«Әзірет Сұлтан» музейі жәдігерлеріне шолу

232

15 тамыз – Археологтар күні өтті. Кәсіби мереке қарсаңында «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейі арнайы онлайн-экскурсия ұйымдастырып, музейдің археология бөліміндегі құнды жәдігерлерді таныстырды. Музейдің қор сақтаушысы Әшіркүл Мырзабекқызы тарихтан сыр шертетін бұйымдар туралы айтып берді.

Қор сақтаушы Әшіркүл Мырзабекқызы алғашқы археологиялық қазба жұмыстары сонау Кеңес дәуірінен басталғанын, музей қызметкерлерінің еселі еңбегін баяндады.

–1978 жылы музей ашылғаннан кейін музей қызметкерлері, соның ішінде зерттеу бөлімінің қызметкерлері Түркістан экспедициясымен бірігіп, арнайы топ құрады. Топтың негізгі мақсаты – Түркістан өңіріндегі белгілі қала орындары мен қоныстарды тауып, даталарын нақтылап, сызбаларын түсіру. 1996 жылы «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық музейі Әлкей Марғұлан атындағы зерттеу институтымен бірлесіп, Түркістан өңіріндегі бірнеше қала қорымдары мен қоныстарында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 100-ге жуық тарихи ескерткіштер, 60-қа жуық қала орындары табылып, музейіміз сол замандағы халықтың тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын насихаттайтын құнды жәдігерлерге толықты. Сол кездегі Яссы, Күлтөбе, Ескі Түркістан сияқты көптеген үлкен қала орындарынан табылған жәдігерлер қазір музейіміздің төрінде тұр. Осылайша музей қоры Түркістан тарихының барлық кезеңдерінен сыр шертетін экспонаттармен толыға бастады. Соған дейін алғашқы археологиялық жәдігерлер адамдардың тапсыруымен жиналды. Әуесқой, мұғалім-археологтардың жинаған азғана жәдігерлерімен ашылған. Мұғалімдердің өткізген заттарының ішінде керамикалық, этнографиялық заттар болды. Қалған жәдігердің барлығы – қала орындарынан қазба жұмыстары арқылы табылған заттар. Енді музей қорында 25 мыңға жуық экспонат болса, соның 5181-і осы археологиялық жәдігерлерден тұрады. Олар негізгі және көмекші қор болып екі топқа бөлінеді. Негізгі қорға жәдігерлердің сақталу жолына, сапалылығына және хронологиялық жағынан жоғарылығына, сонымен қатар сирек кездесетін жәдігерлер болуына байланысты негізгі қорға алынады. Ал сапалылығы төмендеу тұратын, бірнеше бірегей заттар яғни қайталанылатын заттарды көмекші қорға аламыз. Қор сақтау ережесінің ғылыми тәртіптері бойынша арнайы санаттап, жіктейміз. Мысалы, керамикалық заттардан жасалған қыш топтары, металлдан жасалған металл топтары, тас топтары, фарфор топтары, шыны топтары, аралас материал топтары сияқты топтарға бөлеміз. Археологиялық бөлімдегі осы топтардың ішіндегі ең көбі – қазба қыштан жасалған бұйымдар. Сонау неолит дәуірінен бастап соңғы ғасырларға дейін ешқашан өзінің өзектілігін жоғалтпаған. Сондықтан болар керамикалық заттар бізде баршылық,-дейді Әшіркүл Мырзабекқызы.

Әшіркүл Мырзабекқызы музей қорының археологиялық тобындағы жәдігерлердің ең көнесі қай дәуірге жататынын да айтып берді.

– Қазақстан тарихындағы барлық кезеңді Түркістан қаласы маңынан табылған заттар қамтиды. Сол заттардың барлығы қорымызда бар. Түркістан өңірінде Қаратау етегіндегі Шоқтас 1, Шоқтас 2, Қосқорған тұрақтарынан табылған еңбек құралдары – қорымыздың құнды экспонаттарының бірі. Олардың жалпы саны 200-ден асады. Бұдан бөлек қола дәуіріне қатысты жәдігерлеріміз де бар. 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық торқалы тойы қарсаңында көптеген қалалар мен қоныстарды зерттеу жұмыстары жүрді. Түркістан қаласынан 5км жерде төбе аршылып, сол төбеден қола дәуіріне қатысты құнды дүниелер табылды. Бұл ғылымда лайықты бағасын алған. Шербай мәдениеті деген атпен белгілі. 40-тан астам керамикалық қыш бұйымдары табылса, металл тобын құрайтын әйелдер әшекей бұйымдары, қолға және өңірге тағатын әшекейлермен қатар тастан өріп жасалған әдемі моншақтар да бар. Бұл заттар да Шербай мәдениетіндегі біздің дәуірімізге дейінгі 14-15 ғасырларды қамтиды. Түркістан қаласына жақын маңдағы Шпан деп аталатын қорымнан табылған да құнды дүниелер көп. Бұл да қола дәуірінен біздің дәуірімізге дейінгі 12 және 15-ғасырды қамтиды. Бізде қола дәуіріне қатысты алтыннан жасалған салпаншақ әшекейлер де табылған. Сақ, Сармат дәуіріндегі Үйсін керамикалық заттар да бізде жеткілікті. Түркілер дәуіріндегі жәдігерлер де баршылық. Міне осылайша бүкіл тарих сахнасындағы барлық кезеңдегі заттар біздің қорымызда сақталғанын мақтанышпен айта аламыз,-дейді Әшіркүл Мырзабекқызы.

