Шымкентте пандемияның екінші толқынына дайындық ақпараттық сарында өрбиді. Қазір қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістері мен қоғамдық көліктерге коронавирустан қорғанудың жолдары түсіндірілген жапсырмалар ілінуде.
Халықты сақтыққа шақыратын іс-шараларға жергілікті билік өкілдері мен еріктілер атсалысып жатыр.
Жергілікті әкімдік өкілдері мен еріктілер әр аумаққа бөлініп, көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне жапсырмалар іліп жатыр. Онда КОВИД-тен сақтану жолдары көрсетілген. Белсенді топ тұрғындармен де кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Маскасыз жүрген азаматтарға ескерту жасап, сақтық шараларына шақырды. Халықтың ең көп шоғырланатын орны — аулалардағы дүкендер. Сатушылар тұрғындардың арақашықтығын бақылап, клиеттердің бетперде киюін қадағалайды.
Әділбек ИЗМУХАНОВ, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының заңгері: «Шымкентте 2 мыңнан аса көпқабатты тұрғын үйлердің алдына жапсырмалар ілінуде. Оған еріктілер де жұмылдырылып отыр. Қала көшелеріне баннерлер де ілінген».
Мұндай парақшалар қоғамдық көліктерге де жапсырылған. Халық көптеп жиналатын автобустарда да санитарлық ережелерді сақтау аса маңызды. «Ауырып жол іздегенше ауырмайтын жол ізде». Індетпен күресудің карантин құрсауынан шығудың жолы осы. Пандемияның екінші толқынына дайындықта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына басымдық беріліп отыр.
Мақпал Рысбаева