Шымкентте 300 дәріхана мен фармацевтикалық компаниялардың 15 қоймасы тексерілді

227

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, дәрі-дәрмектердің тапшылығын және оларды жоғары бағамен сатуды болдырмау мақсатында дәріханалар мен фармацевтикалық компаниялардың қоймаларына мониторинг жүргізу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Асхат Жұмағали ағымдағы жылдың 1-ші жартыжылдығындағы Департаменттің жұмысын қорытындылау барысында өткен онлайн брифинг барысында мәлімдеді.
Ол Департамент жанынан қоғам өкілдері, Арнайы мониторингтік топ, еріктілер, адалдық алаңы, мәслихат депутаттары, сондай-ақ Департамент қызметкерлерінен жұмыс тобы құрылғандығын атап өтті.

Тек соңғы үш апта ішінде 15-тен астам рейдтік іс-шаралар өткізілді, мониторингпен шамамен қаланың 300 дәріханасы, сондай-ақ 15 фармкомпаниялар қоймасы мен медициналық мекемелер қамтылды.

Мониторинг барысында жекелеген дәріханалар дәрі-дәрмектерді сату кезінде чектер бермегендігі, кейбірінде кассалық аппараттар болмағандығы, дәрігердің тиісті рецептінсіз дәрілерді сату сияқты бірқатар бұзушылықтар анықталды.
Сонымен қатар, тексеру іс-шаралары барысында департамент қызметкерлерімен дәрілік заттарды заңсыз сату фактісі анықталды.

Сұранысқа ие «Меропенем» дәрісін 13 мың теңгеден, 20 құтысын, жалпы сомасы 260 (екі жүз алпыс) мың теңгеге сату кезінде қала тұрғыны құрықталды.
Бұл материалдардың барлығы құзыретті органдарға азаматтарды жауапкершілікке тарту үшін жолданды.

Мониторинг барысында қоймаларда азаматтарға қажетті барлық препараттардың бар екендігі анықталды. Алайда, олар дәріханаларға уақытылы жеткізілмейді.
Мәселе сертификаттарды алу үшін (сатуға мақұлдау) 10 күнге дейін, кейде одан да көп (орталықтар демалыс және мереке күндері жұмыс істемейді) күту қажет. Бұл ретте дәрі-дәрмектер қоймаларда бар болғанымен, адамдар өмірлік маңызды препараттарды ала алмайды, жеткізу мерзімі бұзылады, нарықта тапшылық пайда болады.

Осыған байланысты, дәрі-дәрмектерді сатуға рұқсат беру ережелеріне өзгерістер енгізу туралы тиісті ұсыныстар енгізілді.

Сондай-ақ, Асхат Жұмағали елімізге келетін гуманитарлық көмекті бақылау және сүйемелдеу жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі күні мұндай көмек мегаполиске Ресей Федерациясы, Катар, Қытай, Өзбекстан, Түркия, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан келді.
Жұмыс тобының мүшелері тауарларды күтіп алу және жөнелту мониторингін жүргізеді, медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектерді қоймалардан медициналық мекемелерге жеткізуді тіркейді және қадағалайды.

Келіп түскен тауарларды қайта сатуды болдырмау мақсатында әр бұйымның қаптамасында «тегін» мөрі қойылып, медициналық мекемелердің бас дәрігерлеріне жауапкершілік туралы ескертілді» — деді Департамент басшысы.