Қожа Ахмет Ясауи 63 жасқа толғаннан кейін Түркістан жеріндегі Қылует жерас-ты мешітінде өмір сүргенін білеміз. Алайда Қылует жер асты мешітінің тарихын, құрылымын, әрбір бөлменің атқарар қызметін біле бермейміз. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің онлайн-лекциясын ұйымдастырушылар осыны ескеріп, бір дәрісті Қылует жерасты мешітіне арнады. Музей экскурсоводы Данияр Садуақасов «Қылует жерасты мешіті» тақырыбында онлайн-лекция өткізіп, көптеген сауалға жауап берді.
Қылует – Ясауи кешеніндегі ең көне орын
Данияр Садуақасов лекциясын Қылует жерасты мешіті Ахмет Ясауи кешеніндегі тарихи орындардың ішіндегі ең көнесі екенінен бастады. Оның сөзінше, Түркістан жерінің шартарапқа танылуына жерасты мешітінің үлесі көп болған.
– Ясауи бабамыз сол Қылует мешітінде тәрбиелеген шәкірттері – түркі әлемінде үлкен өзгеріс алып келген адамдар. Жерасты мешіті Ясауи кесенесінің оңтүстік батысына қарай 120 метрдей жерде орналасқан. Зерттеушілер мешіт бөлмелерін жамағатхана, құжыра, ыстық су дайындайтын және дәрет алатын бөлмелер деп бөлген. 20 ғасырдың 40-жылдары бұл орын бұзылып, күйген қыштан тұрғызылған бөлімдері болған, соның кірпіштерін мавзолейді салуға алып кеткен. 70 жылдары археологтар қай бөліктері қай ғасырда жасалғаны туралы зерттеу жұмыстарын жүргізгенде ең көне бөлігі – Ясауи бабамыздың 63 жасынан кейін жерастына түсіп, өмір сүрген орны екенін анықтаған,-дейді ол.
50-ге тарта қылует болған
Қылует жерасты мешіті Үлкен қылует деп аталған екен. Музей экскурсоводы бұлай аталуының да себебін түсіндіріп, жерасты мешітінің құрылыс ерекшеліктерін де баяндады.
– Өйткені кесене маңында кіші қылуеттер де болған. Олар тек бір бөлмеден тұратыны себепті солай аталған. Ал үлкен қылует – тұтас бір кешен. Кешеннің жартылай жерастында болу себебі, жерасты қыста жылы, жазда керісінше салқын болады. Бабамыздың шәкірттері 40 күн шілдеде ораза тұтып құлшылық жасаған. Ясауи бабамыздың 50-ге тарта қылуеті болған. Ясауидің әкесі Ибраһимнің 30 қылуеті болғаны ғылыми деректерде айтылады. Қылует жерасты мешітінің құрылыс ерекшеліктеріне тоқталсақ, мешітке кірер екі есік бар. Батыс және солтүстік есігі деп аталады. Кешенді тұтас екіге бөлетін үлкен қабырға бар. Соның бір бөлігі шәкірттерге арналған негізі бөлігі деп аталса, екіншісі шаруашылық бөлігі болып саналады. Неге бұлай бөлінген десеңіз, бұл қылуетке шәкірттер басқа медреселердегі секілді күндіз келіп кешке үйіне қайтпайды. Бұл жерде шәкірттер өмір сүретін болған. Осы тұста Қылует деген сөздің мағынасын айта кетейін: бұл оңашалану, бөлектену деген мағынаны білдіреді. Белгілі бір уақыт ішінде қоғамнан бөлектеніп, өзінің рухани жан дүниесін тазартатын орын. Қылуеттің мешіті негізгі бөлігінде орналасқан. Мешіт бөлмесінің ұзындығы 5,90 метр болса, ені 5,5 метр. Бұл бөлмедегі ең көне орын – бұрыштағы Ясауи бабамыздың ғары. Яғни, жерастында өмір сүрген жері. Бұл Ясауи бабамыздан бізге сау жеткен бірден-бір орын деп айта аламыз. Сондай қастерлі орын болғандықтан қазір бетін жауып, адамдардың кірмеуіне жағдай жасалған. Жерасты мешіті жер бетінен тереңдігі 4 метр жерде орналасқан шаршы бөлме. Биіктігі бір адамның бойымен шамалас болған. Ясауи бабамыз жерастына 63 жасында түскен соң тағы да 63 жыл өмір сүрген деп айтылады. 12-ғасырда салынған алғашқы бөлме ретінде осы бөлмені айтуға болады. Бабамыз жерастына түскеннен кейін шәкірттер оның үстіне мешіт салған. Ал 14-ғасырда жамағатхана деп аталатын үлкен бөлме салынған. Содан кейінгі әртүрлі бөлмелелер 17 және 19-ғасырда жапсырланып салына берген. Жерас-ты мешітінің ғимараты 1941 жылдары қираған. Бірақ бертін келе қайта қалпына келтірілді. Бір қызығы — бұл жерасты мешітінің макеті болған. Оны жер астына қазып, жасырып қойған. Кейін келе археологиялық қазба барысында бұл макет табылады. Осы макет жерасты мешітін қайта қалпына келтіруге өте үлкен көмегі тиген,-дейді Садуақасов.
