Қатерлі дерттен қаза тапқан отандастарды дәрігерлерден бастап билік өкілдері де еске алды. Өздері жұмыс істеп жүрген мекемеден арнайы шыққан олар бір минут үнсіз тұрды.
Осы уақыт аралығында бірі көз жасына ерік берсе, тағы бірі күрсініп тарқасты. Әсіресе, жарияланбаған майданға қарусыз аттанған ақ халаттылар көңілі жүдеу. Оның себебі де жоқ емес. Коронавирус келгелі Шымкентте 16 медицина қызметкері қайтыс болған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Бүгін біз өмірін қатерлі індет жалмаған отандастарымызды еске аламыз. Қайтыс болған жандардың отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Бірлік пен татулық бізді бұл сынды да еңсеруімізге көмектеседі».
Осылай деген мемлекет басшысы бүгін коронавирустан қайтыс болған құрбандарды еске алу үшін Ақ Ордадан арнайы шықты. Төмен түсірілген ту алдында мемлекеттік хатшы, Президент әкімшілігінің хатшысы, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы мен денсаулық сақтау министрі де тұр. Қатерлі дерттен қаза тапқандарды Шымкентте де еске алды.
Түскі он екіде әкімдік өкілдері ғана емес, қаланың дәрігерлері де қызмет орнынан арнайы шықты. Карантин басталғалы майданға қарусыз аттанған олардың көңілі жүдеу. Себебі осы уақытқа дейін қалада 16 медицина маманы вирус кесірінен бақилық болған. Сөздерінше, ажал құшқан әріптестері соңғы деміне дейін қызметте жүрген. Ақырында реанимацияға түсіп жан тапсырды.
Жадыра Иманилиева, №1 аурухананың бас медбике міндетін атқарушы: «Өте қайғылы жағдай біздер үшін. Арамызда бірге жұмыс істеген, күнде қасымызда болған әріптестеріміз кетіп жатыр. Күндерінің соңына шейін, ауырғандарына да мойынсұнбай осы жерде келген науқастарға қызмет жасап, қолдарынан келген көмектерін аямай. Ол кісілер өте алтын адамдар. Бар жастық шақтарын осы жұмыс орнында өткізді».
Көрінбейтін жау кесірінен көз жұмғандарды Семей полигоны мен Чернобль апатында болғандар да еске алды. Ол үшін ардагерлер мәңгілік алау мемориалына келген. Экология кесірінен онсыз да денсаулығынан құрыған азаматтар жағдайы мәз емес. Шымкент бойынша он күннің ішінде апатты жерде болған үш ардагер ажал құшыпты.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін Шымкентте коронавирус кесірінен 24, пневмониядан 46 тұрғын қайтыс болды. Ал, Қазақстан бойынша өкпе ауруынан қайтыс болғандар саны 1772. Оның 628 бір ғана маусым айында көз жұмған.
Назерке Үкібасова