Түркістан облысы полицейлері жүргізуші куәлігін алып беремін деп, алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады

Сайрам ауданында жұмыс істейтін Шымкент қаласының тұрғыны Сайрам АПБ-не арызданады. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, өзіне жақсы таныс емес азамат алдап, жүргізуші куәлігіңді жасап беремін деп әбден сендірген. Алаяққа сенген тұрғын оған 60 000 теңге ақшасын беріп, жер сипап қалған. Осылайша 4 айға жуық әне-міне жасатып жатырмын деген сөзінен күдіктенген жәбірленуші полицейлерден көмек сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық » бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.


Аудандық тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, тұрғынды арбауына түсірген алаяқты ұстауға қажетті барлық шаралар жасалды. Жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталып, ұсталды. Ол Шымкент қаласының жұмыссыз тұрғыны болып шықты. Өз кінәсін толық мойындады.


Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жас жігіт оңай жолмен ақша табу мақсатында жәбірленушіні арбауына түсіріп, алаяқтық жасаған. Қазіргі таңда күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.


Түркістан облысы полицейлері азаматтарға алаяқтардан барынша сақ болуды ескертеді. Кез келген ұсынысты қабыл алмай, толық тексеріп алыңыздар деп кеңес береді.