«Құрбым құпиямды айтып, күйеуім менен ажырасты»

430

«Шындық ешқашан жерде жатпайды» деп хат жолдаған оқырманымыз өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам екенін түсіндірер хикаясын баяндады. Ойланбай жасаған әрекет те өміріңді ойсыратып кететінін ескертті.

Сәлеметсіздер ме?
Оқырмандарымызға студент шағымдағы құрбымның сатқын екенін айтқым келеді. Бар сырымды құрбыма айтсам, ол бір сәттік реніш үшін құпиямды ашып, абыройымды айрандай төкті.
Сондықтан да оны әлі күнге кешіре алмаймын. Иә, әрекеттерім де дұрыс болмады. Біреуге үлгі етерлік жағдай емес. Дегенмен қандай болсақ та бір-бірімізді сол қалпымызда қабылдап, сырымызды сақтап, сенгендіктен адал болуымыз керек еді.
Мен де оның құпияларын білетінмін. «Менің сырымды жарияға жар салды» деп, есе қайтармадым. Бұл ақымақ әрекет болары анық еді. Көп созбай, әңгімені басынан бастайын.
Университет қабырғасында жүргенде бір нанды бөліп жеп, бір бөлмеде бірге тұрған, сол шақтың қызығы мен қиыншылығын бірге көтерген құрбым болды. Екеумізге ортақ талай оқиға басымыздан өтіп жатты.
Арасында ұрысып қалсақ та көп уақыт өтпей татуласатынбыз. Бастысы бір-бірімізге деген достығымыз адал болды. Солай екеніне қатты сендім.
2-курс оқып жүргенімде бір курс жоғары оқитын жігіттің менде көңілі бар екенін білдік.
Шынымды айтсам, оған деген сезімім басқаша еді. Мұны тек құрбыма айтатынмын. Өзім ұнатып жүрген адамның менде де көңілі бар екенін білу бір қуаныш болды. Сол әңгімені естігеннен кейін оның маған сөз салуын күттім. Көп ұзамай, бір концертте бірге отырып қалдық, өйткені, деканымыздың көмекшісі бәрімізді алып барды.
Бұрын тек сәлемдесіп қана, артық әңгімеге келмедік. Сол концертті тамашалау барысында біз жақын таныстық. Әңгімелестік, телефон нөмір алмастық. Содан кейін жиі-жиі кездесе бастадық. Ақыры өзім күткен ұсыныс та жасалды. «Қызым бол» деген сөзіне келісім бердім. Біз өте жақсы жүрдік. Жігітімнің маған қамқорлығын сезінетінмін, бірақ арадан 6 ай өткенде сол күтпеген ұсыныс жасады.
«Ақыры үйленеміз ғой» деп төсектес болуымызды қалады. Алғашында қарсы болсам да оны жақсы көріп, сенген соң қарсылығым ұзаққа бармайды екен. Сол шалыс қадамым кейін өміріме балта шабатынын ойламадым.
Біз төсекте табысқаннан кейін ол өзгере бастады. Көп хабарласпайды. Жиі кездеспейміз. Хабарлассам, «енді екеуміз бір адамбыз ғой, маған сеніп, отыра бер» деп айтады.
Оның маған қарым-қатынасы суынып бара жатқанын білдіретін. Жегідей жеген сырды құрбыма айттым.
Ол менің ойланбай әрекет еткеніме қатты ашуланды. «Сені қаламайтын жігіттің артынан жүгіріп, құныңды түсірме» деді. Оған айтуға оңай, бірақ маған оңай соқпады.
Жігітіммен ара-қатынасымыз үзілді. Ол басқа қыздарды жағалап кетті. Жылап-сықтап мен қалдым. Менің басты өкінішім – жігітіммен арадағы жағдайды құрбыма айтуым еді.
Адам өзінен басқа ешкімге айта алмайтын, өзі ғана мойындайтын қатесі мен құпиясы болады ғой. Сол жағдайды құпиям ретінде сақтай алмағаныма өкіндім.
Жігітіммен айырылысқан соң бар назарымды оқуға арнадым. Бұл жағдайдан ойымды басқа жаққа аудару арқылы ғана шығарымды білдім.
4-курста іс-тәжірибеден өтуге барған мекемеде бір жігітпен таныс-тым. Мәдениетті, ақылды, бастысы қызды қатты құрметтеп, сыйлап жүретін. Екі айда оның маған сезімін іштей сезетінмін. Әрекеттерінен, көзқарасынан анық байқалатын. Ол көп ұзамай сезімін білдірді. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, ұсынысын бірден қабылдамадым. Біраз уақыт бір-бірімізді танығым келді.
