Коронавирус пандемиясы әлем халқын үйге қамады. Барлығы үйде отыруға мәжбүр. Осы кезде тұрмыстық зорлық-зомбылық жиіледі. Күйеуі де, әйелі де, бала да үйден шықпай, жүйкеге салмақ түсіп, әйелі мен баласына жұдырық ала жүгіретіндер көбейді. Бұрыннан отбасының апшысын қуырып, ұрып-соғатын ұр да жық күйеулердің зорлығы тіпті күшейді. Бұған құқық қорғау органдарына келіп түсетін арыз-шағымдар дәлел. Статистикаға сенсек, төтенше жағдай кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық әдеттегіден 50 есе артқан. Ата-ана үйде отырған баласын сыйдырмай, ұрып соқса, енді бірде күйеуі әйелін соққыға жығады. Көбіне көп зардап шегіп, зәбір көретінд әйелдер қауымы болып отыр. Бүгінгі «Талқыға түсер тақырып» айдарымыздың кейіпкері Айғаным (аты-жөні өзгертілді – ред.) 8 жылдан бері күйеуінен зәбір көріп келген.
Үш баланың анасы осы күнге дейін «Жұрттан ұят болады» деп ұртоқпақ күйеудің әрекетіне шыдап келіпті. Алайда, шыдамның да шегі бар. Ол күйеуінен ажырасуға бел буыпты. Алайда оның бұл шешімін ата-анасы қолдамай отыр. Сондықтан да Айғаным үш баласымен әке-шешесінің жанында емес, «Көмек» орталығында тұрып жатыр.
– Жолдасым екеуміз бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Мінезді, қатал ер азамат болатын. Отбасылық өміріміздің төртінші жылы сол мінезін маған көрсететін болды. Бірінші баламыз туылған соң-ақ, тырнақ астынан кір іздеп, түймедейді түйедей етіп, отбасының берекесін қашыруды әдетке айналдырды. Күнде жанжал, күнде ұрып-соғу. Осылайша, отасқан 11 жылымыздың 8 жылында таяқтан көз ашпай келемін,-дейді Айғаным.
Ол мұндай қорлыққа ата-анасы үшін шыдапты, өйткені ата-анасының жұрт алдында қызарғанын қаламаған. Дегенмен Айғанымның күйеуі әйелінің үнсіздігін әлсіздігі деп қабылдап, қорлауын қоймайды. Екінші әйел алып, екеуін қосып сабапты.
Келе-келе күйеуінің жұдырығы балаларға да тигенде ғана киім-кешегін жинап, кетуге бел буады. Сөйтіп, ата-анасынан қолдау таппай, барар жері, басар тауы жоқ әйелдерге арналған «Көмек» реабилитациялық орталығын паналап отыр. Бұл орталықта Айғаным сияқты жандар көп. Барлығының да балалары қасында.
Келесі кейіпкеріміздің де оқиғасы Айғанымға ұқсас. Оны тек күйеуі ғана емес, енесі де соққыға жыққан.
– Мен жетіммін. Сөзімді сөйлейтін, маған жақтасатын ата-анам жоқ. Тек жалғыз бауырым – ағам бар. Бірақ ағам: «ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен түседі» деген ұстанымдағы адам. Менің отбасылық жағдайыма араласпайды,-деген кейіпкеріміз отасқан 4 жылдың бір де бір күні тыныш өтпегенін айтты.
Күйеуден таяқ жегені аздай, енесінің де қол көтеретіні жанына батқан соң екі перзентін алып үйден кетіп қалыпты.
– Үйде екі баламен отырамын. Жолдасым – жұмыссыз. Отбасының асыраушысы да, нан табары да енем еді. Алайда карантинде ол кісі де жұмыссыз қалды. Содан бастап, үйдегі жанжал күшейді. Олар мені «арамтамақ» деп үйден қуып, балаларымды тартып алмақшы. Баратын жерім болмаған соң, «Көмек» орталығын паналап отырмын,-дейді өзін Райхан деп таныстырған кейіпкеріміз.
