Түркістан жері киелі орындарға толы. Экскурсовод таныстырады

2295

Түркістан – кие қонған мекен. Киелі орындар өте көп орналасқан өңір. Түркістан десе, көп адамның есіне Қожа Ахмет Ясауи кесенесі түсетіні белгілі. Ел санасында егіз ұғым саналады. Дегенмен бұл киелі мекенде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен басқа да қастерлі орындар көп-ақ. Оны бірі білсе, енді бірі білмейді. Ел тарихын тану – болашақ ұрпақ міндеті екендігін алға тартқан Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени қорық-музейінің мамандары «Түркістан өңіріндегі киелі орындар» атты онлайн лекция өткізді. Басқа да қастерлі орындар мен киелі мекендердің бірнешеуін музей экскурсоводы Әсем Орынбекова баяндады.

99 тарихи-мәдени ескерткіш есепке алынған

Әсем Орынбекова лекциясын Түркістан өңірі қаншама тарихи кезеңдер мен оқиғалардың куәсі болған қастерлі мекен екенінен бастады. Бабалар батасын, аналарымыздың аманатын арқалаған қасиетті жер екенін, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінде 99 тарихи-мәдени ескерткіш есепке алынғанын айтты.

– Бұл жерде ең алдымен ислам дінін таратушылардың бірі, сопылық ілімнің негізін қалаушы ғұлама, ақын Қожа Ахмет Ясауи жерленген. Әр халықтың тарихында ерекше қадірлі, қасиетті мекен болатыны белгілі. Бұл – ел тарихындағы қадау-қадау оқиғалардан өткен сол елдің ұлы перзенттері дүниеге келіп, олардың ерліктері мен ғажайыптарына куә болған мекендер. Ал біздің Түркістан өңірінде сондай жер жетерлік. Түркістан өңірі – көптеген діни ғұламаларымыздың, әулиилердің, хандар мен батырларымыз жерленген мекен. Қазіргі таңда Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени қорық музейінің құрамында Түркістан және Кентау қалаларына қарасты 12 ауылдық-округтің аумағындағы 99 тарихи-мәдени ескерткіш есепке алынған. Соның ішінде халықаралық маңызға ие 1 ескерткіш, республикалық маңызға ие 18 ескерткіш, жергілікті маңызға ие 7 ескерткіш бар. 73 ескерткіш алдын-ала есепке алу тізіміне енген. Аталған ескерткіштерді «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің Түркістан археологиялық отряды барлау кезінде анықтап, мәртебесін алуға ұсынған. Типологиялық ерекшеліктері бойынша Әзірет Сұлтан қорық музейінде – 28, ортағасырлық және 19, 20-ғасырдағы сәулет құрылыс ескерткіштері, 14 киелі обьектілер, 57 археологиялық ескерткіштер бар. Түркістан өңіріндегі киелі жерлерді сөз еткенде өлкеде айрықша орны бар төрелердің сұлтаны Қ. А. Ясауи бабамыздың өмірі мен кесенесінің тарихына тоқталмау мүмкін емес. Ахмет Ясауи 1101-1103 жылдары Түркістан облысы Сайрам қаласында дүниеге келген. Әкесі Ибрахим ата мұсылманша сауаты мол өз замананың білікті де білмді адамдарының бірі болған. Анасы Мұса Шейхтың қызы Айша анамыз ел арасында Қарашаш ана деп аталып кеткен. Бабамыздың алғашқы ұстазы, рухани тәрбиешісі әйгілі Арыстан баб болған. Аңыз әңгімлерде Арыстан баб 30 діннің негізін білген, бірақ ислам дініне мойын ұсынған Пайғамбарымыздың сахабаларының бірі болған делінеді. Сондай аңыздардың бірінде қасиетті Мұхаммед пайғамбарымыз өзінің сахабаларымен бірге құрма жемісін жеп отырған кезінде бір құрма үнемі ыдыстан түсіп кетеді екен. Сол кезде Пайғамбарымызға Алладан аян келеді. Бұл құрма сенен 400 жыл кейін дүниеге келетін бала Ахметке тиесілі деп. Сол уақытта Пайғамбарымыз сахабаларына қарап, бұл аманатты иесіне кім тапсырады деп сұраған екен. Сахабалардың арасынан Арыстан баб шығып, «Уа, Алланың елшісі бұл аманат үшін маған жаратушы иемізден 400 жыл өмір сұрап берсеңіз, бұл аманатты мен тапсырайын» деген екен. Алланың құдіретімен Арыстан баб 400 жыл өмір кешіп, 11-ғасырда жеті жасар бала Ахметтің өзі Арыстан бабқа келіп: «Ақсақал, менің аманатым қайда, аманатымды беріңізші» деп сұрайды екен. Осы айтып отырған Арыстан баб кесенесі Отырар ауданында орналасқан. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ұстазы Арыстан бабпен қауышуы бабамыздың бізге жеткен кең көлемді еңбегі Диуани Хихмет атты өлеңдер жинағының бірінші хихметтерінде сипатталған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Орта Азия мен Қазақстанда теңдесі жоқ сәулетті, тарихи туынды. Бабамыздың басына орнатылған көк тасты Әмір Темір 2 ғасыр өткеннен кейін арнайы Үндістаннан алдыртқан,-дейді Әсем Орынбекова.

