Шымкенттегі ең беделді мейрамханалардың бірінде орын алған атысқа қатыстылар іздестірілуде. Әзірге оқиғаның неден шыққаны толықтай айтылмады. Белгілісі бір дастарханда отырған жетеудің бірі көз жұмса, бірі ауыр жағдайда жан сақтау бөлімінде жатыр. Оқиғаға қатысты қалған бесеу ұсталды ма? Полицейлер не дейді?

Шымкенттегі «Гранд-прага» мейрамханасында күні кеше кешкі уақытта атыс орын алды. Полиция қызметкерлері мейрамхананы толықтай қоршауға алып, ішке артық адам баласын кіргізбеді. Пагондағылар күдіктілерді ұстау үшін қала бойынша көліктерге тексеру жүргізді.

Мейрамханада атылған оқтың дауысынан айналасындағы үйдегілердің үрейі ұшқан. «Қорыққанымыздан кішкентай балаларымызды сыртқа шығармай, үйде ұстап отырдық» дейді олар.

Оқиға орнында бір азамат көз жұмған. Ал,біреуі ауыр хәлде ауруханаға түсіп, бірден ота жасалды. Дәрігерлер оның денесінен екі оқты алып үлгеріпті. Үшіншісін алу үшін тағы бір ота жасалуы керек.

Нұржан Естемесов,  №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері орынбасарының міндетін атқарушы: “Толық диагнозы оң жақ және сол жақ өкпе қуысының ашық жарақаты, Пневмоторакс, құрсақ қуысының жабық жарақаты. 12 елі ішектің және тоқ ішектің зақымдануы. Екі балтырынан оқ жарақатымен келіп түсті. Анализдерін алғаннан кейін бірден ота жасалынды. Қазір жағдайы ауыр, тұрақты”.

Атысқа қатысты әлеуметтік желіде желдей ескен ақпаратқа сүйенсек, күдіктінің бірі қылмыс әлемінің серкесі деп «Дики Арман» лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиевке қатысы бар. Арман соңғы уақытта шетелде жүрсе де жерлестеріне дәрі-дәрмек жөнелтіп, қайырымдылық жасап келеді.

Олардың бірге түскен суреттері әлеуметтік желіде жүктелген. Шымкент қалалық Полиция департаментінің айтуынша, көз жұмған ер жігіт пен оқ атты деген күдікті бір-бірімен жақсы араласқан. Бұл оқиғаға қатысты полицейлер өзге де нақты ақпаратты бере алмай отыр.

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы:
“Қазір тергеу амалдары жүріп жатқан кезде, былай деп айтуға болмайды. Тергеу амалдары тергеумен дәләлденеді кімнің атқанын. Тіпті мен сіздерге айтайын қайтыс болған жігіт пен атқан деген күдікті жан-жолдас. Енді қазір тергеу жүргізуіміз керек. Аталған жәйт бойынша ҚР ҚК 99-бабы “Адам өлтіру” және ҚР ҚК 287-бабы “Атыс қаруын заңсыз сақтау, алып жүру және тасымалдау”. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде”.

Белгілісі, мейрамханада бір дастархан басында отырған 7 адамның, бесеуіне бірден іздеу жарияланған. Ұсталғандары бар. Бірақ, қаланың бас полицейі құрықталғандардың нақты санын айта алмады. Оқиға бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.

Нұрлан Сұлтанбек