Түркістанға жолақысы – 2,5 мың теңгеге шарықтады

200

Эпидемиологиялық жағдайдың төмендемеуі мен карантин режимінің ұзаруына байланысты автовокзалдар мен автобекеттер жұмысы уақытша тоқтатылды.

Енді тұрғындар қажеттілікпен өзге облыс, қала немесе аудандарға шығатын болса, такси қызметіне жүгінуге мәжбүр. Алайда жолаушылар такси қызметінің құны қымбаттап, қалтаға біраз салмақ салып отыр дейді.

Шымкентте қыз-қыз қайнап жататын «Самал» автовокзалы аумағы қаңырап қалған. Күту залдары карантинге жабылған. Қауіпті індеттің таралуына тосқауыл қою мақсатында автовокзалдар мен бекеттер жұмысын екі аптаға тоқтатыпты.

Нұржан Әбіш, «Самал» автовокзалының өкілі: «Бас санитар дәрігердің бұйрығына сәйкес «Самал» автовокзалы 5 -ші шілдеден бастап  жұмысын тоқтатты. Алматы, Балхаш, Тараз бағыттарында автобустар жүрмейді. Қала, ауданаралық байланыстар бойынша старекстер бағытқа шықпайды. Мүмкіндікті пайдаланып автовокзалда дезинфекция жасап жатырмыз».

Карантинге байланысты автовокзалдың төңірегінде таксишілер көбейіпті. Жолаушыларға қызметтерін ұсынып әлек. Аса қажеттілікпен сапарға шығатындар таксидің қызметіне жүгінуге мәжбүр. Алайда жолаушылар такси қызметінің құны қымбаттап, қалтаға біраз салмақ салғанын айтып шағымданды.
Ардақ Оразбекқызы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Түркістанға 2,5 мың теңге деп айтып кетті. Бауырым отбасымен қатты науқастанып жансақтау бөліміне түсіп қалыпты. Балалар қатты қиналып жатыр. Соларға кетіп барам. Дәрі – дәрмек апара жатырмын».

Онсыз да тапқаны дәрі-дәрмекке кетіп отырған кейбір жұртшылық осындай сәтте  жолақысын қымбаттатып, табыс тапқысы келетіндерге ренжіп отыр. «Басымызға ауыртпалық түскенде бір-бірімізге қолдау көрсеткенге не жетсін»,- дейді олар. Есесіне, әлеуметтік желілерде «Егер ақшадан қысылсаңыз, еш уайымдамай түсіп кете беріңіз. Алла разы болсын» деген мәтінмен өзбек тілінде тараған мына бір ақпарат пайдаға құныққан кейбір жүргізушілерге үлгі болады деген үмыт басым.

Шынар Оразова