Гауһар ана кесенесі

Түркістан қаласында орналасқан, әлемдік деңгейде маңызы бар кесене жайлы айтқан Әсем Орынбекова Түркістан өңіріндегі рухани маңызы бар Гауһар ана кесенесі мен Әлқожа ата кесенелерінің тарихына тоқталды.

– Тарихи деректер бойынша Гауһар анамыз ұлы ақын, ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің қызы болған. Гауһар ана кесенесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 4 шақырым қашықта орналасқан. 1989 жылдан бері Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің құрамына енгізілген. Тарихи деректерде Гауһар анамыз ақылына көркі сай, емшілік қасиетке ие ерекше жан болған деседі. Бұл жайында ел арасында көптеген аңыз-әңгімелер тараған. Сондықтан болар, Гауһар анамыздың кесенесінің маңында емдік қасиетке ие әртүрлі құдықтар көптеп кездеседі. Сол себепті де кесенеге келушілер өте көп. Зиярат етушілер алдымен Алладан шипа сұрап, одан кейін құдық суына шомылған екен. Кейбір аңыз әңгімелерге сүйенсек, дертіне шипа іздеп келушілер «құлан таза айығып кеткен» деп айтылады. Кесененің жоғарғы жағында су тамшылап тұратын үлкен құлпытас болған. Сол құлпытастан жиналған суды ішкен адам дертінен айыққан екен деседі. Кейін жаугершілік заманында кесене қирап қалып, сол құлпытастардың қайда қалғаны белгісіз болған. Ал Гауһар ана қай жылы дүниеге келіп, қай жылы қайтыс болғаны жайлы ақпрат та белгісіз. Түркістан өңіріндегі ерекше киелі орындардың бірі Әлқожа Ата кесенесін, яғни осы рухани маңызға ие киелі орындардың бірін көпшілік біле бермейді. Бұл кесене шамамен 12-15-ғасырларда салынған. Бұл Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстік шығысқа қарай орналасқан. Бұл кесене қабірхана, жамағатхана бөлмелерімен қатар, бастырмадан тұрады. Екі бөлмесі де күмбезбен көмкерілген. Ел аузындағы аңыз әңгімелерде Әлқожа атамыз Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың күйеубаласы, яғни Гауһар анамыздың жұбайы болған делінеді. Бүгінде кесене алдындағы бау-бақша ретке келтіріліп, абаттандырылу жұмыстары жасалған. Келешекте бұл кесене де туристерге арналған мәдени нысан болады деген жоспар бар,-деді экскурсовод.

Жүсіп ата кесенесі, Имам Марқозы қабірі

Онлайн-лекция барысында Әсем Орынбекова Түркістан өңіріндегі киелі орындар тізімін ары қарай Жүсіп ата, Имам Марқозы кесенелері жайлы қызықты деректермен жалғастырды.

