар. Мысалы осы кесенеден әкетілген жәдігерлер тізіміне тоқталайық:
1.Екі үлкен бір кішкентай шырағдан;
2.Ясауи мөрі (1797 жылы жасалған);
3.Кесене есігінің ысырмасы;
4.Қабірхана есігінің балғалары немесе тоқылдақшалар;
5.Әмір Темірдің берген вакф құжаты (қамқорлық қағазы);
6.Ағаш ұстындар – 3 дана;
7.Балбал – 2 дана;
8.Ағаштан жасалған үлкен қара тәсбих;
9.Он бір Ахметтің тулары;
Кесене кітаптары мен қолжазбалар (жүздеген) сияқты тағы басқа бұйымдар туралы көптеген деректерде баяндалады. Бір мақалада кесенеге тиесілі мыңдаған бет қолжазбалардың Алматы қаласына жөнелтілгені, Алматы қаласындағы қолжазбалардың сәйкес келетінін жазады. Енді бұл тізімді кесенеден жоғалған жәдігерлердің толық тізімі деп айтуға болмайды. Кесене ішіндегі қабіртастардың да әр жылдардағы еңбектерде, деректерде түрлі болып берілуінің өзі және санының азаяуы да біздің құнды жәдігерлеріміздің мәселесін көтеруге негіз бола алады,-дейді Мұрат Тастанбеков.

Әлем музейлеріндегі жәдігерлер

Онлайн лекцияға қатысушыларды қызықтырған сауалдың бірі – кесенеге тиесілі жәдігерлердің әлемге белгілі қандай музейлерде орналасқаны болды. Қатысушылар сауалына жауап берген Мұрат Тастанбеков, құнды жәдігерлердің қандай түрі қай музейлерде екенін баяндады.

– Кесенеден жоғалған жәдігерлердің біршамасы әлем музейлерінде сақтаулы деп айтамыз. Әрине соның ішінде Париж қаласындағы Лувр музейі, Лондондағы Виктория мен Альберт музейі, Санкт-Петербургтегі мемлекеттік Эрмитаж бен шығыс қолжазба институты, Ташкент қаласындағы Шығыс қолжазба орталығы мен Орталық мемлекеттік архив, Өзбекстан мемлекеттік музейлерінде сақталған. Кесенеде 1930 жылдардың ортасына дейін сақталып келген құран кітабының қазір Қазақстан Республикасының ұлттық кітапханасында екенін де айта кетейін. Дәл қазіргі таңда музейімізде үлкен екі шырағданның біреуі ғана сақталған. «Ахметтің 11 туы» деп аталатын тудың қай уақытта, қандай жағдайларда қолды болғаны туралы нақты деректер жоқ. «Қорық музей қорындағы ең басты да құнды жәдігерлері» деп Әмір Темірдің кесенеге сыйға тартқан тайқазан мен шырағдандарын айтамыз. Сурет сипаттамаларында шырағдандар туралы мәліметтер де берілген. 1935 жылы Иран шеберлеренің көрмесі үшін Ленинградтағы Эрмитажға екі шырағдан әкетілген. Бір үлкен және бір кіші шырағдан. Ясауи кесенесіндегі бірқатар жәдігерлердің қайда қалай жеткізілгені туралы мәлімет болса, кейбіреулері жайлы мәлімет мүлдем жоқ. Қорық-музейі ғылыми жұмысының бағытының бірі осы құнды жәдігерлеріміздің тарихын таныстырумен қатар, қайда қалай барғаны турасында анықтау басты міндетіміздің бірі екенін де айта өтейін. Кесенеде болып, кейін әкетілген жәдігерлерді: кесенеден әкетілген, қазір қайда екені белгілі жәдігерлер және кесенеден қай уақытта алып кеткен әрі қайда екені белгісіз жәдігерлер деп екі топқа жатқызуға болатын сияқты. Жоғарыда айтып өткен әлемге белгілі музейлердегі жәдігерлерімізді елге қайтару ойымыз болды. Десе де «елімізге белгілі тұлғалар ондай музейлер төрінде біздің жәдігерлердің де болуы мақтаныш ғой» деген пікір білдірген. Әрине біз де бұл пікірмен келістік,-дейді ғалым.