Шәкірттер 40 күн жатқан
Жерасты мешітінің шаруашылық бөлімі де болған. Экскурсовод сол шаруашылық бөлігінің қызметін де баяндады.
– Исламда тазалыққа өте мән беретінін білесіздер. Сондықтан да қылуетте тазалыққа арналған бөлмелер өте көп. Бұл бөлмелерден, қазіргі тілмен айтқанда кәріз жолдары да табылып жатыр. Бұл енді таңғаларлық жағдай емес, өйткені, сол кездегі Сыр бойында орналасқан ерте ортағасырлық қалалардың барлығынан кәріз жүйелері табылып келген. Шарушалық бөлігінде тазалыққа арналған бірнеше бөлменің болғаны – сол кезден тазалыққа қатты мән берілгенін аңғартады. Мұны түсіну қиын емес. Мұнда тіпті зияратшыларға да арналған бөлмелер, олардың мініс көлігіне арналған атқора да бар. Адамдар түнде қалып кетсе, атқораға атын байлап, зияратшыларға арналған бөлмеге түнейді екен. Демек бұл тек қана қылует емес, сонымен қатар зәуия қызметін де атқарған. Зәуия дегеніміз – жолаушылар жолда дамылдап, келіп демалып кететін орын. Ал шәкірттер бұл жерге келгенде 40 күн жатқан екен. Олар сол уақыт аралығында оразасын да ұстап, қоғамнан бөлектеніп, тазару үшін Жаратқанға жалбарынған. Оразаның қасиеті де адам баласын нәпсісін тыюды үйретеді, жан-дүниесін тәрбиелейді. Қылуеттің шаруашылық бөлігі консервацияланды,-дейді Данияр Садуақасов.
Жұртшылық қылует затын алып, құрылысына пайдаланған
Ол сөз соңында лекциясын кіші қылуеттің үлкен қылуеттен айырмашылығы мен кіші қылуеттердің көбі неліктен жойылып кеткеніне тоқталды. Кешегі күннің белгісі арқылы келер ұрпақ тарихты танып-білерін де айтты.
– Енді кіші қылует жайлы айтсақ: үлкен қылует болғандықтан кіші қылуеттер де болғаны белгілі. Түркістанда үсті мешіт, асты зікірхана құрылыстар көп болған. Сондықтан да мұндай жерді жерасты мешіті деп атаған. Келе-келе айналасындағы халық өздері үй сала бастаған кезде құрылысқа сондай жердің материалдарын ала берген. Нәтижесінде көптеген орындар жермен-жексен болып кеткен. Қазір археологтардың қазба жұмыстары нәтижесінде көптеген тарихи орындар табылып жатыр. Сол жерді сақтап, болашақ ұрпаққа аманттау – біздің міндетіміз. Сөз соңында Қылует жерасты мешітінің ислам ілімінің дамуына қосқан үлесі орасан зор болғанын да айтқым келеді. Бұл тақырыпқа тағы бір лекция арнаймыз,- дейді экскурсовод.
Қожа Ахмет Ясауи 63 жасынан кейін өмір сүрген жерасты мешітіне Түркістанға келген туристер өте қатты қызығушылық танытып, көргісі келетін орынға айналған.
– Бұл киелі орынның Түркістан есімінің танылуына қосар үлесі әлі де зор. Ендеше осындай тарихқа тұнған қастерлі де қасиетті мекен бар екеніне мақтанайық,-деді Данияр Садуақасов.
Газет анықтамасы
Қылует жерасты мешіті — республикалық мәртебеге ие ескерткіш. XII ғасырда салынып XX ғасырдың бірінші жартысына дейін үздіксіз жұмыс істеп тұрған, жартылай жер астында орналасқан ортағасырлық діни құрылыстардың бірі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстігінде 120м қашықтықта орналасқан. Координаттары: 43˚17.776΄,068˚16.247΄ Теңіз деңгейінен биіктігі 228м.
Ғалымдардың айтуынша «қылует» сөзі арабша «халуатун» яғни жекелену, оңашалану деген мағынадан шығып, Жаратушыға дүниеден бөлек, оңаша отырып құлшылық жасайтын орын деген мағына береді. Мұнда негізінен ғұрыпты құлшылықтың біріне жататын «зікір» ғибадаты орындалатын болған.
Қожа Ахмет Ясауи пайғамбар жасы 63-ке толғанда қылуетті арнайы салдырып, қалған өмірін осы жерде өткізгендігі зерттеушілердің еңбектерінде кездеседі. Сонымен қатар, мұнда көптеген шәкірттерін тәрбиелеп, Диуани хикмет, Мират-ул-қулуб, Пақырнама және т.б. көптеген еңбектерін жазып қалдырады.
Жанерке Хумар
«Оңтүстік Рабат», №29, 16 шілде 2020 ж