Еліміз бойынша шағын және орта бизнестің 800 мыңнан астам қызметкері 1 қазанға дейін медициналық сақтандыру жарналары аударымдарынан босатылған. Бұл жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарушы директоры Азамат Өміртаев мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жеңілдік кезеңі аяқталды. Тұрғындар осы уақытқа дейін шартты түрде сақтандырылып, МӘМС пакеті шеңберінде медициналық көмек алуға құқылы болады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» қаулысына сәйкес шілде, тамыз, қыркүйек айларында шағын және орта кәсіпкерліктің 29 санаты жарна төлеуден босатылды.
Яғни, кәсіпорындар қызметкерлерінің еңбекақыларынан жарна мен аударымдарды ұстамайды. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлік қызметкерлері медициналық сақтандыру пакеті бойынша көрсетілетін қызметтерді толықтай алуға құқылы.
Ағымдағы жылдың наурыз айында эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан медицина қызметкерлеріне төленетін үстемеақыдан МӘМС үшін жарна ұсталынбайды.
Кәсіпорындар өз қызметкерлерінің тізімін ай сайын 25 күннен кешіктірмей электронды форматта ұсынуы тиіс. Бұл үшін кәсіпорындар Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы https://msb.fms.kz/login сілтемеге мекеменің БСН енгізіп, өтуі қажет (Тізімде БСН болмаса мекемені тіркеу мүмкін емес). Мұнан соң, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер тіркеліп, Қордың ақпараттық жүйесіндегі пайдаланушының келісіміне электронды қол қоюы қажет. Жүйеде МӘМС- ке жарна төлеуден босатылған қызметкерлердің ЖСН (Excel файлмен) тізімі қосылады. Айта кетерлігі, бар деректерді қайта енгізбей, өзектендіуі қажет. Енгізілген ақпарат ай сайын Мемлекеттік кіріс комитетіне берілетін болады.
Егер шағын және орта кәсіпкерліктің қызметкерлері емханадан МӘМС пакеті бойынша қызметті алуға мүмкіндіктері болмаса, онда ол Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы арқылы өз бетінше жолдауына болады. Мәселен, қосымшаны телефонға жүктейді, электронды мекенжайы, тегі, ЖСН, телефон номерін көрсеткені жөн. Қосымшадағы консультация бөліміне «Мен шағын және орта бизнес қызметкерімін. Карантиндік жағдайға орай аударымдар мен жарнадан босату жеңілдігін алуға байланысты ақпаратты енгізіп отырмын». Сонымен қатар, кәсіпорынның БСН-нің не болмаса жұмыс берушінің ЖСН және өзінің ЖСН-нің енгізуі керек. Жұмыс берушімен еңбек қатынастарын растайтын құжатты тіркеуі қажет (тағайындау туралы бұйрық немесе еңбек келісімшарты).
Мұнан соң, операторлар жарты сағаттың ішінде ШОБ-тің жарна аударудан босатылған субьектілер тізімінде екенің анықтап, қызметкерге 1 айға сақтандырылған мәртебесін береді. Сондықтан қызметкер өзінің жұмыс берушісінен Қордың ақпараттық жүйесіне өзі туралы деректерді енгізуіне өтініш жасауы керек. Сонда қызметкер МӘМС жүйесінің толық қатысушы құқығына ие болады.