Газетіміздің өткен санында күйеуі қыз туғаны үшін ұрып-соғатын әйел хикаясын жарияладық. Тақырып өте өзекті екенін тағдырлас аналардың хабарласуынан түсіндік. Соның бірі — Анар Давлетова.
«Қыз туғаныма кінәлімін». Бұл 5 қызбен далада қалған Анар Давлетованың жанайқайы. Айтуынша, оны 9-сыныпта алып қашқан. Содан алып қашқан күйеуімен 17 жыл бір шаңырақ астында өмір сүреді. Бесінші қызын туғанда күйеуіне керек болмай қалыпты. Не жоғары білімі, не мамандығы жоқ Анар құндақтаулы сәбиі мен кәмелет жасына толмаған 4 баласын жетектеп, далада қалды. Қазір қыздарымен дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Дағдарыс орталығынан шығар мерзімі де жақындады. Оқу жылы таяп қалды. Күз артынан қаһарлы қыс келеді. Қайда барарын, не істерін білмейді.
– Мен Өзбекстанда туып-өстім. Жолдасым Қазығұрт ауданы, Тұрбат елдімекенінде тұрған. Нағашылары Өзбекстанда бізбен көрші тұратын. Нағашыларына қонаққа келгенде мені бір-екі рет көргені болмаса, таныс емес едік. 2003 жылы 9 сыныпты бітіргенімде достарының үгіттеуімен мені алып қашты. Енді 17 жасқа толған едім. Ал күйеуім Нұржан менен 5 жас үлкен болатын,- деп бастады әңгімесін Анар.
Содан Анар Қазақстан азаматтығын алады. Кейін 2012 жылы Шымкентке қоныс аударады. Ақтас тұрғын алабынан жер алып, үй салады. Сол кезде олардың 2005, 2008 және 2011 жылы туған үш қызы бар. 2017 жылы Раяна есімді тағы бір қызы дүниеге келеді.
– Әупірімдеп жүріп, үйді бітіріп кірдік. «Үй іші қуанышқа толады» деп ойладым. Бірақ, керісінше болды. Күйеуім ауызы бір сәт арақтан босамады. Басқа әйелдерге баруды әдетке айналдырды. Үйге қонбайтыны былай тұрсын, мені ұратын. Сондағы айтатыны: «Ұл тумадың!». Қыз туғанымды бетіме басып, таяққа жығады. Бір күні басымды көсеумен ұрып жарды. Есімді жисам, ауруханада жатырмын. Қайынатам «учасковыйға» арыз жазып, ұлын бір тәулікке қаматып жіберіпті. Бұл Нұржанға сабақ болмады. Керісінше мені «ұрып-соғуын» үдете түсті. Нұржаннан таяқ жегенім аздай, ағалары да ортаға от тастайтын. Оны маған қарсы «айдап» салып отырды,-дейді Анар.
Отбасындағы жанжалдың кесірінен Анар төртінші перзентін де, бесіншісін де мерзімінен ерте босанған. Барлық баласын кесір тілігі арқылы дүниеге әкелген оған енді құрсақ көтеруге болмайды. Соны білсек керек, күйеуі мен туған-туыстары Анарды қыздарымен қоса үйден қуып шығыпты.
–Төртінші қызымызды босанғанымда «ажырасамын» деп сотқа жүгінді. Мен қарсы келмедім. Шынымды айтсам, күнделікті жанжалдан, ұрып-соғудан әбден шаршаған едім. Сондықтан да некені бұзуға келістім. Алайда, соттың шешімі шыққанша қайта татуластық. Бірақ, қуанышым көпке созылмады. Бесінші рет құрсақ көтеріп, оның да қыз екені белгілі болғанда жолдасым қайтадан мені таяққа жықты. Ақыр соңында үйден қуып шықты,-дейді Анар.
Анар мен қыздары үйден қуылып, «Көмек» дағдарыс орталығын паналағанына 7 айдан асты. Әбден қиналыпты. Балалары да қайта-қайта ауырып ауруханаға түскен. Қазір кішкентайы – 5 айлық. Әкесінің тегінде. Біреуі – балабақша жасында. Қалған үш қызы мектеп жасынды. Әке махаббаты мен ата-әжесінің мейіріміне бөленіп, үйінде ойнап жүретін балалар қазір дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр.
