Бала жарақаттанса, қай ауруханаға апарады?

314

Коронавирус кәріні де, баланы да үйге қамады. Осылайша ойын баласы бірнеше айдан бері төрт қабырғаға қамалып отыруға мәжбүр. Алайда баланың аты бала емес пе? Шілде кіріп, жаз күшіне мінгелі оларды үйде ұстап отыру қиын. Асыр салып ойнағысы, жүгіріп, секіргісі келеді. Доп қуалап, достарымен жүруді қалайды. Нәтижесінде, басын жарып не аяқ-қолын зақымдап ауруханаға таңылатындар да жоқ емес.

АЯҚ-ҚОЛЫН СЫНДЫРАДЫ…

Жаз – тек саяхаттап, демалудың маусымы ғана емес, жарақатқа толы мезгіл екені де белгілі. Оған балалар ауруханасына түрлі деңгейдегі жарақатпен түсетін кішкентай науқастардың саны дәлел. Облыстық балалар ауруханасының травмотолог дәрігері Ержан Шариповтың сөзінше, травматологиялық бөлімнің палатасына таңылатындардың көбі «жеміс жеймін» деп, ағашқа өрмелеп аяқ-қолын сындырғандар, төбелесіп таяқ жегендер мен алаңсыз ойнап жүріп көлік астына түскендер. Бұған да негіз жоқ емес. Карантиннен әбден мезі болған бала үйден шықса асыр салып ойнағысы келеді. Тіпті үй бетін көрмей, күні бойы сыртта жүретіндері де қаншама.
– Биылғы жазда да жазатайым оқиғалар аз емес. Карантиндік режим десек те, баланы үйде ұстап отыру мүмкін емес. Ойын баласы далада ойнап, велосипед, ролик, гироскутер тепкісі келеді. Кейбір балақайлар ашық не жабық дене жарақатын алады. Жан сақтау бөліміне түсетіндер де бар. Алайда, бұл-бұл ма? Үйде отырып-ақ, қолын ауыртып, басын жарып, саусағын кесіп, аяғын күйдіріп ауруханаға түсетін балақайлар да жоқ емес, -дейді Ержан Шарипов.

Оның айтуынша, ашық және жабық жарақатты ойын алаңшасында да, жолда көлік қағып алатындар да көп. Мәселен, екі жасар Самат әткеншектен оңбай таяқ жеп маңдайын жарыпты. Осылайша оның маңдайын тігуге тура келген.
Жаз мезгілінде терезеден құлау оқиғалары да жиілей түседі. Мұндай оқиғаларға ұшырағандардың көбісінің бас сүйегі жараланып, омыртқасы сынады. Түрлі деңгейде жарақат алады. Өкініштісі терезеден құлаған балақайлардың көбін аман алып қалу мүмкін болмайды.

