Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әрбір адамға ой салған сыңайлы. Сауда орындарында, көшелерде бетперде киген адамдар көбейген. Коронавирус індетінің әсерін диқандар да сезінуде.
Ишанқұловтар отбасы қызылшаны сатуға дайындауда. Келісін 35 теңгеден босатуға мәжбұр болыпты. Биыл еккен өнімдерінің алғашқылары сатылмай егістік жерде, бірі базарда қалып қойды. Қырыққабттың түр — түрін былтыр 500 теңгеден егін алқабынан алып кетсе, ағымдағы жылы 100 теңгеге де сата алмадық дейді отағасы.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуда қиыншылықтар барын қарабұлақтық диқан Рустамбек Азамқұлов жасырмады. Екі жарым гектар жердегі жүзім, алма бағындағы бос жерге картоп еккен диқан бүгін өнімін сата алмай әлек.
Рустамбек Азамқұлов, қарабұлақтық диқан: «Базар күні істемейді. Қалаған уақытта келіп сата алмайсың. Тамақтандыру орындары барлығы жабық. Өнімдерімізді мейманхана, кафелер алатын еді. Билікке не айтамыз, барлығы Алланың ісі».
Шұбарсу елдімекеніндегі жылыжайдан қызанағын қаладағы базарға жеткізген Қайырбек Данияр да өнімін арзан бағаға сатуға мәжбүр: «Базарлардың жұмысына шектеу қойғаннан бері сату қиын. Бұзылып қалады ма деп аладаңдап тұрмын».
Демалыс күндері сауда орындары жұмыс істемейтіндіктен адамдар жұмыс күндері азық-түлік қорын жасауға кіріскен. Коронавирус індетіне байланысты сауда орындарының сенбі, жексенбі күндері жабылғаны ыңғайсыздық туғызуда. Есесіне бағалар да шарықтап барады дейді тұрғындар.
Қалдықыз Жамалбекова, қала тұрғыны: «Ыңғайсыздықтар бар. Базар демалыс күндері істемейді. Жұмыс күні жарты сағатқа келіп тез сатып алып жатырмыз. Бағалар қымбаттап кеткен. Қызанақтың өзі — 180 -200 теңге. Сақтық шараларын орындаңдар дейді. Маска кимегендер жетеді».
Қаладағы базарларда сақтық шаралары күшейтілген. Алайда бейқамдық танытып, бетпердесіз жүрген адамдар да баршылық. Байқағанымыз адамдар бір- біріне сақтық шараларын сақтау жөнінде ескерту жасауда. Шымкенттіктер індеттің қауіпін енді түсінген сияқты.
Шынар Оразова