Шымкентте коронавирус жұқтырғандар саны 4480, ал пневмония анықталғандар 12 мыңнан асты. Салдарынан тәжівирус 31 науқастың өмірін жалмады. Соңғы аптада жағдай түзеліп келеді. Бұған дейін ауруханалар науқастарды сыйдыра алмай әлек болса, қазір провизорлық стационар іші 70 пайызға босаған.

Дәулет Шорабаев, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының өкілі: «Бүгінгі таңда бір күндік өсімі 0,6 пайызды құрап, 27 адам тіркелді. Инфекциялық стационарды қарасақ, 650 орындық төсек-орны бар. Одан бөлек 3210 провизорлық орындар жұмыс істейді».

Еске салайық, пандемия басталғалы Шымкентте 9 ақ халаттының ажал құшқанын айтқанбыз. Абырой болғанда, сұрықсыз бұл статистика әзірге өзгермей тұр. Бірақ, келесі аптада көрсеткіш көбеюі ғажап емес. Себебі, көз жұмған өзге ақ халаттылардың неден ажал құшқаны анықталып жатыр екен.

Темірхан Варзилов, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Біз ешкімді елеусіз қалдырмаймыз. Қазір ажал құшқан медицина қызметкерлерінің неден өлгені зерттеліп жатыр. Тізім жасақталған соң министрлікке жібереміз. Олар бекітсе, нақты тізім жарияланады. Жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім маманы да қайтыс болған. Қазір оның да өлім тарихы тексерілуде».

Күні кеше жауаптылар ісінің тағы бір шикілігі анықталған еді. Белгілі болғандай қаладағы провизорлық стационарға айналған спорт кешені рұқсатсыз ашылыпты. Санитарлық дәрігерлердің айтқан бұл сөзін бүгін денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы былай деп отыр:

Темірхан Варзилов, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Провизор орталықтарының рұқсатсыз ашылуы мүмкін емес. Ондайды көрмедім. Ал, жеңіл атлетика манежіндегі провизорлық орталықтың кімнің рұқсатымен ашылғанына жауап бере алмаймын. Себебі ол кезде мен басшылықта болған жоқпын».

Бүгінгі таңда қала бойынша 26 провизорлық стационар жұмыс істеп тұр. Басқарма өкілінің айтуынша, стационарға келетіндер қарасы әлдеқайда азайған

Назерке Үкібасова