Түркістан облысы полицейлері көлігінде көкнар түптері бар жүргізушіні қолға түсіріп, есірткі егістігін жойды. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Келес ауданының полиция қызметкерлері жолдардың бірінен Сарыағаш қаласы тұрғынының «Лада» маркалы автокөлігін тоқтатты.
Жедел уәкілдер автокөлікті тінту кезінде жолаушылар орындығының астынан өзіне тән хош иісі бар 37 түп есірткі өсімдіктерін тауып, тәркіледі. Жүргізілген сараптамаға сәйкес, алынған түптер жалпы салмағы 60 гр болатын «кептірілген көкнәр» түптері болып шықты.
Бұл оқиға «Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен сату мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері ер адамның құрамында есірткі заты бар түптерді қандай мақсатпен сақтап, өз көлігінде тасымалдағанының себебін анықтауда.
Ал, Сарыағаш ауданының тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынның үйінен табылған кезекті есірткі егістігін жойды. Сарыағаш қаласының тұрғыны өз ауласында қарасораға ұқсас құрамында есірткі заты бар өсімдік түптерін заңсыз өсірген. Жедел-іздестіру қызметкерлері күдіктіден 2 түп қарасораны алып, сараптамаға жіберді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған түптер жалпы салмағы 5 кг-нан асатын қарасора екені анықталды. Күдіктіге қатысты «Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру»бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Мақпал Рысбаева