Музей қорында алтын бұйымдардың бар екенін білеміз. Әшіркүл Мырзабекқызы бұл жәдігерлер нақты қай дәуірге тиесілі екенін, сақталу жолдары мен ерекшеліктерін де айтып берді.
– Алтын қай кезеңде болмасын адам баласына тек байлықты ғана паш етіп қоймай, өзіндік мәдениетін де білдіреді. Сондай-ақ күш-қуатын да айғақтайды. Ел аумағындағы Сақ қорымдарынан табылған жауынгер киімдерінен бөлек, бас киімдеріндегі композициялық құрылымдардың барлығы әшекейден жасалған. Жақсы сақталған алтын сырғаларымыз бар. Басқа өңірлерде кездесе бермейтін құлақ әшекейлері де бар. Алтыннан құйылып, 250 мг-нан 35 грамға дейінгі салмақтағы бұйымдар да бар. Ертеде «зиянды күштер адам денесіндегі қуыстар, яғни ауыз, құлақ, мұрын қуыстары арқылы ішке еніп кетеді» деген сенім болған. Сол кездегі сырғалар құлақтың айналасын түгел қамтып тұрады. Бұдан бөлек, өте жақсы сақталған 4 алтын сырға бар. Соның ішінде сұрақ белгісіндегі сырға Сауран қақпасынан табылған. Мұндай сұрақ белгісіндегі сырға 12-13 ғасырларды қамтиды. Дәл осы сұрақ белгісіндегі сырға Қазақстанның басқа өңірлерінен көп табылмаған. Тек қана Түркіменстан елінде кездескен. Осы үлгідегі сырғалардың қоладан жасалған түрі Отырар төбедегі қазба жұмыстары барысында табылған. Бір сырға 1997 жылы кесенедегі қазандық бөлмесінде археологиялық қазба жұмыстары барысында табылды. Сол қазба жұмыстарын алғаш жүргізушілердің бірі Марат ағамыз болды. Сол кезде ұмытпасам, 50-қорымнан әйел адамның мүрдесі ашылып, 8 қырлы маржан тас ілінген алтын сырға табылды. Бұл да Түркістанның 1500 жылдық торқалы тойы қарсаңына тамаша тарту болып саналды. Бізде Шауғар Шойтөбеден табылған алтын сырғалар да бар. 13-14 ғасырларға келеді. Барлық сырғалардың пішіндері шамалы ғана өзгешеліктер болмаса, сұрақ белгісіне ұқсайды. Барлығына ақ маржан тас ілінген. Бұл маржан тас кезінде өте бағалы тас болып есептелгендіктен, сырғаларға жүзіктерге қойылған,-дейді қор сақтаушысы.

Қазба жұмыстары барысында Сидақ атадан құнды жәдігерлер көп табылыпты.

–Сидақ атадан табылған құнды дүниелердің бірі – геммалар. Бұлар халцедон тастан жасалған. Біздің заманымызға дейінгі 4-5 ғасырларда кездеседі. Бұл – өте айрықша құнды жәдігердің бірі деп есептеледі. Соның бетіне түрлі жануарлар мен жәндіктердің бейнесі түсірілген. Біздің Сидақ ата қазбасынан табылған гемманың бетінде бұтақ тістеп тұрған құстың бедері бейнеленсе, екіншісінде белгісіз бір таутеке сияқты жануарға мініп тұрған адам бейнесі салынған. Ерте кезде көсемдер құланның, жылқының, арыстанның бейнесі бар бейнелерді пайдаланған. Мұның бір себебі «көз тимесін, бәле-жаладан сақтасын» деген ырыммен де қолданған болуы мүмкін, өйткені ортасында шамалы тесігі бар. Бойтұмар ретінде мойынға тақса, кейбіреулер жүзікке орнатқан. Осы Сидақ атадан табылған тағы бір ерекше жәдігердің бірі көзешінің үш бөліктен тұратын құралы. Бұл құралдың 2005 жылы үлкен таба тәрізді бөлігі табылған. 2007 жылы қалған екі бөлігі табылды. Үшеуі біріккенде бір құрамды көзешінің құралы болып есептеледі. «Қор сақтау бөліміндегі негізгі ерекше заттар» деп осыларды айтсақ болады. Әрине, әр жәдігердің тарихы бар. Бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Мұның барлығы археологтарымыздың маңдай терімен табылып, тарихтан сыр шертіп келеді. Әлі де толығарына сеніміміз мол,-дейді Әшіркүл Мырзабекқызы.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №34, 20 тамыз 2020 ж