Қыздығымнан айырылғаным да жаныма тыныштық бермеді. Бәрібір сезім басым түсті. Оның ұсынысын қабыл алдым. Ол үйленетін қыз іздегенін айтып, уақыт созбай тез арада отбасын құруға асықты.
«Ақ босағамды аттамайынша, саған жоламаймын» деп уәде берді. Жаным жай таппады. Көп ойландым. Бар шындықты оған өзім айтқым келді. Бірнеше рет оқталып, батылым бармады.
Маған ақыл-кеңесін айтатын құрбыммен ақылдастым. Ол астыңғы жағымды тіккізіп, тұрмыс құруымды, ал шындықты айтсам, ол адамнан айырылып қалатынымды айтты.
Ұзақ ойландым. Ақыры құрбымның кеңесін қабыл алып, жігітім мені алып қашардан бір күн бұрын қыздығымды қалпына келтіру үшін медицина көмегіне жүгіндім. Осылайша болашақ жарымды алдаған күйі, оған тұрмысқа шықтым. Іштей өзімді қатты кінәлі сезінсем де болары болып, бояуы сіңіп қойған еді.
Бақытты өмір сүріп жаттық. Үйленген соң шетелге бардық. Жағдайы жақсы еді. Маған жиі-жиі қымбат сыйлық беретін. Тұңғышымызға аяғым ауыр болды. Бәрі ертегідегідей тамаша өтіп жатты.
Әйтсе де ішімде бәрібір қорқыныш бар. Күйеуім бәрін біліп қойып, мені қуып шығардай сезілетін.
Отбасын құрған соң құрбыларыммен араласа алмай кеттім. Ең жақын құрбыммен де бұрынғыдай жиі кездесуді қойдық. Ол «жағдайы жақсы жерге барғалы мені ұмыттың» деп ренжіп жүретін.
Оның көңілінде маған қызғаныш бар екені үш ұйықтасам да түсіме кірмес еді. Біз кездескенде өзіне лайық адам жолықпағанын, кәрі қыз болып қалуынан қорқатынын айтатын. Мені кекетіп-мұқап сөйлеуін жиілетті. Сондай сәттің бірінде қатты ұрысып қалдық. Кафеде отырғанбыз. Ол масайып қалған.
Күйеуім мені алып кетпекші боп келгенде, менің қыздығымды бірінші жігіт алғанын, ал бұған тұрмысқа шығарда астымды тіккізгенімді жайып салды. Күтпеген жағдай. Төбемнен біреу мұздай су құйғандай сезім.
Күйеуім үндемей, мені алып кетіп қалдық. Жол бойы тіл қатпады. Үйге келген соң, «сен не айтсаң да сенемін, мас құрбыңның сөзіне сеніп, сені тыңдамай жатып шешім қабылдамаймын, бұл жағдай рас па?» деп көзіме тіке қарап сұрады.
Оның жақсы адам болғаны соншалық, өтірік айта алмас едім. Жан-дүниеміді кемірген шындықты мойындадым. Содан кейін күйеуім мені кешірмеді. Біз ажырастық. Жақындарымыз жап-жақсы жүріп не үшін ажырасқанымызды да түсінбеді.
Маған адал, маған ең жақын жанды жоғалтқанымды білсем де бір жағынан жеңілдеп қалғандай болдым. Ол баласын қараусыз қалдырмады. Жағдайымызды жасады. Бірақ мені кешіре алмады.
Біз ажырасқан соң 2 жылдан кейін тағы да отбасын құрды. Қазір бақытты. Құрбым болса, мас кезіндегі әрекетіне өкініп, қайта-қайта кешірім сұрады. Мен де оны кешіре алмадым. Тұрмысқа шықпадым. Өзімді жұмысқа, балама арнадым.
Жар таңдаумен қатар дос таңдау да өте маңызды екен. Менің жақсы жар тауып, онымен бақытты өмір сүруім құрбымның мазасын қашырған. Сонша уақыт ішіне жиналған қызғаныш бір күні жарылып, өмірімді басқа арнаға бұрды.
Иә, болашақ жарың болатын адамды алдап, тұрмысқа шығуды жақтамаймын. Айтпағым, ол құпияны құрбым айтпаса да бір күні шығар еді, өйткені шындық жерде жатпайды.
Ал құрбымды неліктен кешіре алмадым? Сеніміме селкеу түсіргені, менің бақытымды қызғанғаны үшін кешірмедім.
Жалған тағдыр жанға жара саларын ұмытпаңыз. Бәріне өзім кінәлімін.
Ойланбай жасаған бір әрекет өміріңнің күл талқанын шығаруы мүмкін екенін ескерткім келеді. Дос таңдай білу де маңызды. Шындық ешқашан жерде жатпайды.

Жазып алған – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №27, 1 шілде 2020 ж