УЛАНЫП ЖАТЫР

Токсикология бөлімшесінің меңгерушісі Асылхан Мыңбосыновтың айтуынша, жаз айларында жәндік шағып алатындар да аз болмайды. Соның қатарында балалар да бар. Мәселен, орта есеппен 27 науқас емделсе, оның бесеуі — бала болады. Бірақ, маман жыл өткен сайын қарақұрт пен жылан шағатындардың қатары азайғанын айтады.
Маман сондай-ақ, жазда улану қаупінің жәндіктерден ғана емес, тұрмыстық себептерден де болатынын тілге тиек етті. Күннің аптап ыстығына шыдай алмайтын кішкентай балақайлар сірке суымен немесе алкогольді ішімдікпен шөлдерін басатын көрінеді. Сондай-ақ, ыдыс-аяқ жууға пайдаланатын химиялық бұйымды «шырын» деп ішіп қоятындар да аз емес.
Мәселен, Айнаш апайдың немересі сірке суын ішіп ауруханаға түскен. Әжейдің айтуынша, келіні «банка жауып жатқанда» немересі жерде тұрған сірке суын су орнына сіміріпті.
Ал Алмагүлдің қызы сөредегі «баклашкіге» құйылған спиртті сусын деп ішіп қойған. Осылайша олар ауруханадан бір-ақ шыққан.
Дәрігер балалар өзіне төнетін қауіпті сезінбейтінін айтады. Сондықтан да балаңыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмес үшін ұқыпты әрі сақ болып жүруге кеңес береді. Денсаулыққа қауіп төндіретін заттарды баланың қолы жетпейтін жерге қою керек екенін айтады.
Жаз мезгілінде күйік шалатындардың да саны артады. Әсіресе, отбасылық демалыстарда кішкентайлар отқа не шоққа күйіп қалып жатады.
– Ата-аналар күйген жерге тіс пастасын жағады. Бірақ, бұл – қате. Күйген жерге тіс пастасын жағуы мүлдем болмайды. Себебі өзі күйіп тұрған жерге паста жаққанда ол қатып қалады, ал оны кетіргенде тері тағы жарақат алады. Сондықтан күйген жерді салқын суға салу керек. Жедел жәрдем келгенше салқын сумен жуып, дәрігердің нұсқауымен ғана байлап, таңуға болады, — дейді дәрігер.
Дәрігерлердің айтуынша, кейбір ата-ана жарақат алған баласын 2-3 күн үйінде ұстап, дәрігерге уақытында әкелмейді екен. Өздігінше ем-дом жасап, баланың жағдайын ушықтырады. Ал кейбіреулер баласын қайда апарарын білмей, дал болады. Бұл түсінікті де?!

Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының мекенжайы: Шымкент қаласы, Асар ш/ауд, 757.

Тел: 53 52 58

Түркістан облыстық балалар ауруханасының мекенжайы: Шымкент қаласы, Нұрсәт ш/ауд, Арғынбеков көш, 125.

Тел: 77 31 57

«Т. Орынбаев атындағы гипербарилық оксигенация орталығының» мекенжайы: Шымкент қаласы, М. Сматлаев көш, 60.

Тел: 40 07 03

Індет өршіп тұрғанда жедел жәрдем бригадасына да, ауруханаларға да сенім артпайтындар бар. Дегенмен ақ халаттылар жарақаттың қай түріне болмасан бей-жай қарауға болмайтынын айтады. Сондықтан да иықтан жоғары жарақат алғандарды «Нұрсәттегі» облыстық балалар ауруханасына, иықтан төмен жарақат алғандарды «Асардағы» қалалық балалар ауруханасына әкекелуге кеңес береді.
Ақ халаттылар жаз мезгілінде абайсызда токқа түскендердің өмірі үшін де жанталасатынын айтады. Мұндай оқиғаларға дәрігерлер көп жағдайда балаларын қадағалаусыз қалдыратын жауапсыз ата-аналарды кінәлайды.
Сондықтан да ақ халаттылар «бақытсыз оқиғаның бетін аулақ қылсын» десеңіз, «бауыр еті — балаңызға көзіңіздің қарашығындай қараңыз» деп ескертеді. Десек те, баланың аты бала. Көзіңізді ала бере оның міндетті түрде бір нәрсені бүлдіретіні хақ.
Әйтсе де карантин кезінде мұндай жағымсыз оқиғалар біршама азайған. Дәрігерлер мұны ата-аналардың үйде балаларының жанында отыруымен байланыстыруда. Бірақ қалай десек те «пәле аяқастында» деген бар. Ойламаған жерден сол пәлеге тап болып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталмаса игі.
«Сақтансаң сақтайды» демекші, қай жыл мезгілі болмасын балаларымызға бас көз болып, көзіміздің қарашығындай қорғап жүрейік! Ал сіз балаңыздың дәл қазір қайда жүргенін және немен айналысып жатқанын білесіз бе, ата-ана?

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №28, 9 шілде 2020 ж