– Ерекше маңызға ие кесененің бірі – Жүсіп ата кесенесі. Кесене Түркістан қаласынан 25 шақырым қашықтықтағы ескі Ихан ауылының орталығында орналасқан. Жүсіп ата кесенесінде бұрындары ешқандай археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Тек 2005 жылы зерттеулер жүргізіліп, кесененің іргесі 15-ғасырда қаланғаны анықталды. Бастапқыда кесенеде қабірхана мен жамағатхана бөлмелері ғана болған. Жамағатхана бөлмесінің күмбезі бізге түп нұсқа күйінде жетпеген. Тек қабірхана бөлмесінің күмбезі сақталған. Дегенмен Жүсіп ата кесенесінің өлшемдері толық сақталған. Құрылыстың жалпы ұзындығы – 14 метр. Биіктігі – 13 метр. 2008-2010 жылдары кесенеге толық қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Тарихи деректерге сүйенсек, Жүсіп ата Ахмет Ясауи бабамыздың замандасы, шәкірті болған деседі. Тіпті кейбір деректерде жиені болған деп те аталады. Осындай аңыз әңгімелерден басқа Жүсіп ата туралы тарихи деректер жоқтың қасы. Ал, Имам Марқозы кесенесі 19-ғасырда шикі кірпіштен салынған дәстүрлі, сәулетті құрылыстардың бірі. Бұл әулиенің кесенесі Түркістаннан 7 шақырым қашықтықта биік төбеде, ескі хорымда орналасқан. Бұл күмбезделген және мұнаралы құрылыс. Орталық Азия мен Қазақстанның Оңтүстік аймақтарына тән сәулетті шешіммен тұрғызылған. Тарихи ескерткіштің алғашқы келбеті бір жағына кейіннен қосылған шілдехана құрылысымен тоқтап қалған. Кесене мұнараларының ішінде шатырға шығатан айналмалы баспалдақ бар. Ескерткіштің кіреберіс есігінің қасында оң және сол жаққа өтетін дәліздер орналасқан. Оң дәліз арқылы айналмалы баспалдақпен көтеріліп, кесененің шатырына шығуға болады. Ал сол дәліз арқылы шілдехана бөлмесіне өтуге болады. Шілдехана бөлмесінің ортасында 1 метрге жуық темір тордан терезе орналасқан. Бұл терезе арқылы Имам Марқозының қабірін көре аласыз. Әулиенің шын есімі жөнінде халық арасында екі түрлі пікір қалыптасқан. Ел арасындағы аңыз әңгімелерде Имам Марқозы өз заманында Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың зікіршісі әрі замандасы болған делінеді. Ол емшілік қасиеті бар ерекше жан ретінде танылған. Аяғында кебіс үсінде көк тонын тастамайтын болғандықтан, халық арасында көк тонды әулие деп те аталып кеткен екен,-деді Әсем Орынбекова.

Үкаша ата мазары

Түркістанға бұрған туристердің жиі келетін киелі орындарының бірі Үкаша ата кесенесі. Спикер ерекше аңызы арқылы көпке белгілі қастерлі мекенді де таныстыруды ұмыт қалдырмады. Айтуынша Үкаша атаның мазарына келетіндердің қарасы қалың.

– Үкаша ата мазары Түркістан қаласынан шамамен 35 шақырым қашықтықта Бабайқорған ауылына жақын Қаратау етегінде орналасқан. Алғашында тек қабір орны ғана болған. Қазіргі мазарды 1989-1990 жылдары жергілікті халық тұрғызған екен. Мазар екі бөлмеден тұрады. Құрылыстың жалпы ұзындығы 23 метр шамасында. Аңыз әңгімелерде Үкаша ата Пайғамбарымыздың сахабаларының бірі, мұсылмандардың әскер қолбасшысы ретінде кездеседі. Сондай бір аңыз әңгімелердің бірінде Үкаша атамыз алып денелі, шапса қылыш кеспейтін, атса оқ өтпейтін батыр болған екен. Сол кездегі мұсылман дұшпандары Үкаша атаны өлтіруге тырысқанымен ниеттеріне жете алмайды. Батырдың осал тұсын таба алмай әбден әлек болған дұшпандары күндердің күнінде Үкаша атамыздың әйелі арқылы оның денесі тек намаз үстінде ғана қорғасындай балқитынын біліп, намаз оқып отырған кезінде батырдың басын шауып түсіреді екен. Әулиенің басын қорламақ болғанда басы екі қырдан асып, жер қақ жарылып соған түсіп кетеді деседі. Содан кейін сол жерден құдық пайда болған екен. Қазір Үкаша ата құдығының басына киіз үй тәріздес құрылыс орнатылған. Құдықтың тереңдігі 23-25 метр шамасында. Ел аузында құдық суы жер асты арқылы Меккедегі зәмзәм суымен байланысады деген түсінік бар. Бұл жерге де зиярат етіп келушілер өте көп. Құдыққа шелек салып, су алады. Бірақ су біреуге шықса, біреуге шықпайды. Халық арасында су шыққан адамдардың зияраты қабыл болады деген пікір де тараған. Шелекте су шыққандар қатты қуанып, керісінше су шықпағандар мұңайып қалып жатады. Киелі орындарға келушілер жаратқаннан жалынып тілек тілейді. Олардың ниеті Аллаға серік қосу емес. Сол жердегі әулиелер рухына құран бағыштап, сол арқылы зияраттарының қабыл болуын ниет етеді. Ал туристер де келіп, құрмет білдіріп, киелі жерлермен танысқаннан кейін таң қалысып жататындар да аз емес,-деді Әсем Орынбекова.

Түркістан қаласында киелі жерлер өте көп. Әсем Орынбекованың сөзінше, соларды тек зерттеу қажет екен. Айтуынша бұл ел арасында белгілері ғана. Ол халық білмейтін киелі мекендерді де біліп, тарихын тану болашақ ұрпақтың борышы екенін де тілге тиек етті.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №27, 1шілде 2020ж