«Азат» тұрғындарының жолдаған сәлемі жауаптыларға жетті

231

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің тапсырмасын орындамай отыр деп ашынған азаттықтардың жанайқайы ақыры жауаптыларға жетті.

Олармен кездесу үшін шағынауданға бұл жолы «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен аудан әкімінің өзі келді. Және қордаланған тақырыптарды халықтың өз аузынан тыңдады.

Шымкенттегі «Азат» шағынауданы тұрғындарының камера арқылы жолдаған сәлемі ақыры билік өкілдеріне жетті. Және елмен кездесуге бұл жолы жауаптылар тайлы-тұяғымен қалмай келген. Тұрғындар жанайқайын өз аузынан тыңдамақ болған оларға айтылған мәселе де аз болмады. Проблеманың алды жер жырынан басталып, кейін коммуналдық жүйе мен жол тақырыбына ойысты.


«Бұлардың тұрып жатқаны заңды емес. Қолдарына 2016 жылы қаулы берген. Сол кезде Қаратау ауданында комиссия құрылған. 10 адамнан. Сол 10 адамның комиссиясына кімдер құрылды? Солар ай қарап отыр ма? Бұларға қаулы шығарып бергенше?».


Еске салайық, «Азат» шағынауданы тұрғындарының қордаланған мәселесін бірер күн бұрын арнамызда көтерген болатынбыз. Аудан әкіміне өкпесі қара қазандай болған халық тіпті камера арқылы шенеунікке сәлем де жолдаған болатын.

Мұндағы тұрғындар 2006 жылдан бастап бос жатқан жерге өз беттерімен үй салуға кіріскен. Осыдан кейін ғана құжат жасауды қолға алған. Енді міне араға 15 жылға жуық уақыт салып, созбаққа салынған құжат мәселесін әкімдік шешсін дейді. Себебі, талай жылдан кейін үйлері салынған жердің иелері пайда болыпты.


Абзал Әліқұлов, Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі: «Құжаттардың барлығын алдым. Бұрынғы егелерінің құжаттарын да жер басқармасынан алдырдым. Өйткені бір жердің атында 9 үй түскен. Біреуінде 4 үй түскен, біреуінде 5 үй түскен. Госактысы қолымда бар. Оны архивтен алдырдым. Сөйтіп қазір ақылдасып жатырмын. Заңдастырып беру жолын іздеп жатырмын».


Баспанасынан айырылуға шақ тұрған азаттықтар мәселесін шешуге «Нұр Отан» партиясы өкілдері де келді. Ел мұңын тыңдаған олар күрмеуі түйінделген тақырыпты шешуге уәде берген жоқ. Бірақ, ол үшін қолдан келгенді жасаймыз деп жұбатты.


Бахадыр Нарымбетов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары: «Ешқандай өтірік уәде бермейміз. Біз осы әр сәрсенбі күні келеміз. Бір айдың ішінде нақты айту керекпіз. 4 рет осы жерде комиссия өткеннен кейін біз айтамыз. Сіздің мәселеңіз шешіледі. Мына сіздікі шешілмейді. Сотқа беріңіз деп. Сотқа беріңіз деп шетке қалдырмаймыз. Сотқа құжат дайындауға да біз көмектесеміз. Бірақ, соттың қандай шешім қабылдауына ешкім араласа алмайды».

Енді, «Азат» шағынауданына жер құжаттарын заңдастыру үшін сәрсенбі сайын жер басқармасының өкілдері келетін болды. Және осы жылдың соңына дейін мұнда ауыз су, көгілдір отын мен жарық мәселесі шешілмек.

 Назерке Үкібасова