Қай музейде қандай жәдігер бар?

Мұрат Тастанбеков лекция барысында әлемдегі танымал музейлердегі жәдігерлеріміз жайлы айтты.
– Лувр – Париж қаласындағы сәулет ескерткіші, өнер музейі. Екі қамал орнына 13-14 ғасырларда тұрғызылған. 1971 жылы Лувр ұлттық көркемсурет музейі мәртебесін алып, 1793 жылы 8 қарашадан халыққа қызмет көрсете бастады. 20 ғасырдың 90 жылдардағы кескіндеме мен мүсіндеме каталогі бойынша Лувр қоры 30 мыңдай болған. 2018 жылдан бері келушілер саны 10 миллионнан асқан. Музейде «Париждегі шырағдан бөлігі Ислам тақырыбындағы залда» Иран өнерінің туындысы ретінде белгіленіп қойылған. Каталогтарда шырағдан Лувр музейіне Түркістандық мавзолейден келгені және Луврға сыйға тартылғаны туралы жазба кездеседі. Бұл жөнінде бірқатар еңбектерде айтылып та жазылып та жүр.
Эрмитаж – Ресейдегі және дүниежүзіндегі ең ірі көркемсурет және тарихи-мәдени музейі. Бұл әлемдегі келушілері көп 10 музейдің бірі. Санкт-Петербург қаласында 1764 жылы Екатерина II-нің жек қоры негізінде ұйымдастырылған. 3,5 миллион жәдігері бар. Біз үшін аса маңыздысы осында – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне әкелінген шырағдандар.
Келесі біздің жәдігерлер орналасқан музей: ол – Ұлывританиядағы Виктория мен Альберт музейі. Бұл 1852 жылы ұйымдастырылып, 1857 жылы ресми ашылған. 3,5 млн келушісі бар. 2 млнға жуық жәдігер сақталған. 150 тұрақты экспозиция залы бар. Бұл музейдің экспозициясында біздің кесененің қаптама қыштары қойылған. Музей декоративті-қолданбалы өнер және дизайн бағытында жұмыс істейтінін ескерсек, бұл қаптама қыштар жәй ғана қыш емес ою-өрнек салынған, шыңылтырмен қапталған немес мозайкалы кашин бұрыш деп аталатын түрлері болу керек. Бұл қыштар экспозицияға қойылуы біз үшін аса маңызды,-дейді ол.

«Терезеден кіріп ұрлаған»

Әлемдік деңгейдегі музейлерде Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне тиесілі құнды бұйымдар қалай пайда болғаны да кез келген адамды қызықтыратыны сөзсіз. Спикер мұның да сырын баяндады
– 1806 жылы 6 шырағданның бірі кесенеден белгісіз жағдайда ұрланған. Бұл туралы көптеген еңбектерде жазылды. Әсіресе Қанат Тұяқбаевтың 2007 жылы жарық көрген «Реставрация» еңбегінде айтылады. 2011 жылы жарыққа шығып 2013 жылы қорық музейі тарапынан толықтырылып қайта басылған «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» деп аталатын еңбекте жазылады. Осы екі еңбекте де жоғалған шырағдан жайлы баяндалады. Лувр музейіндегі үлкен шырағданның астыңғы бөлігі Эрмитаж музейінде сақтаулы. Екі музейде де шырағдан толық нұсқасында сақталмаған. Эритажға бұл шырағдан зерттеу мақсатында алынған. Ал Луврға қалай барғаны жөнінде Жоржа Марто есімді коллекционер өзінің мұралық жазуы бойынша шырағданды Лувр музейінде табыстағаны жайында айтылады. 1906 жылы қабірхана терезесінен түскен ұрылар шырағданның үстіңгі бөлігін ұрлап кетеді. Оның астыңғы бөлігі еденге мықтап бекітілген. Сондықтан ала алмаған. Осы оқиғадан кейін шырағдандарды іздестіру жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы Ташкент архивіндегі материалдар баяндайды. 1910 жылы жоғалған шырағданның астыңғы бөлігі шетелден табылады. Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің 1916 жылғы 1 хаттамасы, 2017 жылғы 4 хаттамасында Ахмет Ясауи мешітінен ұрланған шырағдан және мешітте қалған өзге көне шырағдандарды сақтау мәселелеріне ұсыныс талқыланған. 4 хатамада ұрылардың терезеден кіргеніне байланысты кесене терезелерін әшекейленген, оюланған темір торлармен жабу туралы ұсыныс айтылған. Міне, музейімізге тиесілі жәдігерлер осындай жолдармен шетелдік белгілі музейлердің төрінен бірақ шыққан,-дейді Мұрат Тастанбеков.

