Пернехан Мамеевтің өмірлік серігі ғұмырын медицинаға арнаған еді. Денсаулық сақтау саласында 40 жыл жұмыс істеген Ағзипа Тәжиева соңғы деміне дейін қызметте жүрген. Өкініштісі, елді аурудан арылтам деп жүріп өзі де дерттің құрбаны атанды.
Екі өкпесі бірдей қабынған ақ халатты осыдан 10 күн бұрын қайтыс болды. Енді міне көзі тірісінде бұйырмаған «Барыс» ордені бүгін оның отбасына табысталды.
Пернехан Мамеев, марқұмның жолдасы: «Алдында жұмыс-жұмыс деп қиналып жүретін. Сағат 12-ге дейін телефоны үзілмейтін. Мен айттым «демайлсайшы, не болды сонша?» десем «жұмысыма араласпа, халықты емдеуім керек» деп жұмыс істеп жүрді ғой. Соңғы кездері ауырып қалды. Емделуге демалысқа шыққан еді. Үйде 3 күндей жатты, болмады».
Шымкент қаласында пандемия кезеңі басталғалы 9 медицина қызметкері ажал құшқан. Қауіпті дерт құрбаны болған ақ халаттылардың үйіне бүгін қала әкімі барып қайтты.
Көңіл айтқан Мұрат Әйтенов республикалық дәрежедегі орден мен арнайы қордан бөлінген қаржыны да табыстады. Бірақ, 10 млн. емес, 1 млн теңге. Әкім сөзінше, көз жұмған дәрігерлер коронавирусқа шалдыққандармен тікелей күреспеген. Айта кетейік, мемлекет пандемиямен күрес кезінде ажал құшқан медицина қызметкерлерінің отбасыларына 10 млн. теңге көлемінде өтемақы берілетін уәде еткен болатын.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Күресіп жатқан ешбір дәрігерді қалдырмаймыз. Бізде қазір ковидпен тікелей жұмыс істеп жүрген азаматтар қайтқан жоқ әлі. Бәрі әрі қарай жұмыс істеп жатыр. Ауырғандар бар. Бірақ, қайта жызылып, қайтып жұмысқа кірісіп жатыр».
Айта кетейік, ажал құшқандар арасында дәрігерлер, медбикелер мен фельдшерлер де бар. Мемлекет басшысының бұйрығымен көз жұмған ақ халаттылардың 6-уына «Құрмет», біреуіне «Парасат», екеуіне «Барыс» ордені берілді.
Назерке Үкібасова