Біздің жазғанымыз – тек екі әйелдің тағдыры. Күйеуінен жәбір көріп, соққыға жығылған әйел қаншама.
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Тоғжан Өмірзақова, Шымкент ПД Қаратау аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің инспекторы, полиция капитаны:
– Қаламызда зорлық-зомбылық тыйылмай тұр. Отбасылық жанжалға көбіне – еркектің ішімдікке салыну себеп болады. Екінші себеп — жұмыссыздық мәселесі. Әйелін қызғанып, ұратындар да бар. Бірақ, қыздарымыз «балдай батып, судай сің» деген тәрбиесінен шыға алмай, күйеуінің үстінен арызданып, оны қаматуға ұялады. Арыз жазса да бір күннен кейін, «жаман болса да күйеуім ғой, балаларымның әкесі ғой» деп кешірім беріп, арызын кері қайтарып алады. Мұндайда біз әрекет ете алмай қаламыз. Әйелдер мынаны түсіну керек: таяқ жеген – ұят емес, ұрып-соғу, жәбірлеу – ұят.
Динара Әбдікәрім, психолог:
– «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» деген мақал бекер айталмаған. Отбасындағы зорлық-зомбылық бірінші кезекте баланың психикасына әсер етеді. Мұндай отбасында өскен бала соған бейім болады. Қазір ерлі-зайыптылар бір-бірімен сөйлеспейді. Олар көп сөйлесіп, бірін-бірі тыңдағаны жөн. Кейбір еркектер агресивті болып келеді. Табиғаты сондай. Олар сөз тыңдамайды. Ешкіммен сөйлеспейді. Қабырғасымен кеңеспейді. Мұндай еркектердің өз әлемі бар. «Әйелді күшпен ұстаймын» деген ой жетегіне еріп, әйелін тыйып ұстайды. Ештеңеге рұқсат бермейді. Шынында мұндай еркектер – әлсіз, өз-өзіне сенімсіз жандар. Сондай еркектің психологиясын қалыпқа келтіру өте қиын. Олар бала күнінде психологиялық ауыр соққы алған болуы мүмкін.
Қазбек Сарыбаев, қалалық орталық мешітінің наиб имамы:
– Мешітімізе бір айда 30-35 адам келіп, тұрмыстағы зорлық-зомбылықты айтып, шағымданады. Көбі – әйелдер. Еркектер саусақпен санарлық. Шаңырақтағы жанжалды қалай тоқтатуға болады? Жалпы отбасындағы жанжалға 4 түрлі нәрсе себеп: ішімдік, ата-енемен қарым-қатынас, сөзге еру, перзент болмауы не перзенттің жынысына қатысты жанжал. Егер ер адам жұмыс істесе, отбасын асыру үшін қайтсем де көбірек табыс тапсам екен десе оның ішімдік ішуге уақыты болмас еді. Ата-ене келінін өз перзентіндей қабылдап, «тілін тартса», ұсақ-түйекті жіпке тізбесе, керісінше ақылын айтып, маңдайынан сипаса, онда ол шаңырақта тек бақ-береке орнайды. Арамыздағы кейбір білектілер басқа діннің жетегінде кетіп, «әйел, бала-шағаны қамшымен сабау керек» дегенді алға тартады. Қамшы адамды ұру үшін емес, малды қайыру үшін қолданылады. Еркек әйелі мен баласына қамшы тигізсе, демек оларды малға теңегені. Сол адамның да малдан артықшылығы шамалы. Пайғамбарымыз отбасы мәселесіне, ерлі-зайыптылар қарым-қатынасына үлкен мән берген. Әйелдерге қол көтеру, оған зорлық-зомбылық көрсету дінімізде мақұлданбаған.
Айжан Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №30,23 шілде 2020