Бұл аптада елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 60 қылмыстық іс тіркелді. Төрт лауазымды қызметкер қылмысқа барды деп күдіктелуде.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысында энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысына мемлекет пен өз қалтасын шатастырып алған деген айып тағылып отыр. Ол жарылыстан зардап шеккен Арыстағы үйлерді жөндеуге бөлінген 50 млн. теңгені қалтасына басқан деген күдікке ілінді.

«Бармақ басты, көз қысты» әрекеттен Түркістан облысының да шенділері ада емес екен. Бұған дейін жемқорлыққа жол берді деген айыппен облыстың мәдениет басқармасының басшысы ұсталған еді. Ауызбастырық ретінде берілген 700 мың теңгені ол қызметкері арқылы алған. Енді оның екеуі де 7 жыл уақытын түрмеде өткізбек.

Түркістан облысындағы жылы креслода қызмет атқарып келген тағы бір шенеунікке сот үкімі шықты. Ол Келес ауданы Жамбыл ауылдық округінің бұрынғы әкімі. Экс-әкім «Нұрлы жер» бағдарламасын майшелпекке айналдырғаны үшін айыпты деп танылып, мемлекетке 12 млн. теңге төлейтін болды.

Назерке Үкібасова