– Мен оқымағанмын. Көп нәрседен хабарым жоқ. Бар білерім, жер сатып алып, үйді бірге көтердік. Сол үйдің кірпішін Нұржан екеуміз құйдық. Қабырғасын да бірге қаластым. Қыздардың жөргекпұлын жұмсап, зорға бітіріп кірген үйіміз еді. Сол үлкен үйден бізге бір бөлме де бұйырмады. Нұржан бірінші рет ажырасуға өтініш бермей тұрып, үйді жеңгесінің атына жазып қойыпты. Мұны ажырасу кезінде білдім. Алайда татуласқан соң бұған мән бермедім. Түбінде ажырасып тындық. 2020 жылы қаңтарда қыздарымның әкесі тағы да сотқа жүгінді. Жүктіліктің 5-ші айында едім. Сол жолы некеміз бұзылды. Ол мені және қыздарын үйден қуып шықты. Далада қалдым. Қатты күйзелдім. Бесінші қызымды жүктіліктің 6-шы айында шала туып қойдым. «Перзентін көрсе жүрегі жұмсарып, қайта қосылармыз» деген үмітпен Нұржанға хабарластым. Олар мені де балаларды да көргісі келмейді. Екінші рет шаңырақ көтергенін айтып, менің «қайта қосыламыз» деген үмітімді біржола үзді. Енді қайтемін? 5 қызбен қалай өмір сүремін? Оларды қалай аяққа тұрғызамын? Онлайн білім алуы үшін бір телефон алып бере алмағанымда, басқа қажетін қалай жасаймын,-деп, санасындағы сан сауалға жауап таппай, көз жасына ерік берді.
Жастық шағы тек қиындықта өтіп, өмірден әбден теперіш көрген ол қыздарының да өз тағдырын қайталағанын қаламайды. Мектеп оқып, жоғары білім алып, маман болғанын армандайды.
Біз Анардың бұрынғы күйеуі Нұржанды да, енесі мен қайынатасын да тыңдадық. Барлығы бірдей Анарды кінәлады.
– Балам оған саусағының да ұшын тигізбеді. Ұл тумағанын бетіне басқан бір де бір жан жоқ. Енді өзі бақсын. Бар жауапкершілік өзінде. Біз оны қуған жоқпыз. Өзі кетті. Енді олардың бізге қатысы жоқ,- деген 80 жастағы енесі бар кінәні Анардың мойнына асып қойды.
Қыздардың әкесі Нұржан:
– Алимент төлеп отырмын. Айына 25 мың теңге ұстайды, жалақымнан. Болды соған разы болсын. Басқа берерім жоқ. Өзі де біледі. Бұл үй менің атымда емес. Оны бөліп бере алмаймын. Ата-анам, өзім жеңгемнің үйінде «квартирант» болып отырмыз, — дейді.
Дағдарыс орталығының тәртібіне сай, мұнда тек 6 ай жатуға рұқсат етіледі. Қиын жағдайға тап болғандарды 1 жыл жатқызуы мүмкін. Осы аралықта мекеме ұжымы жапа шеккендерді өмірге қайта бейімдеп, аяққа тұрып кетуіне жағдай жасайды.
Жаны жомарт, көңілі кең жандарды көмек қолын созуға шақырады. Анар мен қыздары сияқты баратын жері басатын тауы жоқ жандарға көмек керек.
Қадірлі оқырман, бес қызымен барар жер, басар тауы қалмаған Анар анаға көмек беріп, қол ұшын созғыңыз келсе, редакциямызға хабарласыңыз.
Тел: 8 707 853 54 17, мекенжайымыз: Шымкент қаласы, Н. Төреқұлов көш, 15 үй «Отырар TV» телеарнасының ғимараты, «Оңтүстік Рабат» газетінің редакциясы
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат». №31, 30 шілде 2020 ж