Мемлекеттік қызметтерді үйде отырып І және ІІ топтағы мүгедектер, 70 жастан асқан қарттар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар балалар ала алады. Ол үшін олардың өздері немесе қамқоршылары 1414 қысқа нөміріне қоңырау шалып, өтініш қалдыруы керек. Бұл жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қаласы бойынша филиалының басшылығы хабарлап отыр.Айтуларынша, жыл басынан бері, яғни 5 айдың өзінде «Азаматтарға арналған үкіметтің» қаладағы өкілдері – ХҚО мамандары тұрғындардың үйіне барып, оларға 1000-нан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен.

«Жергілікті тұрғындар ХҚО- ның ұсынатын барлық мемлекеттік қызметтерін үйінен шықпай-ақ алу үшін «1414» бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалуы қажет. Осы орайда, сіз қажетті мемлекеттік қызметтер туралы кеңес алып, өзіңізге керекті мемлекеттік қызметке тапсырыс бере аласыз. Біздің қызметкерлер Сізге хабарласып, мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін қажетті құжаттар тізбесін ұсынады және бару үшін қолайлы уақытты белгілейді. Бұл үдеріс 56 жұмыс сағаты ішінде жүзеге асырылады», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент қаласы бойынша өкілі Алтынай Татаева. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ұсынған мәліметіне сүйенсек, мекеме тарапынан мүгедектерге мемлекеттік қызмет көрсету жұмысына көп көңіл бөлініп келеді.  Азаматтардың үйлеріне барып мемлекеттік қызмет көрсетумен қатар, ХҚО мамандары есту және сөйлеу қабілеті нашар адамдарға мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін ым-ишара тілін де меңгерген. Сондай-ақ, мүгедектігі бар 36 азамат Шымкент қалалық корпорация филиалында түрлі лауазымдарда жұмыс істейді екен.

Мөлдір Бекеева