Сайрам ауданындағы Манкент тұрғындары таза ауа емес, шаң жұтуға мәжбүр. Сөздерінше, мұндағы көшені әлдебіреу меншіктеп, жүк көліктерін өткізу үшін ақы алып отырады.
Ал, дамылсыз жүретін көліктер шаңына сол маңдағы тұрғындар тұншығуға мәжбүр. 10 жылдан бері тозаң жұтқан жұрттың енді қашан таза ауаға жетері белгісіз. Себебі, меншігін заңсыз пайдаланып отырған кәсіпкерге тосқауыл болар жан табылмай тұр.
«Сіз әкімсіз. Сонда халықтың жағдайын сіздер ойламасаңыздар біз қайда барамыз? Жол көрсетіңіздер бізге».
Манкент ауыл округы тұрғындарының әкімнен жарыған жауап таба алмай жүргініне 10 жыл. Бар тілектері жұрт сияқты тыныш өмір сүру. Бірақ оған сол маңдағы көшеден дамылсыз өтетін жүк көліктері кедергі.
Күндіз-түні ағылған ауыр машина дауысы ғана емес, елді одан көтерілген шаң да әбіржітіп бітіпті. Тозаң астында қалдық деген ел, шаңнан құтылу үшін үйлерін сатуға да қойған. Алайда, оны алатын жан табылмай тұр.
Замира Қаршыбекова, ауыл тұрғыны: «Мен мына шаңның кесірінен үйді сатпақ едім. Алам деп келгендер неге сатпақшысың дейді. Шындықты, күндіз-түні шаң жұтып отырғанымызды айтсам, ешкім алғысы келмейді. Шаңнан көз аша алмай, шай ішуден қалдық».
Айнабұлақ көшесіндегі мәселе мұнымен бітпейді. Қараша халық тозаң ғана емес сасық иістен де құтыла алмай әлек. Сөздерінше, қарсы беттегі көшеден ауыр көліктер жай өтпейді. Түрлі қоқыс қалдықтарын тастап кетеді. Салдарынан күл-қоқыс төгетін орынға айналған. Ал, иісін сол баяғы тұрғындар жұтуға мәжбүр.
Гүлжан Қозыбаева, ауыл тұрғыны: «Осы жаққа көшіп келгеніме 8 жыл. 8 жылдан бері осы жолда не маза жоқ. Азаннан кешке дейін шаң. Тоғыздан алтыға дейін істесе жөн еді. Жоқ күн демей, түн демей мына Камаздардың дауысы. Далаға шыға алмай қалдық. Балаларымызды есіктің алдына шығармаймыз. Шаң, топырақ деп. Есіктің алдына кір жая алмаймыз. Үйде тығылып отырамыз».
Меншікке өткен ақылы көшенің құны арзан емес екен. Бір бағыт үшін 200 теңге төлейді. Мұны білу үшін кассир отыратын жерге де бардық. Алайда, қожайын өкілін табу мүмкін болмады.
«Бұрын тегін болған ғой. Қазір сатып алдық деп ақша алып жатыр. Әр рейстен алады. 200-500 теңге. Күніне 4-5 рет өтемін. Әр машинадан алады», дейді жүргізушілер.
Ал, ауыл әкімдігі болса, пысықайлардың бұл заңсыздығын білетін болып шықты. Тек оны тоқтатуға әлі күнге дейін шара қолданбаған.
«Олардың жері ауыл шаруышылығы мақсатындағы жер. Біз білмейміз оны. Жол заңсыз. Мынау жеке кәсіпкерлер жерді алып қойған ғой. Солар жолды бермейміз деп отыр. Егер жолды беріп, көпір істелетін болса, жол ашылады. Бермесе солармен қазір келіссөз жүргізіліп жатыр. Аудандық транспорт тарапынан», дейді әкім.
Ауыл әкімдігі мәселені аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне сілтеді. Ал, аталмыш бөлім басшысы жауапкершілікті жер қатынастары бөліміне ысырды. Осылайша мәселені бір біріне артқан жауаптылар ол жолдың жөнделетінін жеткізді.
Уәли Бейсенбаев, Сайрам ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: «Бұл жолды қазір аудандық маңызы бар жолдың балансына қабылдадық. Қаулы шығарып. Қазіргі таңда жеке кәсіпкердің жерін мемлекет мұқтаждығына алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олардың Камазды ақша алып өткізіп жатқаны заңды ма? Бұл сұраққа жер бөлімі жауап бермесе, біз енді жауап бере алмаймыз».
Айта кетейік, жырға айналған иесі бар көшені жөндеу үшін жауаптылар бюджеттен 200 млн. теңге сұрағалы отыр. Ал, оған дейін мұндағы тұрғындар тозаң астында өмір сүруге мәжбүр.
Назерке Үкібасова