«Әке-шеше опасыздығын көрген бала адамдарға сенбейді»

112

Газетіміздің №28 санындағы (8 шілде, 2020 жыл) «Тағдыр» айдарында «Қызым әкесін жек көреді» деген тақырыппен хикая жарық көрді. Редакциямызға хабарласқан оқырман сүйіп қосылған жары екеуі қаншама қиындықты бастан өткізгенін айтады. Соның бірі – ұзақ уақыт перзент сүйе алмағандары. Содан кейін жолдасы жазатайым оқиғаға тап болып жүре алмай қалыпты. 7 жыл бойы арбаға таңылған күйеуін күтіп-бағып, аяққа түрғызған кейіпкеріміз бақыттан басы айналып жүргенінде, жолдасының опасыздығы туралы біледі. Алайда бұл жаман хабарды оған бойжетіп қалған қызы айтыпты. Әкесінің опасыздығына налыған қызы анасының ажырасқанын қалайды. Кейіпкеріміз жолдасын кешіріп, отбасын сақтап қалғасы келеді. Екі оттың ортасында қалған әйел газетіміздің «Психолог бұрышы» айдары арқылы кеңес сұрайды. Оқырман хикаясын оқыған №2 Шымкент қалалық емханасының психологы Меруерт Темірханова мынадай пікір берді. Қаз-қалпында жариялап отырмыз.

Кейіпкеріміз оқиғасын: «Жолдасыммен сүйіп қосылдық» деп бастапты. Басына түскен қиындықтарды қалай еңсергенін баяндайды. Кейіпкер оқиғасынан оның тұла бойы жолдасына деген махаббатқа тұнып тұрғанын аңғардым. Ол оны шынайы сүйеді. Жолдасы да оны жақсы көреді. Бірақ бір сәт әлсіздікке ерік беріп, аяғын шалыс басқан. Бірақ, қатесін түсінген сыңайлы. Себебі отбасын таңдады. Керісінше болуы да мүмкін еді. Әйелін, бала-шағасын тастап, сол келіншекті таңдауына да болады. Бірақ, ол ер-азамат мұны істемеді. Ол өзі құрған отбасында қалды, яғни отбасын жақсы көреді. Оны бірінші орынға қояды.
Өкінішке қарай, көбіне мұндай жағдайда ер-азаматтар «көңілдесті» таңдап жатады. Ол кезде айтатын сылтаулары да, себептері де көбейеді. Бастысы – әйелін жамандап, бар кінәні соған артады. Ажырасып, басқа отбасын құрады. Ал бұл оқиғада бірін-бірі сүйетін, отбасын бірінші орынға қоятын, қандай қиындық болса да жеңіп шығатын «мықты» ерлі-зайыптыларды көріп тұрмын. Сондықтан да, мен кеңесімді кішкене түсінік пен ұсыныстан бастағым келіп отыр.
Жалпы ерлі-зайыптылар опасыздық жасағанда бір-біріне ғана емес, отбасы мен бала-шағасына опасыздық жасайтынын ұғынуы қажет. Отбасында опасыздық жасалғаны ашылған кезде жер сілкінгендей сезім болады: сол кезде адам өзімен не болып жатқанына есеп бере алмайды. Опасыздықты бастан кешкен серігі өзін пассивті позицияда сезінеді, теріс эмоциялар жаулап алады, ал серігіне ренжиді, тіпті жек көріп кетеді.
Егер опасыздық жасалғанын білсеңіз, ең алдымен өзіңізді сабырға келтіруге тырысу, сабырға шақыру, себебі ашу-ызада қабылданған шешімдер дұрыс болмауы мүмкін. Әрбір адам төменде көрсетілген өзіне «жедел жәрдем» әдістемесін қолдана алады:
Өзіңізге қайталап айтыңыз, бұл опасыздық жағдай жасалып қойды, енді ештеңе істеу мүмкін емес. Болып қойған жағдайды қабылдау.
1. Серігіңізге қатысты мәселені, эмоция үстінде қабылдауға асықпаңыз. Шешімді эмоциаларыңызды қалыптастырып, өзіңізге не қажет екенін нақты біліп, сосын қабылдаңыз.
2. Дәл қазіргі уақытқа оралыңыз, жаныңызда отбасыңыз аман-сау, баспанаңыз бар, жұмысыңыз бен некеңіз бар. Қарым-қатынасты, отбасыңызды сақтап қалу жайында, кейінірек ойлануға болады, ал әзірше өзіңізге және өзіңізде бар нәрселерге көңіл бөліңіз.
3. Отбасылық қарым-қатынаста сізді қандай нәрселер қанағаттандырады, соның тізім жасаңыз.
4. Өзіңізге мән беріңіз –
-Мен осы оқиғада не сезінемін: ашулану, тітіркену, реніш, қайғы?
Өз сезіміңізді толығымен сипаттаңыз.
– Осының бәрін тоқтату үшін өзіме қанша күн беремін?

