Иттің етімен емделген шымкенттіктер ресейлік дәрігерлерді таң қалдырды

167

Ресей Федерациясынан келген дәрігерлерді өз бетінше емделетін шымкенттіктердің жайы алаңдатып отыр. Айтуларынша өкпесі қабынып ауруханаға түскен науқастардың дені үйлерінде 10 күнге дейін жатып алған.

Осы уақыт аралығында антибактериалды дәрі-дәрмектің түр-түрін пайдаланып, ем қонбайтындай дәрежеге дейін жетеді екен. Ал жергілікті науқастардың олай етпеске амалы бар ма? Ауруханалардағы орын тапшылығы қалай шешілуде? Эпидемиялық ақуалды баяндап берген денсаулық сақтау саласының өкілдері бүгін осы сауалдарға жауап берді.

Жуырда Шымкентке Ресейден реанимотолог, инфекционистерден құралған 7 маман келді. Олар жергілікті дәрігерлердің емдеу тактикасын бағамдап, медициналық ұйымдардың жағдайын көзбен көрді. Әріптестерінің жұмысына оң бағасын бергенмен, емделушілердің эпидемиялық жағдайға атүсті қарауы шетелдік мамандарды қайран қалдырды.

10 күнге дейін үйде жатып өз бетінше қаралған науқастарға ақыр-соңында тағайындалған ем-шаралар қонбай, ақ халаттыларды да, өздерін де әбіргерге салады дейді шетелдік маман. Ресейден келген дәрігерді әсіресе иттің етімен емделгендер таң қалдырған.

Денис Цветков, мғк. реанимотолог: «Иттің еті де, басқа да жануарлардың етімен емделу пневмония немесе Ковидтен емделуде нәтиже бермейді. Осылай емделіп жүргендерді көріп шошып кеттік. Жалпы, Шымкентте жүріп түрлі халықтық ем шаралардың түрлерімен таныстық. Науқастар үйлерінде жатып өзибетінше емделіп, дәрінің түр-түрін қабылдайды. Біздің нұсқауымыздағы ем-шаралар дер кезінде әсер етпей жатады. Сондықтан ауырған бойда дәрігерлерге қаралу қажет… Шымкенттік мамандар немен айналысып жатқанын жақсы біледі».

Дегенмен, жергілікті науқастардың үйде емделуіне себеп болды. Эпидемиялық жағдай өрши түскенде ауруханаларда орын тапшылығы байқалып, емделушілер тіпті сандалып кеткен болатын. Ал қазір Шымкентте 3210 провизорлық төсек орын ашылды. Оның ішінде 260 төсек орын реанимациялық. Басқарма өкілдері бұл орын жеткілікті дейді. Себебі, қалада эпидемиологиялық ақуал бері қарап келеді екен. Оған карантин шектеулерінің қатаңдатылуы себеп дейді мамандар.

Темірхан Варзилов, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а.: «Біз карантин шектеулеріне мойынсұнуымыз керек. Осындай өмір сүру салтына көндігуіміз қажет. Себебі, басқа жол жоқ. Қазір халық үйде отырады, тойға бармайды, қыдырмайды. Нысандардың жұмысы шектелді. Сондықтан эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді».

Салаға жауаптылар әзірге қалада пневмониядан қайтыс болғандардың санын ашық айтпай отыр. Себебі тамыз айынан бастап коронавирус пен өкпенің қабынуы статистикасы біріктіріледі екен. Денсаулық сақтау министрлігі науқастарды тіркеудің жаңа тәсілін енгізуге шешім қабылдапты.

Мақпал Рысбаева