Кентаулық тұрғынның үйін таспен атқылаған

237

 

Түркістан облысы полицейлері бұзақылық жайты бойынша тергеу амалдарын жүргізуде. Күні кеше түнгі сағат 01:00 шамасында Кентау қалалық ПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын өзін және туыстарын ауылдастары ұрып-соққандығын айтып, шағымданған.

Оқиға орнына шұғыл Түркістан облысы ПД басшылығы бастаған жедел-тергеу тобы шықты. Полицейлер жүргізген жедел-тергеу іс-шарасы барысында анықталғандай, ауыл көшелерінің бірінде ер адам мен ауылдасының арасында түсінбеушілік орын алған.

Арада біраз уақыт өткен соң, жәбірленушінің үйіне бірнеше автокөліктермен белгісіз тұлғалар келіп, оның үйі мен көршілерінің ауласына қарай тас лақтырып, содан белгісіз бағытқа жасырынған. Жәбірленушінің 3 туысы жарақат алған. Оларға медициналық көмек көрсетілді.

Жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде жедел уәкілдер 4 күдікті тұлғаны анықтап, ұстады. Орын алған жағдайдың барлығы сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады.

Мақпал Рысбаева