«Бір телефонға шұқшиып қашықтықтан білім аламыз.» Шымкенттік көпбалалы ана Салтанат Боранбаева осылай дейді. Айтуынша, жағдайы нашар тұрғындарға онлайн оқу әжептеуір ауыр тиеді. Себебі, қажетті құрал-жабдықтарды сайлап алуды қалта көтермейді.
Салаға жауаптылар бұл қиындықты қалай еңсермек? Қолында не телефоны, не компьютері жоқ бала ертеңгі күні қалай білім алмақ?
Шымкент тұрғыны Салтанат Боранбаеваның 4 баласы мектеп жасында. Үйелмелі-сүйелмелі перзенттері төртінші тоқсанды бір телефонға үңіліп онлайн оқып шыққан. Бір мезетте басталатын сабақтарға балалар үлгермей, ақыр соңында үлгерімдерін де нашарлатып алыпты.
Бас-басына не телефон, тым болмаса бір компьютер алуға отбасының жағдайы жоқ. Байланысқа жарап тұрған жалғыз құралмен оқу жылын әрең аяқтаған кейіпкерлеріміз қыркүйекте басталатын оқу жылында қашықтан білім алудың қамын да жасай алмаймыз деп отыр.
Салтанат Боранбаева, көпбалалы ана: «Дайындық жоқ. Бұл жолы да бір телефонмен өткізетін түріміз бар. Әрқайсысына телефон, компьютер сатып алуға шамамыз жоқ».
Қалада онлайн оқуды қып-қызыл шығын көретін отбасы Боранбаевтар ғана емес. Құжат бойынша 42 мыңнан астам оқушы әлеуметтік осал топ өкілдерінен саналады. Осыны ескерген салаға жауаптылар мұқтаж отбасылардың балаларына мектептегі компьютерлерді таратып бермек. Қашықтан оқытылатын шәкірттер осылайша уақытша мектеп мүліктерін пайдалана тұрады.
Бұдан бөлек, тамыз айынан бастап әрқайсысына 30 мың теңгенің жәрдемақысы беріле бастайды. Биыл шәкірттерге бірыңғай киім үлгісі міндеттелмейді. Сондықтан басқарма басшысы ата-аналарды бұл қаражатты онлайн оқу жүйесіне қажетті құралдарға жұмсауға шақырады.
Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Ата-аналар қашықтықтан оқыту жүйесіне тыңғылықты дайындалса дейміз. Планшет, компьютер сатып алып, көмекті балалалардың білім алуына жұмсаса дұрыс болар еді. Осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз».
Қазір Шымкенттегі мектептердегі компьютерлер саны 11 мыңнан асып жығылады. Осыдан 4 жыл бұрын сатып алынған 3 жарым мыңнан астам құрал істен шығыпты. 200 мыңнан астам оқушысы бар мегаполис мектептеріне компьютер әлі де жеткіліксіз. Сондықтан да салаға жауаптылар оқушылардың ыстық тамағынан үнемделетін қаржыға осындай техникаларды сатып алуды ұсыныпты.
Сондай-ақ, жергілікті мектептерде кезекші сыныптар ашу да көзделіп отыр. Әзірге онда 1-2 сынып шәкірттерін оқыту жоспарлануда. Елдегі эпидемологиялық ақуалға қарай білім саласының өкілдері сатылай өзге де оқушыларды осы тәсілмен оқытпақ. Дегенмен, таңдау ата-анада. Баласының денсаулығына алаңдаса, індеттің беті қайтқанша қашықтан білім беру жүйесін місе тұтуына да болады.
Мақпал Рысбаева