«Қыз туғанымда күйеуім де, енем де қуанбады»

376

«Бәріміз Жаратқанның құлымыз. Маңдайымызға қандай тағдыр жазылса, соны кешеміз. Өмірге ұл, қыз әкелу – әйелге ғана байланысты емес. Ең бастысы – ата-ана бақытын сезіндірер ұрпақ болса болғаны» Редакциямызға хабарласқан кейіпкер әңгімесінің негізгі ойы осы. Қыз туғаны үшін кінәлі болып, үйінен қуылған ана қазір бақытты өмір сүріп жатқанын айтады.

Сәлеметсіздер ме?
«Оңтүстік Рабат» газетінен көптеген адамның тағдырын оқып, жүрегім қан жылайды. Қиын кезеңдерін аман-есен еңсеріп, бақытты өмір сүріп кеткен жандардың ерік-жігеріне іштей разы болып отырамын.
Мен де алғашында ешқашан өзгерместей болып көрінген өмірім жақсы жаққа өзгергенін өзім қалағаннан кейін жүзімнің жадырағанын айтқым келеді. Әрине бірінші Жаратқанның қалауымен болары анық. Мен тағдырлас жандар өте көп. Әсіресе қазақ отбасыларында жиі кездеседі.
Сондықтан оқиғамды басынан бастап айтып берейін.
21 жасымда тұрмысқа шықтым. Туған-туыстың айтуымен, болашақ күйеуіммен таныстым. Екі жақтың жақындары бізді таныстырған соң бірнеше рет кездесіп, отбасын құрдық. Алғашында бәрі жақсы көрінсе де оның нағыз бет-бейнесін бірінші қызымыз өмірге келген соң білдім.
Баламыздың қыз болуы күйеуім мен енемнің мазасын қашырды. Енем әр сөзінде «Жаман қатын қыз табады» деп, мені кекетіп-мұқатып сөйлейтін болды. «Немерем ғой» деп баланы қолына ала бермейді.
Жарайды, енемді қойшы, тіпті күйеуім де тұңғышының қыз болғанына қуанбайтын. Арасында «баланы қолыңа алып, жұбатшы, еркелетші» десем, шамалы отырып, сосын баланы маған ұстата салып, кетіп қалатын. Осылайша ол қыз тек маған ғана керектей болды.
Қатты қиналдым. Баланың не кінәсі бар? Осылайша арада бір жыл өтпей екінші балаға жүкті болдым. Жаратқаннан күні-түні ұл болуын тіледім. Егер қыз болса, күткенімдей, жағдай тіпті ушығар еді. Басқадан бұрын өмірге келетін баладан обал болары анық
Уақыты жетіп, екінші қызымды да дүниеге алып келдім. Не боларын сездім десем де болады. Енді күйеуім маған тіл тигізіп, қол жұмсай бастады.
«Неге ұл туып бермейсің» деп, ішіп келсе болды, ұрып-соғады. Екінші қызымның көрген күні біріншісінен де жаман.
Екі қызымды жетім балалардай көздерін жәутеңдетіп, кішкентай екеніне қарамастан, айқайлап ұрсатын. Тіпті қол жұмсап та жіберетін.
Күйеуімнің шешесі, яғни енем бәріне мені кіналады. Оның ойынша, мен ниеті дұрыс емес адаммын. Мен жаман болғаным себепті де өзіме ұқсаған жаман қыздарды ғана туу қолымнан келеді екен. Оның ойынша, ештеңеге жарамайтын ақымақ, ақылсыз, надан әйел екенмін.
Осылайша менің де, екі қызымның да күніміз тозаққа айнала бастады. «Қыздарға керек-жарағын алайын» десем, әкесі ақша бермейді.
Балаларымның керек-жарағына жеңгемнен азын-аулақ ақша сұрап, сол ақшаға алатын болдым.
Шүкір, ағам мен жеңгем – өте жақсы адамдар. Үнемі мені қолдайтын. Ағама болған жағдайдың бәрін айта бермеймін, бірақ жеңгеме бар қиыншылықты айтамын.
Даналығы болар, мені тыңдап, маған ақыл-кеңес айтса да ешқашан отбасылық мәселемізге араласқан емес.
Мен тағы да жүкті болғым келді. «Бір ұл тусам, екі қызымның да қадірі артар» деп түсіндім. Ұл бала болса, бәрі жақсы боларына сендім.
«Ұл ту» деген күйеуім тағы бір жылдан кейін көтергенімді қалады. Менде амал бар ма?! Айтқанын орындап, тағы да бала көтердім.
Жаратқан оның қалауын орындамады. Мен тағы да қыз тудым.
Дәрігер маған «құттықтаймын, қызды болдыңыз» деп айтқанда, енді ол үйде өмір сүре алмайтынымды түсіндім.