Сезімдеріңіздің бәрін шығарып, қалыптастыруға және өзіңіз «стоп» деп айта алатындай күн қойыңыз.
Егер қандай да бір алаңдаушылық болмаса, күйзеліс әдетте бірнеше аптадан кейін өтеді. Әдетте серігіңізбен ашық әңгімелескен кезде реніш басылады. Әңгімелесу, эмоцияларыңызды шығару арқылы құндылығыңызды қайтадан сезініп, серігіңізге деген жақсы көру мен сенімді байқайсыз. Кейінірек екеуіңіз бірігіп, өмірлеріңізге бұрынғы құмарлықты қалпына келтіруге жұмыс жасаңыз. Егер серігіңіз қарым-қатынасыңызды сақтап қалу мен өз кінәсін өтеу үшін бәрін жасаса, ал сіз оны кешіре алмасаңыз, онда қарым-қатынасты сақтап қалу мен дамытуға тиісті мамандардан кеңес алыңыз.
Енді оқиғаға қатысты кеңесіме оралсам, отбасында, ата-ана қарым-қатынасы мен мәселелері екеуінің арасында қалуы қажет. Балалар ата-ана қарым-қатынасына араласпауы керек, тіпті егер балалар, өсіп қалған болса да… Себебі отбасындағы әр бір мүшенің өз рольі мен шекаралары бар, соны бұзбау қажет.
Ханым (қыздың анасы) басыңыздан өткен оқиғадағы сезімдеріңіз қиын болғаны және оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес екені белгілі.
Серігіңіздің опасыздығын кешіргендіктен енді болашақта ол тақырыпты өткен шаққа қалдырып, мүлдем талқыға салмаңыз.
Опасыздықты серігіңіз екеуіңіздің қарым-қатынастарыңызды нығайтуға, жаңа құштарлықты оятуға берілген сынақ деп қабылдаңыз.
Өзіңіздің ерекше жаратылған әйел екеніңізге сеніңіз, өзіңізді дамытыңыз, денсаулығыңызға, ішкі рухани жай-күйіңізге, дене бітіміңізге, киген киім, жүріс-тұрысыңызға, мән беріңіз. Серігіңізге көңіл бөліңіз. Бос уақыттарыңызды бірге өткізуге, үй шаруаларына серігіңізді араластырыңыз, бала тәрбиесіне көңіл бөлуіне, отбасына қатысты мәселелерді бірге талқылап шешім қабылдаңыздар.
Ал енді Ханым, қызыңызбен қарым-қатынасты орнатуға мына төмендегі кеңестерге мән беріңіз:
– біріншіден, қызыңызға ата-ананың қарым-қатынасы тек екеуіңіздің араларыңызда екенін түсіндіріп айту;
– екіншіден, өзіңіз шешіміңізді өз еркіңізбен, сенімді, таразылай отырып қабылдағаныңызды қызыңызға түсіндіру.
– үшіншіден, қызыңызға өзімен шынайы болуға, ренішін, сезімін, сізбен бөлісуіне рұқсат беру.
– төртінші, бұл оқиғада барлық отбасы мүшесіне оңай соқпағаны жайында, әкесін кешіруге тырысып, баяғышы қабылдауына уақыт бар екенін айту.
– бесінші, балаларыңызға қандай жағдай болса да, ата-ана үшін сүйікті балалары болып қалатынын жеткізу;
– алтыншы, қызыңызбен жеке сөйлесе отырып, қызыңыздың адамдармен сенімді қарым-қатынас орната алатынын және адамдар бірдей емес екенін түсіндіру. Себебі отбасында опасыздық көрген балалардың адамдарға деген сенімі бұзылуы мүмкін. Мүмкіндік болса психолог маманнан кеңес алған абзал.

Жазып алған – Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №29, 16 шілде 2020 ж