«Тайқазан мен шырағданды қатар сұрасақ, тайқазанды
бермеуі мүмкін еді»

Ал «тайқазанды елге қайтару кезінде шырағдандарды да сұратуға не кедергі болды» деген сауалға Мұрат Тастанбеков былай деп жауап берді.
– Тайқазанның оралуына өзіндік үлесін қосқан сол уақыттағы Әзірет Сұлтан қорық музейінің директоры Нұрмахан Назаров ағамыз сұхбаттарының бірінде бір сұраққа жауап береді. Біз ол кісіден «Тайқазанмен бірге неге шырағдандар да сұралмады, Шырағдандарды да алуға мүмкіндік болмады ма?» деп сұрадық. О кісі бұл өзіне өте көп қойылатын сұрақтардың бірі екенін айтты. Тайқазанмен бірге шырағданды қатар сұрасақ тайқазанды емес шырағдандарды қайтаруы мүмкін екенін ескеріп, тайқазанды сұратқандарын айтты. Шын мәнінде сол уақытта барлық жәдігерлерді қайтару мүмкін емес еді. Былтыр Тайқазанның құйылуына 620 жыл және тайқазанның қазақ еліне қайта оралуына 30 жыл толды. Қорық музей өзінің жоспарлау жұмыстары барысында бірнеше іс-шара атқарды. Арнайы көрмелер ұйымдастырдық. Тайқазан құйылған Қарнақ ауылында бірлескен көрме ұйымдастырылды. Тайқазанның елге оралуына 30 жыл толуына байланысты бірқатар деректерге кездестік. Тұрсын Жұртбай бір мақаласында тайқазанды алып кетуге Эрмитаждағылар біршама өкініш білдіргенін жазады. Біз тайқазанды алып кеткеннен кейін Эрмитаждан басқа КСРО құрамында болған бірқатар елдер өздеріне тиесілі жәдігерлеріне сұрау салған. Эрмитажда іс-сапар барысымен, не болмаса тәжірибе алмасуға барған біздің қорық музейдің қызметкерлері шырағдандарды көре алмаған. Өйткені тайқазан әкетілгеннен кейін бұл шырағдандар реставрацияда екені айтылады. Эрмитаж директоры Петровскидің тайқазанның оралуы барысында жазған хатында «Ленинград үшін өте қиын кезеңдердің өзінде Ұлы Отан соғысы кезінде қоршауда тұрса да біз тайқазанды көзіміздің қарашығындай сақтай алдық. Енді осы абыройлы істі сіздерге аманаттаймыз» деп жазғаны алдындағы үлкен жауапкершілікті білдіреді. Сондықтан да біздің музей қызметкерлері осы құнды жәдігерлерді сақтай отырып, болашақ ұрпаққа аманаттаймыз. Жастарды тарихпен таныстыру басты мақсатымыз екенін сезінеміз. Әрбір жәдігер мен оның тарихын білу – еліміздің және қасиетті Түркістан қаласының, соның ішінде киелі бабаларымыздың, бір туар тұлғаларды тану ұрпақ борышы екенін ескертеміз,-дейді Мұрат Тастанбеков.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №28, 9 шілде 2020 ж