Дәрілік препараттарды заңсыз сатқандардың ісі сотқа жетті. Шымкентте фармацевтикалық заттарды сатуда заңды белді басқан 10 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Бұл туралы бүгін эпидемиологиялық жағдай бойынша өткізген брифингте қала әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді. Шаһар басшысы қалада қолға алынған қауіпті инфекция үшін күрестің жайын баяндап берді.
«Қалаға дәрі келудей келіп жатыр, бірақ, қайда кетіп жатқанын білмейсің». Осылай деген Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов медициналық препараттардың сатылуын мықтап қолға алғанын алға тартты. Өткен айда қалаға 200 мың адамға жетерлік вирусқа қарсы дәрілікк заттар жеткізілген. Алайда, үйде, ауруханаларда емделіп жатқан науқастардың санын қосқанда 200 мыңға жетпейді дейді қала әкімі.
Жүргізілген рейдтік шаралар кезінде заңсыз дәрі-дәрмек сатумен айналысқандардың 50 жайты анықталған. Кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Дәрілік қорға келсек, қаладағы дәріханаларда дене қызуын төмендететін 116 мыңға қорапта дәрілік заттар, 137 мыңға жуық қорап вирусқа қарсы препараттар мен 133 мыңнан астам антибиотик бар екен. Ал медициналық мекемелердегі өкпені жасанды желдету аппараттарының саны — 323. Қала билігі жуырда маман тапшылығын де шешеміз деп отыр. Енді пандемиямен күреске жоғары оқу орындарының түлектері тартылатын болады.
Қаладағы эпидемиологиялық ақуал бері қарамай тұр. Миллионды қалада 1 маусымнан бастап жұқпалы респираторлы вирусты инфекцияға шалдыққан 12 мыңға жуық науқас тіркелген. Осы аралықта 6340 адамнан пневмония табылған. Бұл аз десеңіз, осы кезеңде шаһарда коронавирус жұқтырған 3 596 адам тіркеліп, 2097 науқас емделіп шықты. Өкінішке орай, 18 адам қайтыс болған.
Мақпал Рысбаева