Шымкентте Конституцияның 25 жылдық мерекесі қарсаңында көпқабатты баспана пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған кешен 80 пәтерлі. Су жаңа нысанның салтанатты ашылуына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.

Айтуынша, аталған бағдарлама шеңберінде шаһарда биыл 104 үй пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін, 6 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлайды.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Қалада құрылыс қарқын алып келеді. Баспанаға деген сұраныс та зор. Қолжетімді баспаналардың көлемін әлі де арттыру керек. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз».

Мұндағы пәтерлерді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы «7-20-25» бағдарламасымен сатып алуға болады. Айта кетейік, өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен 300 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілген болатын.

Мақпал Рысбаева