Карантин тәртібін бұзғандар мен ауру жұқтырған адамдарға айыппұл салынып, тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz
Бұдан былай той тойлау, отбасылық мереке өткізу, ас беру тәрізді жиындар салдарынан індет басқа адамға жұқса немесе қазаға душар етсе, той иесімен қатар қонақтар да қатаң жауапкершілікке тартылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында қазір той-томалақтың уақыты емес, ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі екенін атап айтқан еді.
«Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», – деді Президент.
Айта кетсек, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетованың 6 маусымдағы қаулысына сәйкес, елде ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық, сондай-ақ отбасылық, еске алу іс-шараларын өткізуге тыйым салынған болатын. Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, той иесімен қатар, қонағы да карантин режимін бұзғаны үшін жауапқа тартылады. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабының диспозициясы ұйым ретіндегі белгісіне қарай баға берілмейді. Яғни, карантин режимін бұзғаны үшін тойдың ұйымдастырушысы да, оған қатысушы да бірдей жауапқа тартылады. Олар 26 мың теңге айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады», – деп түсіндірді Марат Бекетаев.
Карантин тәртібін бұзғандар мен ауру жұқтырған адамдарға айыппұл салынып, тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін Бас прокуратура да мәлім еткен. «Бірқатар шара қабылданып, уақытша шектеулер белгіленді. Олардың орындалмауы әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы бойынша – 10 АЕК айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Ал полицияның талаптарына бағынбағандар үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік жүктеліп, 40 АЕК айыппұл немесе 10 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған», – деп хабарлады Бас прокуратура.
Ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының үшінші бөліміндегі «Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының нұсқамаларын орындамау» үшін 500 АЕК-ке дейін немесе 1,4 миллион теңгеге дейін айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілік тағайындалады. Сондай-ақ, санитарлық ережелер мен гигиена нормаларын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік немесе 5 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады.
Егер отбасылық мереке, еске алу іс-шаралары кезінде індет тарап кетсе немесе адамның өліміне әкеп соқтырса, онда Қылмыстық кодексінің 304-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік жүктеледі. Жаза ретінде 2 мың АЕК – 5,5 миллион теңгеге дейін айыппұл төлеу, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Сондықтан бүкіл ел үшін осындай қиын-қыстау кезеңде көпшілік қатысатын іс-шаралар өткізудің қажеті жоқ екені айтылуда. Адамдар өздерінің ғана емес, жақындарының да денсаулығы мен қауіпсіздігіне бей-жай қарамауы керек.