«Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы» аясында өткізілуі жоспарланған іс шаралардың қаражаты толықтай мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Рашид Мыңбаев мәлімдеді.

Қаражат пандемиямен күреске бағытталды. Халықаралық деңгейде аталып өтуі тиіс маңызды іс шаралар енді онлайн форматта ұйымдастырылады.

Жыл басында «Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы» аясындағы іс -шараларды халықаралық деңгейде ұйымдастыру көзделген. Елдегі пандемияға байланысты жоспар іске аспай қалды. Бұл мақсатқа бюджеттен 752 млн. теңге қарастырылған болатын. Қаражат толықтай кері қайтарылып, індетпен күреске бағытталыпты.

Рашид МЫҢБАЕВ, Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы: «Елімізде енгізілген карантин режиміне байланысты «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылына орай іс-шараларды онлайн форматта өткіземіз. Бұл тамыз айында басталып, жыл соңына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында халықаралық 7 мәдени шара өтеді. Олар – ТМД елдері арасында халық аспаптарында орындаушылардың «Достастық халықтарының музыкасы», Қазақтың ұлы композиторы, Қазақстан Республикасы Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» эстрадалық әндерді орындаушылары, «Шымкент – қайырымды қала» балалар шығармашылығына арналған, «Достастықтың опера жұлдыздары» опера орындаушылары, ТМД елдерінің театр фестивальдері және Қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай сөзі» онлайн оқу мен ТМД елдерінің халықаралық музей апталығы».

Қаланың дамуына ерекше серпін беруі тиіс болған іс-шаралар енді онлайн форматта өтеді. Оған бюджеттен бір тиын да қаржы жұмсалмайды дейді сала басшысы.

Дегенмен, басқарманың жұмысы мәдени іс-шаралармен шектелмейді. Ономастикада да атқарылар шаруа көп. Қалада қазір атауы жоқ 600 – ден астам көше бар. Сала басшысы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына тиісті ұсыныстар бердік деп сендірді.

Рашид МЫҢБАЕВ, Шымкент қаласы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы: «Есепті мерзімде атауы жоқ көшелерге атау беру бойынша жалпы саны 381 ұсыныс жинақталып, құжаттары рәсімделіп, Республикалық ономастика комиссиясының қарауына енгізілген».

Жуырда басқарма тағы бір мәдени мекемемен толығады. Осыған дейін Түркістан обылысына қарасты болған опера және балет театры Шымкенттің меншігіне өтеді. Оны күтіп ұстауға 160 млн. теңге қаралып отыр.

Мақпал Рысбаева