ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің жанынан құрылған «Түркістан — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бастамасымен Сарыағаш және Сайрам ауданындағы «Сарыағаш – Тұрмыс» және «Таза ауыл» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарына тиесілі қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына мониторингтік жұмыстар жүргізілді.
Ең алдымен, полигондардың талапқа сай жұмыс жасауын бақылау мақсатында жүргізілген зерделеу жұмыстары Сарыағаш ауданында бастау алып, оған «Түркістан — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары мен Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің мамандары қатысты.
Кешенді мониторинг жұмыстары барысында Сарыағаш ауданындағы Қапланбек және Қызылжар ауыл округтерінде орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні және санитарлық қорғау аумақтарына ретсіз орналастырылған қалдықтардың қараусыз қалғандығы анықталды.
Айта кетсек, мұндай олқылықтар Түркістан облысы бойынша экология департаментінің тарапынан 2017 жылдың желтоқсан айында «Сарыағаш – Тұрмыс» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына ішінара тексеру кезінде де экологиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес анықталып, жұмыс атқаруды қайта қалпына келтіру бойынша айыппұл салынған.
Дегенмен, Жобалық кеңсе менеджері Дәурен Ғаниұлының айтуынша, жүргізілген бүгінгі зерделеу жұмыстары да аталмыш аудандағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының экологиялық талаптарға сай еместігін көрсеткен.
Сондай-ақ, кезекті мониторинг жұмыстары Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округінде орналасқан «Таза ауыл» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына тиесілі қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында жүргізіліп, аталған мониторингтік жұмыстарға «Түркістан — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Д.Ғаниұлы, Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Д.Усманов, «Таза ауыл» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Д. Азатбеков қатысты.
Жүргізілген жүйелі мониторингтік жұмыстардың нәтижесінде бірқатар кемшіліктер, соның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында қалдықтарды орналастыру және көму жұмыстары толық өз деңгейінде жүргізілмейтіндігі, белгіленген тәртіппен тереңдігі 9 м траншеялар қазылмағандығы, сондай-ақ қалдықтардың нығыздалған қабаты 0,5 м топырақпен оқшауланбағаны және шаруашылық аймақта орналасқан бақылау-дезинфекциялау ваннасы қарастырылмағаны анықталды.
Осыған орай, жауапты мамандарға анықталған кемшіліктер бойынша ескерту шаралары берілді.
Алдағы уақытта да «Түркістан — адалдық алаңының» бастамасымен кешенді мониторинг жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, анықталған бірқатар кемшіліктерді қайта қалпына келтіру жұмыстары Жобалық кеңсенің жіті бақылауында болмақ.