Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны 13% – ға азайған

330

 

Түркістан облысы аумағында жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында бірқатар жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді, атап айтсақ: «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Қауіпсіз мектеп», «Құқықтық тәртіп».

Нәтижесінде қылмыс саны 13,4%, яғни 97-ден 84-ке, кәмелетке жасы толмағандарға қатысты қылмыстардың саны – 23% немесе 126-дан 97-ге төмендеп отыр. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Алихан Алентаев айтып өтті.

Бұдан бөлек, құқық бұзушылыққа бейім 454 кәмелетке толмаған және бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын 232 қолайсыз отбасы Ішкі істер органының есебіне алынды. Ата-анасының бақылауынсыз жүрген 29 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясына 160 іс-құжат жолданып, комиссия отырысында қаралды. Құқық бұзушылыққа бейім 3 жасөспірімді Кентау қаласындағы арнайы мектепке жолдау туралы Сот шешімі қабылданды. Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 8 ата-ана өз құқықтарынан айырылды.

«Тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу, жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жерде болу және басқа да құқық бұзушылықтар фактілерін анықтау бойынша ауқымды профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Соның нәтижесінде жыл басынан бері кәмелет жасына толмағандар арасында 3000-нан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды, оның ішінде түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүру – 137, түнгі уақытта ата-аналарынсыз және заңды өкілінсіз қыдырыстап жүрген 2639 дерек. Жасөспірімдерге темекі өнімдерінің сатылуы бойынша 25 жайт және алкогольдік өнімдерді сатудың 85 жайты тіркелді», – деді Алихан Алентаев.
Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты мектепке дейінгі мекемелер мен басқа да ұйымдардың жұмысы тоқтатылды. Қазір барлық оқушылар демалыста. Алайда, полицейлер күн сайын өз жұмыстарын жүргізуде. Мысалы, тәртіп сақшылары суда, өзендерде, көлдерде және су арналарында жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шараларды күшейтті.

Түркістан облысының полицейлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және ескерту жұмыстары өз жалғасын табатынын айтып өтті. Өз кезегінде тәртіп сақшылары ата-аналарға балаларына мұқият болуға шақырады. Себебі, балаларға қамқорлық жасау, жазғы демалысты ұйымдастыру – бұл тек полицияның ғана емес, біздің бүкіл қоғамымыздың міндеті екенін естен шығармайық.