Өзім ауруханаға жатқан кезде қыздарымды жеңгеме қалдырғанмын. Бірден ағамның үйіне баруды ойладым. Күйеуім мені перзентханадан шығарып алуға да келмеді.
Жеңгем перзентханадан шығарып, үйіне алып барды. Мен де күйеуім мен енемнің надандығына төзе алмайтынымды түсіндім.
Қыздарымды да жәутеңдетіп өсіргім келмеді. Күйеуім мені алып кетуге келмеді. Бірінші қызым дүниеге келгенде сәл-пәл ағайын-туыс арасында дастархан жайғаны болмаса, содан кейін олардың туған күні де тойланбады. Әке ретінде мейірімін бере алмады. Үнемі жек көріп отырады. Қыздарым оның қараған көзінен-ақ дірілдейтін. Мейлінше әкелерінің көзіне көрсеткім келмейтін. Үнемі «анауың жылап жатыр, үнін өшірші, адам емес» деген сияқты сөздер айтатын. Болған жағдайды ағама да айттым. Ағам дереу ажырастырып алғысы келді. «Балалар үшін әкесінің қасында болайын» десем де оларға әкелік міндетін атқара алмаған адамнан қайыр күтпедім. Ол да ажырасуға қуана келісті.
Шешесі ұлына басқа қыз алып беретінін және сол адамның баласына қос-қостан ұл туатынын айтты. «Армандарыңа жетіңдер» деп мен кеттім.
Шүкір, далада қалмадым. Ағам бізге кішігірім үй жалдап берді. Қыздарым өсе келе жеңгеме еріп, базарға шықтым.
Ақырындап кішігірім саудамды жүргізе бастадым. Шынымды айтсам, қыздарыммен бақытты күн кеше бастадық. Дастархан басында күліп-ойнап шай-тамағымызды ішеміз.
Ал қыздарымның әкесі үшінші баламды босанғаннан кейін жарты жыл өтпей екінші рет отбасын құрды. Бір қызығы – екінші әйелі де қатарынан 2 қыз туыпты.
Осы жағдайдан кейін бұрынғы күйеуім ішімдікке салынып кетіпті.
Ең қиыны – ішіп жүріп, атқа мініп, аттан құлап, аяғын сындырып алған. Содан кейін қимыл-қозғалысы шектелген. Сүйретіліп, аяғын әрең басатынын көрдім. Сондықтан екінші әйелін ұра алмайды. Өзіне қарайтын адам керек болған соң оған артық ештеңе айта алмайды. Естуімше, екінші әйелі өте мінезді келіншек екен.
Осылайша уақыт өтіп жатты. Мен үш қызымның болашағын ойлап, екінші рет тұрмысқа шықпадым. Қазір қыздарым -студент. Менің жақсы адаммен тұрмыс құрғанымды қалайды.
Таң қаларым – қыздарым әкелеріне ұқсамаған. Әкесі аяғын сол қалпы сылтып басады. Жылдам жүре алмайды, жүгіре алмайды.
Мұны естіген үлкен қызым әкесінің аяғын жақсы дәрігерлерге көрсеткісі келеді.
Өзіне жасаған соншама қиянаттан кейін де әкесіне деген жанашырлығын көріп, көзіме жас келді.
Егер әжесі немерелерін, әкесі қыздарын іздегенде, мені адам құрлы көрмей, бірақ қыздарымен араласқанда мен ешқашан қарсы болмас едім.
Амал қанша балаларының қыз болғанына налып, бұған мені кінәлады. Егер менің қолымдағы жағдай болса, өзгертер едім.
Мен перзенттерім қыз болып туғанына ешқашан өкінбедім. Қайта қыздарым жаныма жақын. Әрқашан маған қолдау көрсетті. Үнемі айтқанымды орындап, менің көңілімді табуға тырысты. Кейде осы ақылды қыздар сол бір адамның балалары дегенге сенгім келмейді.
Мүмкін дер кезінде кетіп, дұрыс тәрбиелей білгенімнен болар. Егер сол кезде кетіп қалмағанымда, қыздарымның психологиясы бұзылып, теріс жолға түсіп кетпесіне кім кепіл?
Қазір олардың әкесі қыздарымен араласқысы келетінін естимін. Бірақ кезіндегі ұят тірлігінен кейін бізге келуге беті жоқ сияқты.
Әлі де «араласамын» десе қарсы емеспін, өйткені балалары қарсы емес. Ал бұрынғы күйеуім шешесі, яғни бұрынғы енем қайтыс болған.
Жартқанға шүкір ете білейік. Баланың бәрі – бір. Оларды алалап қарауға болмайды. Қыз да бала, ол да ұрпақ.
Арамызда бір перзентке зар болып жүргендер қаншама. Сондықтан, барымызды бағалайық!

Жазып алған – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №29, 16 шілде 2020